348
ВЕНЕСУЭЛАҒА КРИПТОВАЛЮТА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?
ВЕНЕСУЭЛАҒА КРИПТОВАЛЮТА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?
Жыл соңына дейін Венесуэладағы инфляция деңгейі 1 миллион пайызды құрамақ. Халықаралық валюта қоры дәл осындай болжам жасады. Оңтүстік Америка елінің қазіргі жағдайы 1923 жылғы Германиядағы дағдарыс пен 2000 жылдардағы Африканың Зимбабве Республикасының экономикалық тоқырауына ұқсас. Мамандар Венесуэланың жалпы ішкі өнімі 2019 жылы 18 пайызға төмендеп, экономикалық өсімнің 5 пайызға шегерілетінін есептеп шығарды. Ресми дерек бойынша соңғы 2 жыл ішінде 1 жарым миллионнан аса адам елден босып кеткен. Осы жағдайды реттеу үшін жыл басында арнайы Петро деген криптовалюта қолданысқа енген еді. Бір күннің ішінде 735 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда әкелген бұл жүйенің қазіргі жай-күйі белгісіз. Есесіне әлемде күн санап цифрлы ақшаның құны қымбаттауда. Екі айдан бері алғаш рет криптовалютаның курсы 7 мың 500 доллардан асып жығылды. Бүгінде биткоин 8 мың долларды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай күрт өсімге бірнеше жағдай әсер еткен. Оның бір себебі биткоинға қатысты толыққанды «И-Ти-Эфтің» жүзеге асырылуы және жапон үкіметінің цифрлы нарықты тұрақтандыруға қатысты жаңа ұстанымы. Ресми деректерге сәйкес, криптовалюта нарығының капиталы 288 миллиард долларды құрайды.