737
Мектеп формасын ата-аналардың өздері таңдайды
Мектеп формасын ата-аналардың өздері таңдайды
Астананың Білім басқармасының өкілдері мектеп формасын сатып алуды мәжбүрлеген жағдайлар болса ведомствоға шағымдану қажеттігін айтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.
Елордалық Білім басқармасының өкілдері оқушылардың киім стандарты қандай болатынын айтты. Ведомство мәліметінше, мектеп формасының үлгісі классикалық стильде, түсі - қоңыр-көк болуы керек.
"Ер балалар киетін мектеп формасына: пиджак, желетке, шалбар, ақ түсті салтанатты жейде, күнделікті ақ жейде, (қыс мезгілінде: трикотажды жилет, ақ водолазка). Ер балаларға арналған шалбардың тігісі кең және ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұрады. Ең аз дегенде ұсынылғаны: жейде, желетке мен шалбар.
Қыз балаға арналған мектеп формасына кіретіндер: пиджак, желетке, белдемше, шалбар, классикалық ақ кофта, сарафан (қыс мезгілінде: трикотаж желетке, ақ водолазка). Қыздарға арналған шалбар кең тігілген, ал ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұрады. Белдемшенің ұзындығы кеңсеге арналған, тізеден 5 см жоғары болмауы керек", - деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Сондай-ақ, басқармадағылар мектеп формасына діни және түрлі конфессияларға тән үлгілерді енгізуге болмайтынын айтып өтті.
"Мектеп формасында орта білім беру ұйымын ерекшелеп тұратын белгілер болады (эмблема, жапсырма т.б.). Олар киімнің жоғары жағына орналасады немесе аксессуарлар (пиджак, желетке). Эмблеманың эскизін мектептен немесе мектептің сайтынан алуға болады. Мектеп формасына тозбайтын, антибактерияға қарсы, антимикробқа қарсы, антистатикалық қасиетке ие жартылай жүн және мақта матасы қолданылады. Яғни, құрамында киім мыжылып кетпесі үшін 75-85 пайыз табиғи матасы бар (мақта, жүн және басқасы) және 15-25 пайыз синтетикалық қоспа қосылған", - дейді ведомстводағылар.
"Қазір дүкендерде таңдау өте көп. Әрине мектеп формасын кез келген жерден аулға болады және ешкім шектемейді. Бастысы, түсі мен стилі бірдей болуы қажет", - делінген білім басқармасының хабарламасында.
Мектеп формасын тек бір тауар өндірушіден сатып алуға мәжбүрлеген жағдайда дереу Білім басқармасына мына телефон нөмірлер бойынша 55-68-53, 55-68-83, 55-68-73 хабарласу қажет немесе 109 нөміріне.