854
Базардың сәні мен сауданың мәні
Базардың сәні мен сауданың мәні
Қазақстандықтар маусым айында дүкендер мен базарларда 857,8 миллиард теңгеге сауда жасаған. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 5 пайызға, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға көп. 2018 жылдың 2 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 67 пайызға өсті. Сәйкесінше, зейнеткерлердің ай сайынғы үкіметтен алатын зейнетақысы да көбейді. Бұл жаңалықты елден бұрын естіген саудагерлер тауар бағасын көтеріп те үлгерген. Тіпті, бір бөтелке қара судың құны бес теңгеге артып отыр.
АҚШ долларының тұрақсыздығын алға тартатындар бұл ретте жақ аша алмайды. Өйткені безбеннің екі басындай бірде жоғары, бірде төмен түсетін доллар арзандаса, біздің базардағы саудагер тауарынан бір тиын да шегеруге құлықсыз. Ендеше, зейнетақы мөлшері сәл өссе болды, базардың бағаны шарықтатып әкетуінің себебі неде?
Қазақстан Республикасының «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мөлшері ең төмен зейнетақы 33 мың 745 теңгені, ал базалық зейнетақы 15 мың 274 теңгені құраған болатын. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгерді. Енді еңбек еткен жылдары мен жасы бойынша зейнетақы көлемі 8 пайызға артады. Қысқасы, мемлекет тарапынан зейнеткерлеріміз еленіп жатыр. Бірақ зейнетақы мөлшері өскен сайын, сұранысқа ие азық-түлік өнімдері қымбаттайтынын көз көріп жүр. «Ranking.kz» сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, көтерме нарықтағы баға мамыр айымен салыстырғанда 0,2 пайызға, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9 пайызға артқан. Бір ғана Алматы мен Астана қалаларында 355,6 миллиард теңгеге сауда жасалыпты.
Жұрт шыдамсыздана тосқан зейнетақы көбейген күннен көп өтпей-ақ Алматының «Көк базарына» беттедік. Алғашқы іздегеніміз ала дорбасын арқалаған тұтынушы еді. Өзін Ақтолқын деп таныстырған, алпыстан жаңа асқан зейнеткерді сөзге тарттық. Көмектескен болып азық-түлігін көтерісіп, біршама жан сырына қанық болдық. Айтуынша, «дүкенде қымбат деп базарға келеміз, бірақ мұндағылар да зейнетақы мөлшері артқан сайын бағаны өсіре береді» деп мұңайған. Кейуананың олай дейтініндей-ақ бар. Мамыр соңында 100 теңге болған картоп бағасы бұл базарда 20 теңгеге қымбаттаған. Осы секілді сәбіз бен сарымсақ бағасына да үстеме қосылып отыр. Зейнеткер күнделікті қолданатын азық-түлік өнімдерін ғана алу үшін ай сайын 30-40 мың теңге жұмсайтынын айтады. Оның сыртында ет пен сүт өнімдері және бар дейді. Статистикаға сүйенсек, 2018 жылдың шілде айында өсімдік және ауыл шаруашылығы өнімдері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,7 пайызға қымбаттаған. Ал мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы 0,5 пайызға өсті. Жыл басынан бері қарабидай – 4,5 пайызға, жүгері – 2,9 пайызға, күріш – 1,2 пайызға, арпа – 0,8 пайызға, бидай – 0,6 пайызға, сұлы – 0,3 пайызға, ал қарақұмық бағасы – 2,4 пайызға өсті. Халық күнделікті тұтынатын картоп – 7,2%, пияз – 4,5%, сәбіз – 3,5%, қырыққабат – 1,3%, қызылша – 0,7 пайызға қымбаттап отыр. Азық-түлік бағасы тұрақтанбаса, зейнетақы мөлшерінің артқаны қара халықтың жағдайын жақсарта қоймайды дейді зейнеткер. Тұтынушыға тауар бағасы неғұрлым арзан болғаны тиімді болса, саудагерге керісінше. Жамшид есімді өзбек азаматының Қазақстанға келіп сауда жасап жүргеніне 10 жылдан асыпты. Оның айтуынша, бағаның тұрақтылығы саудагерлердің қолында емес, өндірушілер мен бізге жеткізушілер қосымша үстеме қосқандықтан халық қалтасын жұқартады дейді. Базарда бұл мәселенің тағы бір елеусіз ұшына кезіктік. Кейбір саудагер мен тіл қатысып көріп едік, «алсаң ал, алмасаң қой» дегендей болды. Кейін бағамдап қарасақ, азық-түлік өнімдері базар сөресінде көп іркіліп тұрмайды екен. Әсіресе, Алматы секілді үлкен мегаполисте тұтынушы көп, сұраныс тұрақты. Тауардың онсыз да өтетінін білетін саудагердің көкірек керетіні содан болып шықты. Ал киім-кешек дүңгіршектеріндегі жағдай мүлдем басқаша. Өйткені тұрғындар тамақты күнде тұтынса, киімді ара-тұра маусым сайын жаңартатыны белгілі. «Қазақстанның оңтүстік аймақтарында жеміс-жидек маусымы қызу жүріп жатыр. Мәселен, ең көп сұранысқа ие қарбызды алайық. Ала жаздай еңбектенген диқан өз өнімдерінің әр данасын 40-50 теңгеден сатады. Жаппай сатып алушылар оны үлкен мегаполистер мен солтүстік аймақтарға тасымалдап, жергілікті алыпсатарларға 200-300 теңгеге өткізеді. Олар алады да базарлар мен дүкендерге таратып, әр келісі үшін 30-40 теңгеден жиып алады. Ал базардағы баға келісіне 50 теңге болмай қайтсін. Ауылдан 50 теңгеге шыққан қарбыз, 10 есеге көбейіп, 500 теңгеге сатылуы содан», – дейді саудагер. Саудагерлер: «Тауардың қалыпты күйін сақтау шығындарымен қатар, жеке кәсіпкер ретінде үкіметке салық төлеп отырамыз. Сырт көз біз тауып жатқан пайданы санап, шығынды есептемейді», – дейді. Кіші базарлар мен әмбебап дүкендердің жайы мүлдем басқа. Көк базар маңынан осындай дүкендердің шоғырын жиі байқайсыз. Солардың біріне бас сұғып, сатушымен біраз әңгімелесіп барып, бір іліктің ұшын шығардық. Әмбебап дүкеннің сатушысының сөзінше, күніне 200-300 мың теңге аралығында сауда жасайды екен. Мұны айға шақсақ тіптен көп. Базарға барсақ саудагерден аяқ алып жүргісіз, қала көшелерінде толып жатқан дүкен. Пайдасы болмаса істемес еді, ол болып-ақ тұр-ау...
САУДАМЕН ҚАБАТТАСҚАН СУЫҚ ҚОЛДАР
Қайсыбір елде таңғажайып базар бар. Бір ғажабы сатушысы жоқ. Тұтынушы қалаған сомасын төлеп, керегін алады екен дегенді бір аңыздан естігенім бар-ды. Сатушысы тұрмақ сатып алушысының адалдығы таңдай қақтырып, ұрламақ түгіл өз бағасынан төмен беруді ар санайды дейтін сонда. Ал қазір небір сорақылықты көз көріп жатыр. Тіпті, көшеде сатуға жарарлық кісі заты тұрса, қолды қылуға дайын тұратындар көбейді. Елімізде бір ғана темір көлікке қатысты жыл сайын 300 мыңнан астам ұрлық тіркелсе, 5 мыңнан астам ептіқол темір көлікті иесінің рұқсатынсыз айтап әкетеді екен. Бірі заң өкілдеріне тұтылса, құтылғаны да қаншама. Бөлшектеп сату базарларына апарып сатып, күнін көріп жүрген баукеспе көп. Осылайша сауданың сәні мен сиқы қашып бара жатқандай. Қазақ «Бір еткенді екі етесің, екі еткенді үш етесің, үш еткенді әдет етпей не етесің» деп тегін айтпаса керек. Мұндай қылмыспен ұсталғандардың дені бұрын да осындай әккі әрекетімен заң шеңберінен шыққаны көп айтылады. Белгілі мөлшерде айыппұл салынғаннан кейін, бостандыққа қайта жіберіледі. Ал мамандар: «Нақты жаза кесілмегеннен кейін, мұндай әрекетпен ұсталған ұры бұл ісін тағы қайталайды», – дейді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында нақты қылмыскер ретінде жазаға іліккен 360 адам ұрлықпен айыпталған. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,2 пайызға артыпты. Көлік және көлік бөлшектерін ұрлау ірі мегаполистерде көп. Осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, Астана қаласында есептік кезеңде әкімшілік полиция органдары 501 652 көлік құралын есепке қойған. Көлік саны жарты миллионнан асып жығылатын елордада мұндай қылмыс жиі тіркеледі. Соңғы жылдары, қазақ полициясына біраз сын тағылды. Көлік бөлшегі саудаға салынатын базарлар қатаң тексеруден өте бастады. Алматы қаласынан басталған рейд, Астана, Шымкент қалаларында жалғасты. Алматыдағы «Жібек жолы» базарынан құжатсыз жүрген 416 жан ұсталды. Тексеру жұмыстары барысында 316 адам босатылып, құжаты жоқ 100 адам уақытша қамауға алынды деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Рейдтің алғашқы күнінде іздеуде жүрген 4 адам мен көші-қон заңын бұзған 20 Өзбекстан азаматы ұсталды. Департаменттің хабарлауынша, бір саудагерден ұрланған 15 қаптал-айна тәркіленіпті. Базар әкімшілігі мұндай қадамға баратын саудагерлермен келісім-шарт үзілетінін жеткізді. Кәмелет жасқа толмаған жеткіншектер де бұл базарда сауда жасап жүргені анықталып, ата-аналарына ескерту жасалды. Біз ұсақ-түйек деп қарайтын бұндай тәртіп бұзушылықтар, болашақтағы үлкен қылмыстарға апарар даңғыл жол емес пе деп ойлануымыз керек қоғам болып.