Алаштың мақтанышы - Алматының метросы

Алаштың мақтанышы - Алматының метросы

Алаштың мақтанышы - Алматының метросы
ашық дереккөзі
2196
Алматы метросының алғашқы шөміш топырағы 1988 жылдың 7 қыркүйегінде қазылды. Содан бері  30 жыл өтті. Бүгінде метроның 9 бекеті жұмыс істейді және тағы жаңа төрт бекет салынуда. Қазақстандағы бірден˗бір метрополитен құрылысының тым ұзаққа созылуына 1991 жылы  КСРО˗ның ыдырауы, шаруашылық және экономикалық байланыстардың тоқырап қалуы басты себеп еді. Сондай-ақ, Алматы  метрополитенінің құрылысын жүргізуде құрылысшылар талай қиындықтарға тап болған. Ең басты қиындық Алматының сусымалы және құм аралас топырағы. Бұл жағдай кей бекеттерде тәулігіне 3 метр ғана қазуға мүмкіндік жасады. Әлемде мұндай топырақ түрлерімен осыған дейін тек австриялықтар ғана жұмыс істеген көрінеді. Еліміз егемендігін алған уақыттан бастап нарықтың қиын-қыстау кезеңіне, экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан метрополитен құрылысы тоқтаған жоқ. Өйткені 30 жыл бұрын басталған  құрылысты тоқтатса, оны қайта жаңғыртуға бірнеше есе көп қаражат кетері сөзсіз. Қалыптасқан жағдайдың бірден-бір дұрыс шешімі де осы болды. Оның дұрыстығын уақыт көрсетті, нарық заманында жекеменшіктің пайда болуы, қалада автокөліктің көбеюі, кептелістің, экологиялық жағдайдың нашарлауы, халықтың мегаполиске көптеп тартылуы Алматының басқаша өзгеруін талап етті. Қала тұрғындарын көп күттірген метрополитеннің бірінші желісі 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылды. Оған жалпы ұзындығы 8,56 шақырымды құрайтын жеті бекет: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы драма театры» және «Алатау» кірген. Нысан Қазақстандағы алғашқы, Орталық Азияда екінші (Ташкент метрополитенінен кейін) және ТМД-дағы 16-шы метрополитен саналады. Әр аялдаманы безендiруде ұлттық өрнек, оюларға басымдық берiлген. Сондай-ақ, қазақтың тарихи болмысынан сыр шертетiн композициялық суреттер жерасты жолын әрлендiріп тұр. Мәселен, «Абай» бекетiнде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының тұлғасы бейнеленген. Платформаның көркемдiк панносы қоладан жасалып, Абайдың өлеңдерi мен қара сөздерi тасқа қашалып жазылған. Ал «Байқоңыр» бекетінің дизайны Байқоңыр ғарыш алаңы стилінде жасалған. Жоғары технология стилінде салынған бұл бекетте адам өзін ғарыш кемесі ішінде жүргендей сезінеді. 2015 жылы «Сайран» және «Мәскеу» бекеттері ашылды. Соңғы екі бекет іске қосылғаннан кейін жолаушылар ағыны екі есе өсіп, тәулігіне 40-45 мың адамға дейін жетті. 2011 жылы Мәскеу үкіметі мен Қазақстан елшілігінің келісімі бойынша, бекеттер атауларын өзара алмасу туралы шешім қабылданған болатын. Мәскеудің Братеево ауданындағы метро бекеті «Алма-Атинская» деп аталады. «Мәскеу» бекетінің қабырғалары қызыл түспен боялып, едендері түрлі мрамордан жасалған. Қазір Алматы метросының бірінші линиясында 9 бекет бар. «Райымбек батыр» бастапқы бекеті Фурманов көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында орналасқан. Соңғы бекет – «Мәскеу» бекеті Абай даңғылымен бойлай Өтеген батыр – Алтынсарин көшелерінің қиылысында. «Жібек жолы» (Гоголь –  Панфилов көшелері); «Алмалы» (Қарасай батыр –  Панфилов), «Абай» (Фурманов – Абай); «Байқоңыр» (Абай – Байтұрсынұлы), «Әуезов атындағы драма театры» (Абай – Мұқанов), «Алатау» (Абай –  Гагарин), «Сайран» (Абай – Тілендиев), «Мәскеу» (Абай –  Алтынсарин). Метрополитен құрылысының негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын жетілдіру, жолаушылар тасымалының көлемін көбейту, көлік байланысын ұлғайту, ілеспе инфрақұрылымды дамыту, қаланың экологиясын жақсарту. Жалпы, Алматы метрополитенін дамыту 3 іске қосу кешенінен және «Западный» бекетіне дейін созудан тұрады. Бірінші – Алатау бекетінен Мәскеу бекетіне дейін (пайдалануға енгізілген); Екінші – Мәскеу бекетінен Достық бекетіне дейін (салынып жатыр); Үшінші – Достық бекетінен Қалқаман бекетіне дейін (құрылыс жұмыстарына дайындық жүріп жатыр); Созу – «Западный» бекетіне дейін. Қазір екінші іске қосу кешенінің құрылысы қызу жүруде. Кешен Абай даңғылының астында, Алтынсарин даңғылынан Ясауи көшесіне дейін батыс бағытта орналасқан. Аралық тоннельдерден және екі бекеттен тұрады: «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері. Құрылыс ұзындығы – 3,08 шақырым. «Сарыарқа» бекеті «Фэмили» паркінің қасында орналасқан, бекет қаладағы адам саны көп №3, 4, 5, 6, 7, 8, 12 ықшам аудандарын қамтиды. Екі жерасты вестибюлі және кіреберістері бар «Достық» бекеті болашақта созылатын Абай даңғылының бойымен Момышұлы көшесінің батысына қарай көлік өтетін жолдың астында орналасқан. Жетісу, Жетісу˗2, Жетісу˗4, Мамыр, Мамыр˗5, Мамыр˗7 ықшам аудандарын қамтиды. Екінші іске қосу кешенін пайдалануға енгізгеннен кейін жолаушылар ағыны тәулігіне 85 мың адамға жетеді. Бұл метрополитенде жолаушылар тасымалының едәуір өсуін қамтамасыз етеді және күрделі жағдайдағы Абай даңғылындағы көліктер санын азайтуға мүмкіндік туғызады. Болашақта жер асты жолы «Қалқаман» және «Западный» стансаларына дейін жалғанады. «Достық» – «Қалқаман» бекеттері 2021 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. «Қалқаман» Абай даңғылының бойымен,  Ясауи көшесінен Қалқаман ықшам ауданындағы Әуезов көшесіне дейінгі батыс бағытта орналасқан. Аралық тоннельдерден және «Қалқаман» бекетінен тұрады. «Западный» бекеті Райымбек даңғылы мен Әшімов көшесінің солтүстік қиылысында орналасады. Соңғы екі бекет қаланың оңтүстік батысы мен солтүстігін жалғамақ. Яғни, алматылықтар мегаполистің бір басынан екінші басына небәрі 20 минутта жетеді деген сөз. Ал тәуліктік жолаушылар ағыны 100 мыңға дейін жетеді деп болжануда.

Серіктес жаңалықтары