292
Ұшақ ұрлаған механик
Ұшақ ұрлаған механик
10 тамызда Сиэтлде 29 жасар әуежай қызметкері жолаушылар ұшағын ұрлап, АҚШ Әскери˗әуе күштерін қарулы күш қолдануға мәжбүрлеген. Horizon Air компаниясында жұмыс істейін техникалық қызмет офицері паркингте тұрған Bombardier Dash 8 Q400 ұшағына отырып, диспетчерлердің рұқсатынсыз әуеге көтеріледі. Ұшақ ішінде экипаж мүшелері мен жолаушылар болмаған. Бірнеше минут өткеннен кейін, Құрама Штаттардың Ұлттық гвардиясы Әуе күштерінің екі F-15 реактивті ұшақтары ізінен қуып шыққан.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұры жігіт басқарған ұшақ әуе кемелерінің жолын кесіп, ұшып˗қонуына біраз кедергі келтіріпті.
Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, ұры ұшқыш тым төмен, маңайдағы үйлердің үстінен ұшқанымен қоймай, қажетті ұшу дағдылары болмағанына қарамастан ауада түрлі қауіпті әдіс-тәсілдер жасай бастаған.
Әуежай қызметкері шамамен 50 шақырым қашықтыққа ұшып үлгерді. Ұшақ Кетрон аралының маңындағы орман алаңында құлаған. Жергілікті тұрғындар апатқа ұшырағанға дейін түсініксіз қатты дауыстардың естілгенін айтады. Жұрт оны артынан қуғандар атты деп топшылаған.
Полиция қызметкерлері терроризм нұсқасының қарастырылмайтындығын атап өткен.
– Ол жалғыз әрекет жасаған және судың бетін бірнеше қайтара айналып ұшқан, ал лаңкестік топтар су үстінде ұшпайды. Сондықтан террорлық шабуылдың белгісі жоқ, – деді Пирс округінің шерифі.
«Seattle Times» газеті диспетчерлердің ұрлықшымен жүргізген келіссөздерінен мынадай дәйек келтірген. Онда ол: «Үйде маған алаңдайтын, мені жақсы көретін жақындарым бар. Менің осы іс-әрекетім оларды күйзелтетінін білемін. Сол үшін әрқайсысынан кешірім сұраймын. Мен жай ғана өмірден құлазыған баламын, мүмкін басым істемейтін шығар. Бұрын˗соңды бұлай болар деп ойламаппын», – деп өмірден адасқанын айтып үлгерген.
Дүние не болып барады, суицид жасаушылар су жаңа ұшақты ұрлай берсе, авиацияның күні не болмақ?!