357
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы дамымақ
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы дамымақ
Шымкентте Kazakh Invest басқарма төрағасының орынбасары Б. Қанешевтің, «Оңтүстік» АЭА басшылығының, Investment Consulting Associates, World Free Zones Organization өкілдерінің, сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген делегациялардың қатысуымен «Ерекше экономикалық аймақтардың әлемдік тәжірибесі» атты конференция өтті.
Конференция барысында шетелдік серіктестер мен қонақтар АЭА резиденттерінің ерекше шарттарымен, сәтті іске асырылған жобалармен, алдағы жоспарлармен және даму тәжірибесімен танысты.
«Бүгінгі өткізіліп жатқан шара «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясының, АЭА резиденттерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ әлеуетті отандық және шетелдік инвесторлардың тікелей келіссөздер жүргізуіне арналған алаң, бұл өз кезегінде еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіруді жалғастыруға мүмкіндік береді», - деді Б. Қанешев.
Шара барысында тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары және арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарды дамытудың тиімді жолдары талқыланды. Сондай-ақ, форум аясында АЭА дамыту туралы заң жобасын және проблемалық мәселелерді талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді, онда оң халықаралық тәжірибені ескере отырып, АЭА басқару компанияларының өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Бұл шара сараптамалық ұйымдар, мемлекеттік органдар, АЭА және ИА басқару органдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа және іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға арналған диалогтық алаң болмақ. Еске сала кетейік, өңірлердің қарқынды дамуын жандандыру, технологиялар, инвестициялар тарту, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру мақсатында Мемлекет Басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасында 11 арнайы экономикалық аймақ құрылды.
Өңірлерді кластерлік дамыту мақсатында АЭА түрлі салалық бағыттарға ие. Мәселен, «Оңтүстік» АЭА тоқыма өндірісі мен химияға, мұнай химиясына, «ИТП» АЭА ақпараттық технологияларға, «Павлодар» АЭА химия мен мұнай химиясына, «Сарыарқа» АЭА металлургия мен ауыр машина жасауға мамандандырылған.