Сортаң жерде бақ өсірген...

Сортаң жерде бақ өсірген...

Сортаң жерде бақ өсірген...
ашық дереккөзі
731
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылындағы «Манақ баба» шаруа қожалығы жасыл технология игілігі арқылы сортаң жерді жайқалған жасыл желекке айналдырып отыр. Аталмыш жоба бойынша шаруа қожалығына қарасты 8 гектар алқап қалпына келтірілді. Қазіргі таңда онда 3 гектар алма бағы және қалған бөлігінде көкөніс дақылдары егілген. Шаруа қожалығының ерекшелігі күн сәулесі мен жел энергиясынан қуат алуында. Аталмыш қос құрылғы шөл даланы оазиске айналдырып отырған шаруа қожалығының нағыз мақтанышы. Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен қолға алынған. Айта кетерлігі, егістік алқабында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Шығарылған су 90 метрлік бассейнге жиналып, сонда арнайы құрылғы арқылы тазартылады. Содан кейін шаруашылық игілігіне айналады. Егін де су ішеді, малға да су беріледі. Ауыз су қажеттілігіне де жарап тұр. – Біз мұнда 3 гектар алқапқа алма бағын өсіріп отырмыз. Алманың көптеген сорттары бар. Польшадан алып келген алма да бар. Өнімділігі жоғары. Гектарына 3 тоннаға дейін өнім жинаймыз. Сондай-ақ, алманың жартылай ергежейлі деген түрінен алдағы жылы өнім аламыз деген жоспар бар, – дейді «Манақ баба» шаруа қожалығының төрағасы Сәкен Шағыртаев. Шаруа қожалығы төрағасының айтуынша, күн мен жел қуатынан 40 КВт энергия алынады екен. Күн көзі аз түскенде, дизельді генераторды іске қосып, сол арқылы қуат алынады. Шаруа қожалығы осылайша жаңа технологияның зор игілігін көріп, қолын жылы суға малып отыр. Ең бастысы, су мен энергияға жұмсалатын шығын 29 млн теңгеге дейін үнемделген. Тағы бір айта кетерлігі, ауаға бөлінетін зиянды зат мөлшерінің көлемі жылына 300 мың тоннаға дейін кеміген.

Серіктес жаңалықтары