259
«Самұрық-Қазына» 428 млрд теңге операциялық табыс тапты
«Самұрық-Қазына» 428 млрд теңге операциялық табыс тапты
«Самұрық-Қазына» 2018 жылдың 6 айында 428 млрд теңге операциялық табыс тапты. Бұл туралы бүгін Үкіметтегі брифингте Қордың экономика және қаржы жөніндегі тең Басқарушы директоры Ернар Жанәділ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қордың негізгі қызметінен түскен кірістер 3,3 трлн теңгені құрады. Операциялық пайда - 428 млрд, өсім 43,1%, жылдық жоспар 78% орындалды», - деп Ернар Жанәділ Ұлттық әл-ауқат қорының 2018 жылдың бірінші жарты жылдығы жұмысының қорытындысына орай.
Қордың топ-менеджерінің айтуынша, «Самұрық-Қазына» көрсеткіштерінің өсуіне бірден әлденеше фактор ықпал етті. Бұл - мұнай өңдеудің 13%, электр энергиясын өндірудің 28%, теміржол жүк айналымы көлемінің 9% өсуі, сондай-ақ көмірсутек бағасының оң динамикасы.
Бұдан басқа, қор қаржылық тұрақтылығын нығайту мақсатында бірқатар шаралар атқарды. «Самұрық-Қазына» басшылығының мәліметтері бойынша, сыртқы берешек 900 млн. долларға қысқартылды, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 1,6 млрд доллар көлеміндегі халықаралық облигацияларды өтеді, «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд теңгеге жуық қарызды мерзімінен бұрын өтеуді қамтамасыз етті.
Бұдан бөлек, Қор 117 млрд теңге сомаға тоқтау салынған депозиттерді мерзімінен бұрын шығара алғандығы белгілі болды. Сонымен қатар басқа бір екінші деңгейлі банкте 220 млрд теңге мөлшерінде тоқтау салынған депозиттерді мерзімінен бұрын шығару күтілуде.