251
Каспийді көруге құмарлар көп
Каспийді көруге құмарлар көп
Туристердің сүйікті жерлерінің бірі – Каспий жағасындағы демалыс орындары. Тек соңғы бір айдың ішінде мұнда 30 мың саяхатшы келген. Қарт Каспийдің жағалауына саяхаттаушыларды көптеп тарту үшін Ақтауда бұрын болмаған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Теңіз жағасындағы жартастарды жағалай 1 жарым шақырым жерге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Мұндағы үңгірлер де абаттандырылып, табиғи мұражайға айналған. Ал жұртшылық Каспийдің мөлдір суына шомылып, жұмсақ құмына аунауы үшін бірнеше шақырым жағажай абаттандырылып, осы жазда пайдалануға берілген. Теңіз жағалауында құрылыс қызу жүруде. Он шақты техника мен жүзге жуық жұмысшы жартастағы ойлы-қырлы жерлерді тегістеп, ретке келтіруде. Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін темірден мыңнан астам баспалдақ салынуда. – Мұнда техниканы алып келу қиын болғандықтан, құрылыс жұмыстарының 90 пайызы қолмен жасалуда. Ағаш полимерлі композит материалын қолданамыз. Бұл – осы өңірдің табиғатына, ауа райына төзімді материал. 20 жылға дейін жарамды. Сүрлеу жолды салу кезінде жартастың табиғилығы сақталады. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін сүрлеудің екі жағы қоршалып, әр 30 метр сайын бейнебақылау орнатылады», – дейді жоба авторы Марат Сюников. Сүрлеу жолдың бойында 24 шолу алаңы, балық аулайтын жерлер, суға түсу орындары мен шағын су көліктері тұрақтайтын аялдамалар салынбақ.
Инвесторлардың қаржысына салынып жатқан жобаның алғашқы кезеңі алдағы айда қолданысқа беріледі. Халықтың күндіз-түні демалуы үшін барлық жартас жарықтандырылады. Екі шақырым жерден көрінетін түрлі-түсті шамдар қойылып, түнгі қала ажарлана түспек. Жоба аясында жартастағы үңгірлерді де абаттандырып, табиғи мұражайға айналдыру көзделіп отыр. Мұндағы ең үлкен үңгірдің ұзындығы – 70, ені – 60 метр. Қабырғада күні-түні Маңғыстаудың тарихы туралы деректі фильмдер көрсетілмек. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілетін өлке тарихы саяхаттаушылардың қызығушылығын тудырары анық. Қаланың солтүстігіндегі жағалау да абаттандырылуда. Жоба бойынша дәл Каспийдің жағасында амфитеатр салынып жатыр. Биіктігі – 8, ені – 70 метр болатын дала сахнасында түрлі концерттер мен мерекелік кештер өткізілмек. Киіз үй, орындықтар қойылып, спорттық және ойын алаңдарын салу да жоспарланған. Көне тарихтан сыр шертетін композициялар мен мүсіндер қойылады. Құны 1 млрд 24 миллион теңге болатын жоба алдағы тамыз айында ел игілігіне беріледі.