Еркін Оңғарбаев: Дінбасылардың Астанаға келуі – абырой

Еркін Оңғарбаев: Дінбасылардың Астанаға келуі – абырой

Еркін Оңғарбаев: Дінбасылардың Астанаға келуі – абырой
ашық дереккөзі
357
Астана қаласында 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтіп келеді. Осы күзде  алтыншы мәрте ұйымдастырылғалы отырған алқалы жиынның басты тақырыбы «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлемді қолдайды» деп аталады. Ауқымды шара жөнінде Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев «Түркістан» газетіне егжей-тегжейлі айтып берді. – Еркін Әнуарұлы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті басқосуы қарсаңында бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайында не айтасыз? Сондай-ақ, VI съезден қандай нәтиже күтуге болады? – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының биылғы съезі 10-11 қазан күндері әдеттегідей елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Басқосудың жұмысына 84 делегация қатысады деп жоспарлануда. VI съезге қатысушылардың тізімінде жылдағыдан бөлек, жаңадан қатысатын жиырмадан астам діни, әлеуметтік және саяси қайраткер бар. Жалпы, бұл жиын Ислам, Христиан, Буддизм, Иудаизм, Синтоизм, Даосизм, Индуизм және басқа да бірқатар діндер мен түрлі халықаралық ұйымдардың басшыларын біріктіреді. Бұл отырыс жаһандық діни конфессиялардың өзара қарым-қатынасының бірегей алаңына айналуы тиіс. Оның аясында экстремизм идеологиясының қанат жаю қаупі, діни қарама-қайшылықтарды бейбіт түрде талқылау жүзеге асады. Біз діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық татулық пен байланысты насихаттаймыз. Съездің негізгі міндеттеріне тоқталсам, жеккөрушілік пен экстремизм идеологиясына қарсы төзімділік пен діндердің бір-біріне құрмет мәдениетін дамыту, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілетуге бағытталған барлық халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ынтымақтастық және өзара әрекеттесу болып табылады. – Биылғы алқалы басқосудың тақырыбы да өзекті екен. Дәл бүгін діни қауіпсіздік күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе ғой. Бұдан өзге қандай түйткілге басымдық берілмекші? – Кезекті конгресс «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлемді қолдайды» тақырыбымен бірлестіктер мен мемлекеттерді соғыссыз және зорлық-зомбылықсыз барлық адамдар үшін қауіпсіз әлем құру жолында нақты шешім қабылдауға шақырады. Бұл ауқымды шараға белсенді көмек көрсетіп отырған Әлеуметтік даму министрлігі екенін атап өткенім абзал. Олар Бейбітшілік және келісім сарайын дайындаудан бастап, Конгрестің салтанатты ашылуы, өз залдарын қажетті құжаттармен, тиісті экспонаттармен және артефактілермен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатыр. Атап айтқанда, түрлі діни бірлестіктердің қасиетті кітаптарының көрмесі және өзге де жәдігерлер қойылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (намаз кілемшелері, құмыралар, имамдардың киімі, ежелгі Құран), буддист және еврей қауымдастығынан, сондай-ақ, еліміздегі дипломатиялық ведомство­лардан арнайы экспонаттар алатын боламыз. Панельдік сессиялар бағдарламаларын жүргізу, олардың модераторлары мен спикерлері бойынша тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Конгрестің пленарлық отырысы үлкен маңызға ие. Оның аясында Елбасының діни қызметкерлерді марапаттау рәсімі жоспарланған. Сондай-ақ, пленарлық және секциялық кездесу орындарында діни атрибуттары бар арнайы ғибадат орындары дайындалады. Еліміздің Астанасына діни әлем басшыларын шақыру бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогтың жаһандық үдерісін дамытуда дәуірлік маңызға ие. Сондықтан Қазақ­стан ғаламшарымызда қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін діни лидерлерден де, әлемдік саясаткерлерден де, халықаралық ұйымдардан да осы форумға белсенді түрде қатысып, қолдау көрсетуін сұрайды. – Басқосу әлем елдерінің тұтастығына, діндер арасындағы ынтымақтастыққа, конфессиялар жетекшілерінің келісімдеріне қаншалықты үлес қосады деп ойлайсыз? – Қазіргі таңда елімізде 100-ден астам этникалық топ пен 18 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр.  Отанымыздың толеранттық қоғамды қалыптастырудағы тәжірибесі әлемнің көптеген елдеріне үлгі. Біздің мемлекетіміздегі бейбітшілік пен татулыққа дүниежүзі мемлекеттері қызығушылық танытып, тәжірибемізді жүзеге асыруға асыққандарына куә болғанбыз. Ал сауалыңызға келсем, соңғы өткен бес съезд барысына назар аударсақ жеткілікті. Оларда маңызды құжаттар қабылдануымен бірге, форумның институттық құрылымының жетілдірілуі қатар жүзеге асты. І съезд декларациясының маңызы өте жоғары, себебі бұл басты құжат әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара тоғысу нүктелерін анықтап, ортақ құндылықты айқындады. Онда «Діни нанымдар мен уағыздардың түрлілігі өзара күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Діндер төзімділік пен өзара түсіністікті барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынтымақтастыққа ұмтылулары керек» деп көрсетілген. ІІ съездің декларациясында көпшілікке «дінаралық және мәдениетаралық қатынастардағы қиындықтар халықаралық саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік, гуманитарлық және ақпараттық ортадағы елеулі теңгерімсіздіктен, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдаланудан туындап отыр» деген пікір айтылды. ІІІ Съезд құжаты барлық діндердің қазіргі қоғам дамуы мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-әрекет жасауда атқаратын рөліне қатысты маңызды мәселелерді қамтыды. Ал ІV съездің үндеуінде әлеуметтік даму, адамгершілік, иман, тәрбие және білім беру мәселелері бойынша бірқатар өзекті бағыттар сөз болса, соңғы V съезд декларациясында аса маңызды заманауи саяси мәселелер қаралды. Биылғы басқосудың секциялық отырыстарында мынадай тақырыптар талқыға салынбақ: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде, «Дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар», «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында». Съездің күн тәртібінің бұрынғыдан да өткір, кешенді әрі өзектене түсуі орын алып отырған халықаралық қайшылықты қарым-қатынастың жақсы ахуалға бет бұруына оң әсер етеді деген сенім мол. – Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан  Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары