507
ФРАНЦУЗДАР ҚЫЗЫҚҚАН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
ФРАНЦУЗДАР ҚЫЗЫҚҚАН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанры шет тілдерінде жарық көрмек. Аударма және кітапты насихаттау жұмысымен Еуропаның үздік баспалары айналысады. Мұндай келісімге қазақстандық делегаттар Франция, Англия және Испанияға жасаған сапары барысында қол жеткізді. Қазақ авторларының туындылары енді француз тілінде жарық көреді. 2 томға біріктірілген повесть, әңгіме және қара өлеңдер жинағы Париж, Лион, Ницца сынды қалалардың басты кітапханаларына қойылып, 220 миллион адамның назарына ұсынылады.
Париж мәдениет қауымдастығының президенті Карла Оригони: «Біз сіздердің талантты әртістеріңізді, әнші, бишілеріңізді білеміз. Ал қазақ әдебиетінен мүлдем хабарымыз жоқ. Міне, осы жобадан соң ұлы даланың ақындарымен де танысатын болдық. Сіздердің елдеріңізді танып-білуге деген құштарлығымыз жоғары»,– деп ағынан жарылды. Француз тілінен бөлек, қазақ әдебиетінің мұралары ағылшын, орыс, испан, араб, қытай тілдеріне аударылып, Ұлыбритания мен Испанияда басып шығарылады. Шетелдік мамандарға автордың стилін сақтай отырып, халқымыздың рухын әдемі және көркем сөздермен жеткізуге талап қойылып отыр.