434
Мектептерге жіті көңіл бөлінуде
Мектептерге жіті көңіл бөлінуде
Павлодарда ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген білім беру нысандары жаңартылып жатыр. Жаңа оқу жылына қарай 30˗дан астам мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары бұрын˗соңды жүргізілмеген.
Қалада апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Десе де, жөндеуді қажет ететін оқу орындары баршылық. Науқан кезінде 32 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі. Мыңға жуық оқушыға шақталған кей білім ошақтарында 40 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген спорт залдары да бар екен. Сондай-ақ, 200 ұл-қыз тәрбиеленетін балабақшаның төбесінен сегіз жыл бойы су ағып тұрған. Биыл нысанның шатырынан бөлек қасбеттері, терезелері түгенделді. Күрделі жөндеуге 20 млн теңге бөлінген.
– Білім беру нысандарын жөндеу науқаны сала мамандарының жіті бақылауында. Бүгінге дейін жұмысына салғырт қараған мердігерлер болған жоқ. Біз өз тарапымыздан техникалық және авторлық қадағалау жүргіземіз. Жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанша толық аяқталады, – дейді қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Иманберлинов.
Облыс орталығында 42 мектеп пен 72 балабақша бар. Жалпы, жөндеу науқанына биылғы жылы жергілікті бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.