Жанармайдың бағасын нарық реттей ме?

Жанармайдың бағасын нарық реттей ме?

Жанармайдың бағасын нарық реттей ме?
ашық дереккөзі
205
Қазақстан отандық жанар-жағармай нарығын қорғау шараларын іске асыруға дайын. Биылғы жылдың алғашқы айынан бастап еліміздің мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) АИ-80 маркалы бензиннің өндірісін тоқтатуға тиіс еді. Алайда МӨЗ-дің жаңғыртудан өтіп үлгермеуіне байланысты жағдай бұлай болмады. АИ-80 маркалы бензиннің тапшылығына дейін Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов «Мұнай зауыттары жаңғыртудан өткеннен кейін мотор майларының сапасы К-4 және К-5 стандарттары негізінде өндіріледі. Өкінішке қарай, АИ-80 маркалы бензин бұл жоспарға кірмейді. Қазіргі таңда АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі тоқтатылды. Бұл бензиннің белгілі бір бөлігі ғана Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша өндіріліп жатыр», – деген. Департамент директоры жанар-жағармай құю станцияларында АИ-80 маркалы бензин болмайтынын бүкпесіз баяндап: «Қазіргі таңда біз АИ-80 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасын мемлекеттік реттеуден алып тастау механизмін қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта аталған бензиннің бағасын нарық реттейді. Бұдан былай АИ-80 маркалы бензиннің белгілі бір бөлігі сырттан экспортталуы мүмкін», – деп мәлімдеген. Осыдан бір жыл бұрынғы әңгімені таяуда үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңғыртты. Ол мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың депутаттық сауалына жауап беріп, мәселенің мән-жайын тәптіштеп түсіндірді. «Қазіргі уақытта отандық МӨЗ-ді жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын. Бұл жұмыс бензиннің октандық көрсеткіштерін ұлғайту бойынша ірі тонналы технологиялық қондырғыларды пайдалануға беруді (изомерлеу, каталитикалық риформинг, олигомеризация), сондай-ақ, жоғары октанды бензин компоненттерінің сапалы сипаттамаларын ескере отырып, МӨЗ-дің технологиялық схемаларын өзгертуді көздейді», – деді Бақытжан Сағынтаев. Үкімет басшысы мәжілісменге берген жауабында АИ-80 маркалы бензин еліміздің күштік құрылымдары үшін «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-ның арнайы тапсырысы бойынша ғана өндірілетінін нақтылады. «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС үкіметтің 2014 жылғы 12 желтоқсандағы № 1304 қаулысына сәйкес, Қазақстанның қарулы күштеріне мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бір­ыңғай оператор болып бекітілген. АИ-80 маркалы бензинмен ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында үкімет оны импорттау мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда АИ-80 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы мемлекеттік реттеуге жататынын және литрі 89 теңгеден аспайтынын айтқымыз келеді», – деді Бақытжан Сағынтаев. Естеріңізге салайық, өткен айда депутат Айқын Қоңыров АИ-80 маркалы бензинін жаппай өндіруді тоқтату мезгілсіз жүргізілгенін айтып, ел азаматтары мен кәсіпорындардың мүддесін қорғау үшін үкімет нақты шара қабылдауға тиіс екенін алға тартты. «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында К2 және К3 экологиялық санаттағы отынды өндіруге және импорттауға тыйым салынған. Бұл техрегламент АИ-80 (К4 және К5) бензинін өндіруге және импорттауға тыйым салмайды, алайда жанар-жағармай бекеттерінде АИ-80 бензині жоқ», – деген еді депутат. Ол халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы АИ-80 маркалы бензинмен жұмыс істейтін ЗИЛ, ГАЗ, УАЗ, ЗАЗ, ЕРАЗ, ИЖ сынды көлік құралдарын пайдаланатынын айтып, ІІМ мәліметін келтірді. Онда АИ-80 маркалы бензинін пайдаланатын көлік құралдарының жалпы саны 484 мың 692 бірлікті құрайтыны көрсетілді. «АИ-80 маркалы бензинді еркін сатып алу мүмкіндігі болмаса, жоғарыда аталған автокөлік иелері АИ-92 бензинін тұтынуға мәжбүр болады. Ал бұл жоғары октанды бензинге сай отын жүйесі мен көлік құралдарының агрегаттарын қайта жабдықтауды қажет етеді. Салдарынан кәсіпорындар мен азаматтардың бюджеттік жағдайына нұқсан келеді», – деп мәлімдеген халық қалаулысы. Энергетика министрлігінің АИ-80 маркалы бензиннің бағасын нарық реттеуіне беру туралы таяудағы ұсынысы жоғарыдағы әңгіменің тұздығы болды. Министрлік АИ-80 маркалы бензин арзан бағамен сатылып жатқанына назар аудартып, сұйық отынның дәл осы түрінің бағасын мемлекеттік реттеуден алып тастау мезгіл мәселесі екенін мәлімдеді. Осыған қатысты түсіндірме хатта министрлік АИ-80 маркалы бензиннің 1 литрі – 89, АИ-92 – 161 теңгеден сатылып жатқанын, баға айырмасы 72 теңгені құрайтынын атап өтті. Министрліктегілер нарықтың кейбір жосықсыз ойыншылары АИ-80 мен АИ-92-ні араластырып, оны жоғары октанды бензин деп сататынын да жасырмады. Біз министрліктің түсіндірме хатынан ел нарығында АИ-80 маркалы бензиннің тапшылығын болғызбау үшін оның құнын мемлекеттік реттеуден алып тастап, нарықтың реттеуіне беру қажет екенін ұқтық. Бұл түптің түбінде АИ-80 маркалы бензиннің бағасы қымбаттауы мүмкін деген сөз. Айтпақшы, бізге сұйық отынның қымбаттауынан қорқудың қажеті жоқ сияқты. Себебі энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәжілісте өткен Үкімет сағаттарының бірінде әлем бойынша салыстырғанда Қазақстанда бензин арзан екенін мәлімдеген. «Салыстыру үшін 167 елдегі мұнай өнімдерінің бағасы бойынша жасалатын халықаралық «Глобал Петрол Прайсес» агенттігінің рейтингін ұсынуға рұқсат етіңіздер. Бұл рейтингті халықаралық агенттік ай сайын жасайды. Елімізде мұнай өнімдері қымбат екені жиі айтылады. Бензин бағасы бойынша Қазақстан рейтингтің соңынан есептегенде 12-орында, дизель отыны бойынша 14-орында тұр. Яғни әлемнің 167 елінің 11-де ғана бензин біздегіден арзан. Олардың арасында Венесуэла, Иран, Кувейт, Түркіменстан бар. Дизель отынының бағасы 13 мемлекетте ғана төмен, олардың арасында Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан, Түркіменстан бар», – деген-ді Қанат Бозымбаев. Әлем елдерімен салыстырғанда арзан болғанмен, Қазақстан бензин бағасы тез өсетін мемлекеттердің көшін бастап тұр. Мысалы, елімізде АИ-95 маркалы бензин бір жылда 20 пайызға қымбаттаған. «Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Нақтырақ айтқанда, Павлодар және Атырау зауыттарында жаңғырту шаралары жүргізілді. Сәйкесінше, олар жоғары сапалы әрі жоғары октанды отынды көбірек өндіре бастады, яғни АИ-92, АИ -95 бензинінің көлемі артты. Тамыз және қыркүйекте Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылған бөлігін іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда Қазақстанда бензин өндіру көлемі тағы да артады», – деді Қ.Бозымбаев. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздегі АИ-92 бензинінің жинақталған қоры 350 мың тоннаға жетті. Бұл өз кезегінде нарықтағы қажеттіліктен 1,5 есеге артық. «АИ-92 маркалы бензиннің импортына үш айға шектеу енгіземіз деп қарастырып отырмыз», – деді ведомство басшысы. Осы орайда бұл шектеу ел аумағында бензиннің бағасына әсер етпейтінін атап өтті. «Себебі бізде бензиннің профициті байқалып тұр. Егер де біз экспортты ашу бойынша шараларды қабылдамасақ, сондай-ақ, өзіміздің нарығымызды қорғамасақ, онда елдегі зауыттар өнімнің шектен тыс артық болуынан тоқтап қалуы мүмкін», – деді министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қанат Бозымбаев Қазақстанға сырттан бензин импорттаудың қажеті жоқ екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол Қазақстан Орталық Азия елдеріне бензин экспортын ашатынын мәлім етті.

Серіктес жаңалықтары