648
Отандық өрт сөндіру техникасы жасалды
Отандық өрт сөндіру техникасы жасалды
«Қазақстанда жасалған» деп мақтанышпен көрсететін өнімдердің қатары жаңа техникамен толықты. «Семей Инжиниринг» кәсіпорны брондалған өрт сөндіру техникасын жасап шығарды.
Отандық конструкторлардың айтуынша, мұндай құрал әлемнің ешбір елінде жоқ. Шынжыр табанды техника әсіресе тілсіз жаудың тереңге дендеп алған шағында таптырмайтын көмекші. Қалың орманның ішінде, доңғалақты көлік бара алмайтын жерлерде жаңа техниканың артықшылықтары көп.
Көлік бір жылға жуық уақыт ішінде құрастырылған. Т-72 танкісі негізінде жасалған ауыр техниканың багына 20 тоннаға жуық су толтыруға болады. Алып машинаны 2 адам басқарады және қызыл жалынмен кабинадан шықпай-ақ бейнебақылау арқылы күресуге мүмкіндік жасалған. Судың атқылау қашықтығы 65 метрге дейін жетеді. Тағы бір инновациялық жоба – әскери техникаларға кез келген жерде кешенді қызмет көрсете алатын, қажет болса сүйретіп әкете алатын әмбебап машина.
«Бұл - қазақстандық машина. Біз оны өзіміз ойлап таптық. Қарулы күштерде бұл техникаларға сұраныс үлкен. Жаңа өнімді сынақтан өткізу кезінде Қорғаныс министрлігі өкілдері келіп көріп кетті. Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы да біздегі жүріп жатқан модернизациялау үдерісіне жоғары баға беріп отыр», – дейді «Семей Инжиниринг» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Рамиль Баязитов. Қолдан іс келсе, мемлекет төл өнімді қолдаудан тартынған емес.