2157
Қызыл бидай қамбаға құйылғанда...
Қызыл бидай қамбаға құйылғанда...
Бұл күндері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында астық жинау басталып кеткен. Әзірге 714,8 мың гектар, яғни жинау алаңдарының 37,9 пайызынан 1380,7 мың тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Биыл Қазақстан бойынша 20-21 млн тонна астық жинау көзделіп отыр. Ал астық егілген алқап еліміз бойынша 15 млн гектарды құрайды.
Қостанай облысының диқандары да күзгі жиын-терім жұмыстарына сақадай сай. Бұл жайт облыс әкімдігінде ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен өткен жиында мәлім болды. Осы жиында алдағы егін орағына әзірлік барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасаған еді. Оның айтуынша, биылғы астықтың шығымы жаман емес. Орташа есеппен алғанда гектарына 12-13 центнерден айналуы ықтимал. Өңір диқандары егіс алқаптары құрылымын әртараптандыруға, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға, ішкі және сыртқы нарықта талап етілетін сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге аса мән беріп отыр. Мәселен, биыл шамамен 4 млн 60 мың гектар алқапқа дән сіңірілсе, соның 430 мың гектары түрлі майлы дақылдардың, 3,8 мың гектары картоп өнімінің еншісіне тиген.
– Енді жерде өнген дәннің бір түйірін шашау шығармай, жинап-теріп алу басты міндет саналады. Сондықтан жаз бойы облыс ауылшаруашылық тауар өндірушілері мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысты. Цифрландыру аясында машина-трактор алаңы жаңартылып, зиянкестермен күресте тың жүйелер қолданылды. Барлығы 76 мың тонна дизельдік отын сатып алынды. Оның литрі 172 теңгеден айналды. Енді тамыз айының жиырмасына қарай диқандар егінге жаппай орақ салады. Жалпы, биыл 5 млн тонна астық алуға ниеттіміз, – деді Ғ.Нұрмұхамбетов.
Егін орағына барлығы жиырма мыңнан астам трактор мен мыңға жуық комбайн, жүк көліктері жұмылдырылады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дала жұмыстары кезінде астық, жанар-жағармай ұрлығына жол бермеуді қатаң тапсырған. Себебі мұндай олқылықтар бұдан бұрынғы егіс уақытында тіркелген болатын. Бірақ астық ұрлағандардың көбі жазасыз қалып келген. Енді бұған аудан басшылары мен құқық қорғау органдарының жетекшілері тікелей жауапты болмақ.
2017 жылы елімізде 21 млн 74 мың тонна астық жиналыпты. Оның ішінде астық жинаудан еліміздің көшбасшы облыстарының көрсеткіші төмендегідей болған еді:
Былтырдан қалған астық 500 мың тонна. Ал 2017-2018 жылдары Қазақстан экспортқа 9,87 млн тонна астық пен ұн жөнелткен.
Қазақстанның келесі астықты аймақтары – Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары жұмысқа қыркүйектің ортасында кірісіп, қазан айының ортасында бітірмек.