1595
Қазақ ойшылының қасіретті кезеңі
Қазақ ойшылының қасіретті кезеңі
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Биыл ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философтың туғанына 160 жыл толып отыр. Бала кезінен мұсылманша хат таныған Жүсіп Көпейұлы шығыс жауһарларымен сусындап өскен. Орыс тiлiн жетік меңгеріп, батыс өркениетімен де танысқан ол тарих, этнология, фольклористика, әдебиет, тiл тарихы, этнография, философия, медицина, космология сияқты ғылым салаларына қатысты көптеген еңбектерді жазып қалдырды.
7 жасар кезінен-ақ халық әдебиеті үлгілерін жинаумен айналыса бастаған Мәшһүр Жүсіп шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Ақынның жинаған фольклор үлгілерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгімелер.
Ол ел арасынан «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Ер Сайын», «Нәрік ұлы Шора батыр» тәрізді батырлар жырларын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Алтынбас-Күмісаяқ» сынды лиро-эпостық жырларды да жинаған.
Мәшһүр Жүсіп 1886 жылы 8 жасында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын» жырларын Қамар хазіреттің қолжазбасынан көшіріп алғаны мәлім. Зерттеуші ел аузынан түрлі ертегілер де жинаған – «Еділ-Жайық», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Алаша хан», «Ер Төстік», «Әз Жәнібек және бір ұста».
Мәшһүр Жүсіп, сондай-ақ, ақындар айтысының да тың үлгілерін назарынан тыс қалдырмаған. Мәселен, «Ұлбике қыз бен Күдері қожа айтысы», «Ұлбике қыз бен қарақалпақ Жанкел ақын айтысы», «Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Үмсін қыз бен Заман қожа айтысы», «Шоң, Торайғыр ақыны Орманшы Сақау ақыны мен Қаракесек қызы Тоғжан айтысы», «Қалдыбай қожа мен Соқыр Шөже айтысы», «Соқыр Шөже мен Қаракесек ақыны Балта айтысы».
– Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында ескі араб жазбасын қолданған. Қазақстанда бұл кітаптарды аударатын адамдар өте аз. Мен он жасымнан осы жазбаны меңгере бастағанмын және өмір бойы атамыздың қолжазбаларын аударумен айналысып келемін. Оның кейбіреулері 500-600 беттен тұрады, – дейді жазушының шөбересі Нартай Жүсіпов.
Мәшһүр Жүсіптің көріпкелдігі
Он бес жасынан бастап ақындық жолға бой ұра бастаған Мәшһүр Жүсіп Мұса Шорманұлының ауылына қонақ болып барады. Кішкене баланың өнеріне тәнті болған Мұса баланың әкесіне: «Сопы, мұнан былай мына балаңның бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала!» – деген екен. Содан кейін Жүсіп атына «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды. Біраз уақыт ауылда ол бала оқытып, қаржы жинайды. Білімге ұмтылып, 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Ары қарай оқуын Ташкентте жалғастырып, Орта Азияны аралайды. Осы сапарында түрколог, академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап бастыру ісімен айналасады. Осылайша қазақ фольклорының жүйелі жинақтаушысы болды. 1907 жылы басылып шыққан оның кітаптары 1912 жылы патша әкімшілігінің қуғынына ұшыраған. Патша билігіне қарсы мақсатта жазылған деп айып тағылып, 12 мың сом айыппұл салынып, баспаханадағы 14 кісі жауапқа тартылады. Мәшһүр Жүсіп ғұмырының соңғы кезеңі туралы ел аузында түрлі әңгімелер көп. Көзі көрген адамдардың айтуынша, ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті зор болған. Ол өлерінен бір жыл бұрын өзіне бейіт тұрғызып, көзі тірісінде жаназасын шығарып, ас бергізеді де, расымен бір жылдан кейін, 1931 жылдың күз айында дүние салады. Тіпті, көзі тірісінде өзіне дұға оқытқан. «Көпейұлы Жүсіпке құдай рахмет ойласын», – деп сақ-сақ күледі екен де: «Маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына туар «тұрымтай тұсына» заман болады. Мен көрмеймін, сендер көресіңдер, көресіздер де көнесіздер», – дейді екен. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі бақа-шаян теріп кетесіңдер», – деген сөзі де тура келеді. Мұндағы айтпағы, қазақтар қынадай қырылған 1932-1933 жылдардағы зор аштық еді. Голощекин геноциді кесірінен 2,5 млн қазақ осы нәубетте қырылды. Ауылдарды ұжымдастыру кезінде мал шаруашылығы үлкен шығынға ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында 40,5 млн бас мал болса, 1933 жылы 4,5 млн ғана мал қалған. Аштық бүкіл Қазақстан аймағын жайлады. Қазақтың жартысы қырылды. Оның алдында, 1929-1931 жылы ұжымдастыруға қарсы жаппай толқулар мен көтерілістер болып, 80 мың қазақ қаза тапқан еді. Қазақ жеріндегі зұлмат жылдардың қасіретті күндерін өз көзімен көрген 19 жасар Татьяна Невадовская: Қара жердің қара желі зар илер, Өлілердің жыртық төсін жұлмалап. Сұлқ қалды, шырылдаған сәбилер, Суып қалған омырауды тырмалап. Туған жері – өз елінде болса да, Жас өскіндер, тумай жатып сорлаған. Білмейді олар, Мәскеу жақта той тойлап, Мәз-мейрам боп астық жинап жатқанын, – деп бар мұңын қағаз бетіне түсіріп кеткен. Тағы бір естелігінде: «Бұл 1933 жылдың ерте көктемі еді. Мен біреумен келе жатқанмын. Қолымда фотоаппарат бар болатын. Көзіміз жол шетінде аштықтан әлсіреп отырған қазақ ер азаматына түсті. Оның егін даласынан келе жатқаны байқалып тұрды. Ол ашыққанынан аяғын әзер сүйреп келе жатты. Ол қырылдай сөйлеп, ернін әзер жыбырлатып, жейтін, ішетін бірнәрсе сұрады. Мен фотоаппаратымды қасымдағы досыма бердім де, өзім су әкелуге кеттім. Ол суды бір-ақ сіміріп салды. Мен үйден нан және қант әкелмекке қайта жүгіріп кеткен едім. Қолымдағы наныммен жүгіріп жеткенімше ол қайтыс боп кеткен екен», – деп жазады. Көзге сол қазақ елестесе, көз емес жүрек жылайды, жас емес қан тамады. Тіпті, «Қазақтар марксистік тұрғыдан әлжуаз, онсыз да өліп бітуі тиіс. Сондықтан аштықпен күресіп, қаражат шашудың қажеті жоқ. Одан да революция үшін майданды қолдау маңызды», – деп Түркістандағы төңкеріс жетекшілерінің бірі Иван Тоболин Түркістан Орталық комитетінің мәжілісінде жар салғанын қалай ұмытамыз?! «Мың өліп, мың тірілген» қазақ... Тарих бетінде біздің ел осындай теңеумен қалған. Голощекин жалғыз емес, оның өзі сияқты қанішер тобыры бар. «Өзімдікі дей алмай, өз малыңды. Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың», – дейді Абай. Осы тұста көзі ашық, көкірегі ояу Алашордашылар елін сақтамаққа бар күшін салып, заңды күрес бастайды. Кейін олар да сүттің бетінен қаймақ сыпырылғандай тып-типыл болып, репрессияға ұшырайды. Міне, Мәшһүр Жүсіптің болжамы осылайша тура келеді. Трагедиялық болжауы, әңгімелері ел арасында аңыз боп тарап, ауыл адамдары Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәу етіп, түней бастайды. «1952 жылы көрін ақтарып, үйін талқандап бұзып тастағанға дейін Мәшһүрдің денесі бұзылмады. Оны кезінде көзбен көрген адамдар болды», – дейді өз естелігінде қазақ ойшылының немересі Сүйіндік Көпеев. 2000 жылы Қызылжардан шыққан «Мәшһүр Жүсіп өмірі» (аңыз бен ақиқат) атты кітапта мынадай мәліметтер берілген. «1929 жылы Ескелдідегі қыстауын бастап, 1930 жылы аяқтап, бір қыстайды. Осы жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады. Әуелі «Жатар орнын» дайындатады. Үлкен келіні Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады екен. Енін, көлденеңін, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң көңілі әлдебірдеңеге дауаламағандай балдызына тағы да біраз тереңдету керектігін айтады. Күндегі әдетінше ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да, дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тас үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Сөйтеді де: – Молдеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба, – деп жоғары қарайды. – Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. Сындырмай тұтас ал да, жоғарыға шығар, – деп тағы да дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасқа аты˗жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Ол тастың қалдығы әлі сақтаулы. Ал Мәшекең зират˗үйін екі бөлмелі етіп салдырған да, төргі бөлмесіне өзін ашық қоюды өтінеді. Ауызғы бөлмеге ыдыс-аяқ, кітап-құрандарын, ер-сайман, кілем, үккіш, т.б. пайдаланған заттарын түгел қойғызады. Насыбай шақшасына әрдайым дайын насыбайды толтырып кетіп отыруды өсиет етеді. – Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Бірақ жуып-тазалап қайыра орын-орындарына қойып кететін болсын. Қорықпасын, мен көрден тұрып ешкімге да бас салмаймын, – деп тапсырады. – Мен өлгеннен кейін де қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақіретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады – деп, үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылықты өсиет етеді».Абай мен Мәшһүр Жүсіп
Ел аузына тараған Абай мен Мәшһүр Жүсіптің сәлемдесуі туралы келесі бір аңызды қазақтың біртуар ұлы Ақселеу Сейдімбек қағаз бетіне түсірген. Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірін сырттай білсе де, әлі жүздесе қоймаған кезі екен. Бірде тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп амандасу үшін Абай ақынның үйіне түседі. Табалдырық аттап үйге енгені сол, Абай тосыннан сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне. Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» – депті. Сонда Мәшһүр Жүсіп еш кідірместен: «Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ!» – деген екен. Абай есті сөзді естігеніне риза болып: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» – деп, қолын алып, төрін ұсыныпты. Ақын мұрасы кеңестік идеологияның құрығына ілініп, ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделенуге, жарыққа шығуға шектеу қойылып, әдеби мұрасы шет қалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ақын мұраларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды. Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары ұйымдастырылып, жыл сайынғы дәстүрге айналды. 2001 жылы Қызылжар қаласында Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт ашылса, 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы алаңға қоладан бюст-ескерткіші орнатылған. Ал 2006 жылы ақын Мәшһүр Жүсіптің зиратының басына зәулім кесене тұрғызылды. Тіршілікте жолы болмағандар, болашағынан үміт ететіндер, жақсылық, адамшылық, имандылық жолын ұстаушылар, Алланың жолын мұрат тұтқандар, ақыл-ойы кемел естілер Мәшһүр Жүсіптің мавзолей-зиратына келіп, дұға оқып, құрмет етеді. 1946 жылы атақты жазушы Сәбит Мұқанов қабірдің ішіне түскен, тағзым еткен. Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдық мерейтойы ұлы ойшылдың дүниеге келген туған жері – Баянауыл ауданында аталып өтті. Онда 35 киіз үйден құрылған этноауыл бой көтеріп, айтыс ұйымдастырылған. Тарихи тұлғаның мерейтойына бес мыңнан астам адам жиналды.