Бүркітбай Аяған: Ұлы Дала – батырлық пен бостандық іздегендер тоғысқан жер 

Бүркітбай Аяған: Ұлы Дала – батырлық пен бостандық іздегендер тоғысқан жер 

Бүркітбай Аяған: Ұлы Дала – батырлық пен бостандық іздегендер тоғысқан жер 
ашық дереккөзі
766
Алаш тарихын әр зерттеуші хал-қадерінше зерделеп жүр. Олар келтірген деректер бір-бірін толықтыратыны сөзсіз. Жарқын болашаққа ұмтылған ел әуелі кешегі шежіресін түгендеп, құндылықтарын шегендеп алғаны жөн. Осы тақырып аясында Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанмен әңгіме өрбіткен едік. Ғалым ұлтымыздың өткені мен ертедегі атауы, оның шығу тарихы жайына кеңінен тоқталды. Нақты дәйектер мен құжаттарды алға тартып, сенімді дереккөздерге қанықтырды.  – Қазақ даласында пайда болған алғашқы мемлекеттік құрылымдар сақ-сармат немесе үйсіндер дәуірінен белгілі. Одан кейін өмір сүрген түркі мемлекеттері ұлтымыздың санасында, еліміздің салт-дәстүрі мен рухани өмірінде өшпес із қалдырды. ХІІІ-ХV ғасырлардағы ұлыстар мен мемлекеттер тарихы, ірі тұлғалар туралы дерек көздерін жылнамалар мен шежірелер, аңыз-әңгімелер мен эпикалық шығармалар құрайды. XV ғасырдың екінші жартысында аталған мемлекеттік құрылымдардың заңды жалғасы ретінде Қазақ хандығы тарих сахнасына шықты. Осыдан кейін ұлт тарихын жазу қалай өрбіді? – ХV ғасырдың бірінші ширегінде қалыптасу кезеңін толық аяқтаған Қазақ хандығы орталықтанған мемлекет деңгейіне көтерілді. Міне, ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақ хандығының шекарасы, халқының тілі мен ділі, мәдениеті үшінші мыңжылдықтың басына дейін өзгермей сақталып қалуының мәні осында. Қазақ хандығы тарихының дамуы, кемелденуі әлем тарихының күрделі дәуірімен астасып жатты. Біріншіден, мануфактуралық өндіріс тәсіліне көшкен Еуропаның экономикалық күш-қуаты артып, «азулы тісін танытып» Африка, Америка және Азия құрлықтарын отарлауға кірісті. Екіншіден, отты қару-жарақпен мұздай қаруланған әскері басым мемлекеттер отарланған халықтарды қырып-жойды. «Жергілікті элита» өкілдерімен одақтасып, елдің шаруашылық дәстүрін бұзды. Үшіншіден, отар елдерді мемлекеттігінен, салт-дәстүрі мен рухани байлығынан ажыратудың теңдессіз тәжірибесін жинақтады. Орта ғасырлардың аяғына қарай шаңырақ көтерген Қазақ мемлекеті әлемдегі шым-шытырық оқиғалармен тұспа-тұс келді. Бастапқы кезде түркі тілдес халықтармен өзара алауыздық, үздіксіз әскери қақтығыстар орын алды. Бұл жағдай әлеуметтік ілгерілеуге, мемлекеттік билік жүйесін нығайтуға кедергі болды. Ең бастысы, XVII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы саяси тарихымызда кереғар із қалдырды. Өкінішке қарай, кеңестік тарихнамада орта ғасырлардағы қазақ мемлекетінің тарихы біржақты жазылған. Жазбаша деректерге басымдық беріліп, ауызша тарихты зерттеу назардан тыс қалды. Тәуелсіздік жылдарында шыққан отандық зерттеулер жоқ емес. Әсіресе, шығыстанушылар ауызша деректердің ақпараттық маңызын ашуға тырысып келеді. Қазақтың ауызша тарихының жазба деректерді тамаша толықтырып отыратындығы дәлелденді. Соңғы жылдары Қазақ хандығы тарихы бойынша отандық зерттеулер саны артты. Олар кеңестік шығыстанушылардың еңбектерін басшылыққа алып, шығыс (парсы, араб, қытай, түрік) және батыс (ағылшын, неміс, француз) тілдерінде жазылған түпнұсқалық деректер мен тарихнамалық ізденістерді талдауға көшті. Ғылыми нәтижелері бар. Мәселен, белгілі шығыстанушылар М.Тынышбаев, Ә.Марғұлан, В.Юдин, К.Пищулина, С.Ибрагимов, Т.Сұлтанов, М.Әбусейітова Қазақ хандығы тарихын деректемелер негізінде зерттеудің тамаша дәстүрін жалғастырды. Одан бөлек, Елбасының Жарлығымен 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы тарихи мұралардың ғылыми айналымдағы ауқымын кеңейтіп, тың деректер мен материалдарды игеруге орасан зор мүмкіндіктер жасап берді. Осы бағдарлама аясында ұлттық ой-пікірлердің, ғылыми және әдеби басылымдардың, «философия», «тарих ғылымы», «саясаттану», «тіл білімі», «фольклортану, әдебиеттану және өнертану», т.б. он алты бағыт бойынша көп томдық кітаптардың жарық көргені белгілі. Тарих толқынында шыңдалған Қазақ хандығының жарқын беттерін қарапайым адамдар мен ірі тұлғалар құрайды. Қазақ хандығы тарихының іздері жылнамалар мен шежірелерде, аңыз-әңгімелер мен жырларда жатыр. Әсіресе, шежірелерде сақталған хандар мен батырлардың тұлғасы, билер мен ойшылдардың болмысы жыраулар мен күйшілердің шығармаларына арқау болған. Тарихты жасайтын халық десек те, тұлғалардың алатын орны ерекше. Қай заманда да көшбасшының ұстанған саясаты елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап қалуға бағытталды. Біртұтас Қазақ мемлекеті ұлттық тілі мен мәдениетін қалыптастырды, жер аумағы мен шекарасын анықтады. Қазақ халқы әрқашан көрегендік пен кемеңгерлік танытқан билеушілерін, ғұламалары мен ержүрек қаһармандарын биікке көтеріп, ұлықтаған, ұлықтайды және ұлықтай бермек. Бүгінде Қазақ мемлекетінің қатпарлы тарихын қайтадан ой елегінен өткізіп, жаңаша пайымдау маңызды. Себебі  бұл жас ұрпақты патриотизм рухына тәрбиелеуге, екіншіден, ұлттың тарихи санасын қалыптастыруға жол ашады. Өткен тарихыңды білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Елдің тізгінін келешекте тарихтың ащы сабақтарын сезінген ұрпақ ұстамақ. Кез келген ұлттың мемлекеттілігінен айырылу зардаптары әлем елдерінің тәжірибелерінен айқын көрінеді. Бір кездері құрылған әлемдік отарлау жүйесінің орнын қазір жаңа сипаттағы отарлау жүйесі басып отыр. Әлі де отарлық бұғаудан арылмаған мемлекеттер бар. Демек, Қазақ хандығы тарихын зерттеудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Дегенмен ғылыми ортада бұрыннан бар түсініктер мен жаңаша пайымдаулар арасында қайшылықтар кездеседі. Бұл – қазақ хандығын зерттеу жұмыстарын қазақ және орыс тілінде жазатын авторларға тән құбылыс. Мәселен, қазақтілді авторлар орыс тілінде жарияланған деректер мен материалдарды ана тіліне аударып, ғылыми жаңалық ашқандай сыңай танытады. Орыстілді зерттеушілер шығыс және орыс тілдеріндегі деректанушылар болып бөлінеді. Тарихты дәріптеуде әртүрлі деректемелер мен тілдік зерттеулерді біріктіру мәселесі бар. Соңғы жылдары ұлттық тарихты танудың халықтық дәстүрі қалыптаса бастады. Өкінішке қарай, ғылыми деңгейі төмен шежірелік басылымдар қаулап кетті. Елімізде шежірені зерттейтін ғылым саласы кенже қалды. Қазақ, орыс, батыс және шығыс деректемелері мен зерттеу тәжірибелерінің дұрыс өлшемдерін анықтап, жасанды туындылардан арылуымыз керек. – Енді «қазақ» сөзінің шығу тарихына тоқталсақ. Бұл бағытта талай еңбек жарық көрді, түрлі пікірлер айтылды. Тіпті, орыстардың казактары да біздің өткенімізбен тамырлас көрінеді. Осындай деректердің ішінде сенімділеріне назар аударып, түп-төркініміз жайында ой тарқатсаңыз. – «Қазақ» этнонимі, орыстардың «казактары» да көптеген ғалымдардың пікірі бойынша түркі-моңғолдардан шыққан. Орталық Азияның көне ескерткіштерінде «қазақлық» (қазақтар) сөзі «ерікті, еркін тіршілік кешкен» деген баламалы ұғым ретінде қолданылады. Мысалы, осы мағынада көп ғасырлар бойы түсіндіріліп келгенін ерте, орта ғасырларда түркі-моңғолдар әзірлеген әдеби шығармалар куә бола алады. Енді «казак» сөзінің шығу тегі жайлы зерттеген орыстың әйгілі ғалымдарының пікірлеріне тоқталып өтейік. XIX ғасырдағы В.Даль «қазақ-казак», сол сияқты «гай-дук», «гайдамак» сөзінің шығу тегі «кезу, басы бос кезбе» деген мағынаны білдіреді деп болжам жасаған. Академик Н.Баскаков түркі-славян қарым-қатынастарында сан алуан байланыстардың болғанын анықтады. Оның болжамынша, «қазақ-казак» сөзі орыс тіліне көрші түркі тілінен енген. 1395 жылы тұңғыш рет орыс тілінде «жалшы, жұмысшы» мағынасында, кейін келе «казак» мағынасында (көшпелілер шапқыншылығынан қорғайтын әскери, шекаралық күзеттен тұратын) поляк және украин тілдері арқылы тіркелуі мүмкін дейді. Барлық көрсетілген мағыналар бір-бірімен байланысты және жалпы «тәуелсіз адам» деген мағынаны білдіреді. Сонымен бірге, орыс жылнамаларында 1444 жылы Рязаннан шыққан атты әскерлерді «казактар» деп атағандығы жөнінде деректер кездеседі. Т.Благова «қазақ» этнонимі мен «казак» терминінің сәйкес келуінің кездейсоқ еместігі туралы жазды. Әділдігіне келсек, Солтүстік Кавказда ертеде касогтар деген халық мекендеген. Олар қазіргі кабардиндердің, шеркестер мен абхаздардың арғы аталары болуы мүмкін. Біздің пайымдауымызша, касогтар мен қазақтар терминдерінің арасында осы жағдайда тек қана фонетикалық ұқсастық болған, одан басқа ештеңе жоқ. Тарихшы ғалымдардың пікірінше, «қазақ» сөзі бастапқыда тек әлеуметтік-саяси мағынада қолданылған, кейін этникалық атауға айналған. Сонымен, Қазақ хандығының құрамына кірген тайпалардың жауынгер-жасақшылары «қазақ» деп аталған, XV ғасыр орыс деректерінде де түркі тілдерінен енген бұл сөз «жауынгер», «әскери жасақ» мағынасына ие болған. Енисей бойындағы көне түркі-руникалық ескерткішінде төмендегідей жазу ойылған: «Үч йетміш йашымқа адырылдым. Егүк Қатун йерімке адырылдым. Теңрі елімке, казғақым оғлым, не уз оғлым, алты бің йунтым (бөкмедім)». Аудармасы: «Алпыс үш жасымда айрылдым. Егүк-Қатүн жерімнен айрылдым. Тәңірі еліме, олжалаушы ұлым, неткен шебер ұлым, алты мың жылқым, (бөгіп тойынбадым)». Мұндағы «қазғақым оғлым» – «олжалаушы ұлым» тіркесіндегі «қазғақ» сөзі қазға(н) – «олжалау, тауып алу» етістігінен жасалып, «олжалаушы» мағынасына ие болғаны, қазақ этнонимімен төркіндес екендігі байқалады (қазғақ>қазақ)... Сөйтіп, қазақ этнонимінің түп төркіні – көне түркі «қазғақ», «олжалаушы, олжа түсіруші, табыс түсіруші, табыскер» деген сөз (сөз ортасындағы ғ дыбысы түсіп қалған, салыстырыңыз: бұлғақ – «бұлақ», орғақ – «орақ», тарғақ – «тарақ», құлғақ – «құлақ», қазғуқ – «қазық»). – Қазақ, қырғыз тарихи аңыздарында «қазақ» сөзінің синонимі ретінде алаш (алач) этникалық атауы кездеседі. Бұл жайында белгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың жазбаларында бар. Сіздің пікіріңізше, алаш сөзі қалай пайда болды? – Алаш атауы елді «қазақ»деп аталмастан бұрын қолданылған. «Алты сан алаш» бірлестігі – қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр тайпаларының одағы XIII ғасырда Жошының ұлысына кірген. Махмұд Қашғари сөздігіндегі көне түркі халадж (халач) тайпасының атауы, байырғы алаш елінің атауы және Кіші жүз алаш тайпасының аты негіздес, төркіндес келеді деген пікір көңілге қонымды, әбден дәлелді айтылған. Байырғы халадж (алаш) елінің бүгінгі бір сынығы – Ирандағы аз санды (20 мың адамдай) түркі тілдес халадж халқы. Халадж тілі көне қалпын сақтап отыр (хадақ – «аяқ»), сондықтан оны әзірбайжан тілінің бір диалектісі емес, дербес түркі тілі деп білгеніміз жөн. XIX ғасыр тарихшылары Н.Карамзин, В.Ключевский және өзіңіз айтқан Ш.Уәлиханов осы тұжырымдаманы ұстанған. Еуразияда б.з. V-VІ ғасырларында түркі және славян тайпаларының арасында алғашқы тығыз байланыс орнатылғаны белгілі. Кейін келе Днепрге қарай бауырлас ағайындары қыпшақтардан ығысқан көшпелі түріктер, беренділер, печенегтер қоныстанды. Далалықтардың ғылыми әлемінде көшпелілерді құмандармен, түркі тілдес халықтарды қыпшақтармен қатты теңдестіреді. Ежелгі Русь Шығыспен, соның ішінде көшпелі халықтармен де географиялық жағынан жақын орналаса отырып, христиандықты қабылдағанға дейін олармен тілдері мен мәдениеттері жағынан тығыз байланыста болды. Сонымен, «казак» сөзі мен «казаклык» ұғымы түркітілдес тайпалармен бірге осылайша Руське өтті. Ш.Уәлиханов «Қырғыз-қазақ шежіресі» деген еңбегінде: «Казактар Азияда қалыптасып, дамып, орыстарға татарлардан өткеніне ешқандай күмән жоқ. Қырғыздың (Қазақ­станның) кең байтақ даласы, Русьтегі Украина іспетті, бостандық пен байлықты іздеген батырлардың тоғысатын орны болды» деп жазды. Орайы келгенде айта кетейін, орыс казактары өзіне түркі, славян тайпаларының қуатты элементін қосып алған тұрғындардың этнографиялық тобы деп ойлаймыз. Бұл жерде Солтүстік Кавказ халықтарының қатысуынсыз тағы болмаған. Сақталған тарихи және генетикалық жағдайлар казактарды ұзақ уақыт бойы орыстардан оқшау ұстауға мәжбүрледі. Казактар өздерін орыстармен тікелей теңдестіргенді жақсы көрмейтіні тарихтан белгілі. М.Шолохов казактардың ресейліктерден ерекшелігін атап өтеді. Сондықтан Дон өзенінің атауы, белгілі ғалымдардың айтуынша, түркі түбірінен шыққан, яғни парсылық емес. Ол «Қырат», «Құзды жағалау» деген мағынаны білдіреді. Қазақ, татар, ноғай, башқұрт тілдерінде «дөң» сөзі кеңінен таралған және кез келген жердің төбесі, қырат деген мағынада қолданылады. Сондай-ақ, Тоқтамыс, Едіге, Мамай туралы айтылатын жырларда «Таң» деген сөз қолданылады. – «Қазақ халқының қалыптасуы мен дамуын ортағасырлық түркі-моңғол тайпаларының тарихымен өзара бірлікте, сабақтастықта қарастыруымыз керек» деген едіңіз бір пікіріңізде. Осының себептеріне тоқталып өтесіз бе? – Бүгінге дейін ғылымда «моңғол» сөзінің шығу төркіні туралы нақты қалыптасқан пікір жоқ. Жалпы, «Моңғо империя» деген ұғым кейін пайда болған политоним. Бұл мемлекеттің алғашқы атауы «Ұлы орда». Ал Батухан кезінде бұл мемлекетті «Алтын орда» деп атады. «Моңғол» немесе «мың қол» сөзі түрікше «күш», «мың қол» немесе «көп қол» деген мағынаны береді деп жүрміз. Бұл жерде Шыңғыс хан мемлекетінің әскери күштерге негізделген көшпелі болғандығын және «мың қол» ұғымы әскери кезеңнің тәртібімен үндесетіндігін ескеруіміз керек. Егер Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігін түркі тілдес халықтар құраған болса, бұл ой-пікіріміз оң болады. Шыңғыс хан империясы мен ерте Түрік қағанатының терең байланысы мен сабақтастығы туралы В.Бартольд та жазған. Көп кешікпей моңғол тілді жауынгерлер өзінің түркітілдес бауырларымен араласты. Осылайша, Алтын Орда құлағаннан кейін, оның ұлан-ғайыр жерінде татар, ноғай, қазақ, башқұрт, т.б. түркітілдес халықтар өмір сүрді. 2013 жылы Абылай ханның тойына Моңғолиядан келген ғалымдармен әңгімелесе келе, «Моңғол» сөзінің этимологиясын сұрадым. Олар көп ойланып «мәңгі ел» деген сөзден шыққан шығар деген болжамын айтты. Және де көпшілігіміз біле бермейтін жәйттің бірі, қазіргі Моңғолия азаматтарының төлқұжатында «моңғол» деген ұлт жазылмайды. Оларда ойрат, жоңғар, бурят және т.б. тайпаларды атайды. Яғни, ұлты деген жерге өздерінің руларын жазады. Ал қазақтарды керей, найман, арғын деп көрсеткен. Олар қазақ деген ұлтты көрсетпейді. Қытай тарихшылары моңғолдарды татарлардың бір бөлігі ретінде қарастырған. Орталық Азияда «татар» атауы жоғалғаннан кейін, Алтын Ордаға тәуелді Еділ бойындағы түркілер өздерін татар атаған. XIII ғасырда «моңғол» мен «татар» ұғымдары синоним ретінде қолданылды. Біртұтас Моңғол мемлекеті құрылғаннан кейін Моңғолияның көшпелі тайпалары моңғолдық және түркілік болып екіге бөлінді. Шыңғыс хан әскеріне моңғол және түркілік тайпалар біріктірілді. Шыңғыс хан әскері татарлар, меркіттер, наймандар және керейіттермен бірнеше рет қақтығысқаны тарихтан белгілі. Соңғы зерттеулерде моңғолдар мен қазақтар дербес этносаяси және тарихи-географиялық субъект ретінде қарастырылады. Бұл орайда З.Қинаятұлының зерттеулері ерекше. Қазақтардың ұлт ретінде қалыптасу үрдісі Батыс Сібірден Жетісуға дейінгі және Алтайдан Атырауға дейінгі географиялық кеңістікте жүрді. Темучин дүниеге келгенге дейін Еуразияның саяси этникалық кеңістігінде «Қыпшақ хандығы» салтанат құрған. Сондықтан қазақтар мен моңғолдардың түп тамырын олардың этногеографиялық кеңістігінен іздеу қажеттілігі алға тартылады. Негізінде Темучиннің шын аты Темірші. Қытай транскрипциясында «Темуджин» деп аталған. Ал 1206 жылы құрылтайда қойған аты «Шыңғысхан». – Сөзіңізді бөлгеніме кешіріңіз, көптеген авторлар Шыңғыс ханның арғы тегін түркі-оғыздар туралы шежірелік аңыздар негізінде «қазақтан» таратып жүр. Бұл қаншалықты қисынды? – Әрине, моңғол жерінде түркі халықтарының терең мәдени із қалдырғанын жоққа шығаруға болмайды. Осы жерде б.з. II ғасырынан X ғасырына дейін жеті ертефеодалдық мемлекеттер (Ғұндардан Қиданға дейін) құрылған. Бұл мемлекеттер үш этникалық топтардан: түркі, тұнғыс және моңғол-қиданнан тұрды. Шыңғыс қаған Моңғол мемлекетін құрғанға дейін барлық мәдени-тарихи үрдіс түркітектес халықтардың мәдени-саяси ықпалында болды. Шыңғыс қағанның шыққан тегіне келсек, «қият-боржігін» туралы тарихи деректер Рашид-ад-дин, Әбілғазы, Қадырғали сияқты авторлардың еңбектерінен белгілі. Мысалы, «Моңғолдардың құпия тарихында» қырықтан астам ру аталады. Соның отызға жуығы моңғол руларын құрайды. Қазіргі моңғолдардың 456 руы негізін солардан алады. Соның бірі – қият-боржігіндер. Тарихтан хабары бар кез келген адам Шыңғыс ханның қият-боржігін руынан шыққанына сенеді. Өйткені қазіргі қазақ, өзбек, қырғыз, қырымдықтар, ноғайлар мен башқұрттарда кездесетін қияттар моңғол шапқыншылығы кезінде Моңғол империясының барлық жеріне тараған қият тайпасының ұрпағы. Олар жауланған жерлерде тұрақтанып, қият атауын тегі ретінде сақтап қалған. Қазіргі түркітілдес халықтардың, соның ішінде қазақтың қалыптасуына негіз болған ру-тайпаларға қатысты «түркі», «түркілер» жиынтық сөз тіркестері орта ғасырлық ойшыл-ғұламалар М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Қ.А. Ясауи, Ә.Науаи, т.б. еңбектерінде кездесетінін ескерсек, біртұтас Моңғол мемлекетінің негізін қалаған Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының шыққан тегі көне түркілерге тіреледі. Меніңше, Темірші-Темуджин-Шыңғысхан түркі-моңғол ортасынан шыққан тұлға. Бірақ ол қазақ ұлт ретінде тарих сахнасына шыққанға дейін болған адамдар. Ал Шыңғысханның ұрпағы Орысхан, Барақ және Жәнібек пен Керей Қазақ хандығының пайда болуы мен қалыптасуына тікелей әсер еткен тұлғалар. – Тағы бір жайт, Қазақ хандары әулетінің қалыптасуы тарихын Ақ Ордамен шектемей, әрі қарай кеңірек қамту керек сияқты. Отандық тарихнамада қалыптасқан «Орда Еженнен қазақ хандарының атасы Ақ Орданың алғашқы ханы Орыс ханға дейін жеті ұрпақ, Орыс ханнан Керей-Жәнібекке дейін үш ұрпақ, Керей-Жәнібектен қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін 13 ұрпақ үзілмей жалғасты. Орыс ханнан бастау алатын Қазақ хандарының әулеті Ақ Орда кезеңінен қалыптасты» деген тұжырымды әрі қарай қалай жетілдіреміз? – «Ақ орданың» алғашқы ханын біз тарихи әдебиетте Орысхан деп қате айтып жүрміз. Негізінде оның шын аты Ақнияз болатын. Мұсылманша лақап аты Мұхамед еді. Бірақ мінезі ұрысқақ болған соң оны «ұрыс», «ұрысқақ» деп атап кеткен. Ең ғажабы, Орысхан мен оның балалары Ташкент, Түркістан, Сығанақ, Сауранды билеген. Бір қызығы, Жәнібектің ұлы Қасым 1500 жылы Мұхамед Шайбаниге грамота көрсеткен, яғни құжаттар көрсеткен. Аталмыш құжатта Сығанақты салып, көркейткен Барақ екендігі туралы дәлелдер болған. Осы дәлелге тоқтаған Мұхамед Шайбани өзінің соңына ерген ат төбеліндей жақтастарымен Самарқанға көшіп кеткен екен. Осы орайда, Еуразия көшпелілерінің ұмытылған өркениетін қайта жаңғыртудың да қажеттілігі бар. Себебі олардың мәдениеті, тарихы және әдет-ғұрпы бірнеше жүз жылдықтар бойы тарихшылар еңбегінде ескерілмей келді. Сонымен бірге отырықшы халықтардың өмірлеріне олардың әскери тапқырлықтары, тәжірибелері мен дәстүрлері нық ене бастады. Өздерінің ептіліктерімен олар алыс қашықтықтағы жерлерді бағындырып, үлкен жеңістерге қол жеткізіп, әлемді таңқалдырды. Еуразия көшпелілері Орталық Азияның көшпелілерін, Рим империясы мен ортағасырлық Парсы мемлекеттерін тізе бүктіріп, іргесі сөгіліп тұрған Византияға басып кіріп, Түрік мемлекетін құрды. Кейін көшпелі түркі әскери ұйымын отырықшы елдер көшіріп алып, кеңінен қолданды. Тіпті, Ресей оның империясының елтаңбасындағы атақты екі басты бүркіт пен өрнектері көшпелі Алтын Ордадан қалған мұра. Байкөлден Дунайға дейінгі көшпелілердің ұмытылған өркениеті туралы естелік, олардан қалған балбал ескерткіштері, қиратылған тастар қазіргі әлемде бұрынғы түркі дәуірінен жәдігерлер сияқты қалған. XV ғасырдағы «Аласапыран кезеңдегі» қырқыстар, саяси, экономикалық және діни құлдырау Алтын Орданың ыдырауына әкеп соқты. Оның орнына жаңа мемлекеттер: Орыс княздықтары, Қазан, Астрахан, Қырым, Сібір хандықтары құрылды. VІ-ХІІІ ғасырларда түркі тайпалары Кавказ, Қырым жерлеріне орналасты. Қазір біз олардың аттарымен қырым татарлары, балқарлар, қарайымдар, ноғайлар, қарашайлар, құмықтардың аталғанын жақсы білеміз. XV ғасырдың ортасында Ақ Орданың Шыңғыс ұрпақтары Керей мен Жәнібек Шу өзенінің бойында өздерін Қазақ деп атаған жартылай көшпелі мемлекет құрды. «Неліктен олар «қазақ» деп аталды?» деген заңды сұрақ туындайды. Себебі жас мемлекетті «қазақ» деп атап, Керей мен Жәнібек сұлтандар, оған «тәуелсіз», «еркін» деген ежелгі мағынаны берген деп болжауға болады. Жаңадан таныла бастаған этникалық одақтың құрылуы кездейсоқ емес еді. Оларды бұрынғы тарихи дала тайпаларының этникалық ұқсастығы мен тілдердің, діндердің біркелкілігі, көшпелі әдет-ғұрыптардың ұқсастығы біріктірді. Сонымен бірге Днепр, Дон, Еділ жағалауында, Мәскеу төңірегінде қалған түркі тайпаларының аз ғана бөліктері славян тілдес еуропалық казактарға бастама беруі де әбден мүмкін еді. Еуропалық казактардың Азияға кері кеткен көшпелілерден айырмашылығы – өз мемлекетін қалыптастыра алмады. Олар өз кезегінде украин, поляк және орыс халқының құрамына енді. Сөйтіп еркін және әртүрлі бірлестіктер түрінде қалған болатын. Ал ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласына келген орыстанған казактар өздерінің арғы тегіні ортаазиялық қазақтармен туыс екенін ұмытқан еді. Олар бір-біріне жат болып кетті. Орал-Еділ орыс-казактары орыс империясының жауынгер тобы-жасағын құрады, ал қазақтар әлсіреп қалған көшпелілер қауымының соңғы тұяғы болатын. Бұл тарихи оқиғалар сол заманның қиыншылықтарын басынан өткізген халықтардың жадында сақталған. Сол себепті тарихты таразылауға сақтықпен қараған жөн. Қазақтар мен казактар XVIII және ХІХ ғасырдың басында тығыз қарым-қатынаста болған. Арадағы байланыс бірнеше ғасырға үзілгендіктен, бірін-бірі мойындаудан қалды. XIX ғасырда «қазақ» этнонимін сақтаған халықтар енді мүлде өзге сипат алды. Олар әр түрлі аймақтарда тұрды. Қазақ зиялылары казактарды «қазақ-орыс» деген атап, олардың шығу тегіне баса назар аударып отырған. Тарихта ежелгі халықтарға байланысты көптеген қызықты мәліметтер бар. Мысалы, Хазар мемлекетінің қысымына шыдамаған Еділ бұлғарлары Дунайға жетіп, жаңа мемлекеттің негізін қалады. Славяндық Болгар патшалығы құрылды. Бұл туралы оқиғалар «Аспарух хан» деп аталатын болгар фильмінде толық қамтылған. Ал бұлғарлардың қалғандары қыпшақтарға бағынып, кейін моңғол-татар билігін мойындады. Қазір олар татар ретінде танымал. Сондықтан бұлғардың байырғы атауын Қазан татарларына қайтару туралы мәселенің қозғалуы түсінікті. Ал қазақтар жер аумағы мен табиғи байлығы жағынан зор мемлекет құрған. Олар тілі мен дінін, салт-дәстүрін және этникалық өзгешеліктерін сақтап қалды. Өзінің бастапқы атауымен ежелгі түркілердің – көгілдір түсті туын желбіретіп Біріккен Ұлттар Ұйымына кірді. Осылайша, Қазақ елі дүниежүзілік қауымдастыққа танылды. – Тағылымды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары