Телефонға телміргендер

Телефонға телміргендер

Телефонға телміргендер
ашық дереккөзі
3890
Еңбектеген бала да, еңкейген қарт та қолданатын ұялы телефон өмірімізді күрт өзгертті. Қажеттіліктен гөрі қызығы бітпей тұр. Бәрінен де ел болашағы болар жасөспірімдер арасында телефонға тәуелділік артып отыр дейді мамандар. Бұл күнде Қазақстандағы әрбір бесінші баланың үшеуі ұялы телефонға барлық уақытын арнайды екен. Әлем елдерін жайлаған бұл дертпен күрес басталғалы қашан. Зерттеушілер алдағы жылдарда қоғамдық сауатсыздық пен түрлі ауруларға душар боламыз деп дабыл қағуда. Көптеген жастардың ата-аналары да бұл үрдістің әсерінен қауіптенуі заңды. Көбіне 10-18 жастағы жасөспірімдер мұндай тәуелділікке тап болады. Ал бұл жасөспірімдердің негізгі әлеуметтендіру, оның психика мен дүниетанымын қалыптастыру кезеңі. Статистикаға жүгінсек, жастардың 69,2 пайызы әлеуметтік желіні күнделікті, 26,7 пайызы аптасына бір рет және 4,1 пайызы айына бір рет тексереді. Бұл деректер ата-аналарды мазалап қана қоймай, психолог дәрігерлердің, мұғалімдердің назарын өзіне аударғанын айтпасақ та болады. Себебі кез келген технология жастардың қоғамдық, психологиялық дамуына әсер етеді. Ұялы телефонға тынымсыз телміру адамның физикалық денсаулығына да ықпалын тигізеді. Мысалы, 15 жасар жасөспірім күніне 4 сағат экран алдында отырса, физикалық күшке тек шамамен 1 сағат қана уақыт бөлінетін көрінеді. Алматы қаласындағы №27 жалпы орта мектеп оқушыларынан алынған сауалнама айтқанымыз бен айтпағымызға біраз дәлел болмақ. Мектеп оқушыларының 88 пайызы ұялы телефонды қолданса, 18 пайызында әзірге телефон жоқ болып шыққан. Телефон жаппай қолданысқа ене бастаған тұста әр үйде бірлі-жарым ғана ұялы телефон болатын. Қолжетімділік артқаннан кейін баласының амандығын, хабарын біліп отырғысы келген ата-ана тіпті бақшаға баратын баланың қолына жеке телефон ұстатты. Бұл ретте цифрлық қауіпсіздік тіптен ескеріліп жатқан жоқ. Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін, денсаулықтың бұзылуы мен психологияның дамуын бәсеңдетпес үшін мамандар балаға мектеп бітіргенше смартфондар емес, жәй қалта телефонын алып беруді ұсынады. Сауалнама қорытындысы бойынша 73,7 пайыз бүлдіршін телефонның зиянды екенінен аздап болсын хабардар, ал қалған 26,3 пайыз оқушы телефон зиянды дегенді мүлдем естіп те көрмепті. Оның 48 пайызы ұялы телефонды шалбарының қалтасында ұстаса, 21 пайызы сөмкелерінде сақтайды. Тағы 6 пайызы арнайы қораптарға салса, 2 пайызы кәстөм қалтасында ұстайтыны анықталған. Қалған 23 пайыз түрлі жерлерде ұстайды. Радиацияның қауіптілігін былай қойғанда, кез келген уақытта құрылымынан ақау шығып, жарылып кететінін көбі ескермейді. Тағы бір айта кетерлігі, сауалнамаға жауап бергендердің 79 пайызы денсаулығында орын алып жатқан кері өзгерістерді байқай қоймаған, сәйкесінше басы жиі ауыратын оқушылар 9 пайызға жуықтаса, 6 пайыз оқушының назар аудару, есте сақтау қабілеті төмендеген. Ал қалған 6 пайызында көру мен есту қабілеті нашарлапты. Әлем зерттеушілері 10 жыл бойы күніне жарты сағат телефонмен сөйлескен жанның глиома атты дертке шалдығу қаупі 40 пайызға артады десе, эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сынды дерттердің асқынуын тікелей телефонмен байланыстырады. Жасына жетпей көру қабілеті нашарлап жатқан жасөспірімдердің саны соңғы он жылда күрт көбейген. Астаналық оқушы Қызыбек Тоқтаров та көзі нашарлағанын сезіп, дәрігерлердің қабылдауына барып жүргенін айтып, БАҚ өкілдеріне сұхбат берген-ді. Оның айтуынша, телефонды 1-2 сағат сабақ үшін, түрлі есептер мен қиын тапсырмалар үшін тағы 2-3 сағат пайдаланамын дейді. Сабақ үстінде телефон ойнап отыратын балалар санын ешкім білмейді. Бірақ олардың аз емес екені мәлім. Мұғалімдер де бұған қарсы еш шара қолдана алмай келеді. Өйткені көп баланың үйдегі тәрбиесі солай дейді жұрт. Балалардың көз дәрігері Талғат Өскенбаев: «Қазір балалар тамақ жегенде телефон көріп отырады, мөлшерден артық тамақ жеп қояды. Кішкентай балалар тойғанын білмейді, сондай-ақ, жүйке жүйесі сыр береді, ашушаң болады, кей балалар жылауық болады, енді бірі өз-өзімен тұйықталып қалады, телефонның қызығына түседі. Бала қозғала алмайды», – деп біраз жайттың басын ашып айтты. Тіпті, көз дәрігерлері 5 жасқа дейінгі балаға гаджетті мүлдем беруге болмайды деп үзілді-кесілді тыйым салған. Ал 5 жастан бастап 8 жасқа дейінгі балаға тәулігіне бес-ақ минут ұстатқан дұрыс екен. 10 жасқа дейін 8-10 минут. 15 жасқа дейін 15 минут. 18 жасқа дейін жарты сағаттан артық қолдануға болмайды. Биыл тексеруден өткен астаналық 139 мың оқушының 12 пайызының көзі нашар көретін болып шыққан. Мұнан біраз қорытынды жасауға болар еді. Бірақ түбі қайда апарарын біле тұра ата-аналардың да бұл іске бейжай қарағанына қайран қаласың. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының басшылығымен «Interphone» деген атаумен 2000-2004 жылдар аралығында зерттеу жүргізілген. Бұл ғылыми зерттеуге 13 елден 12800 адам тартылған еді. Ұялы телефон пайдаланғандардың ми ісігі өсуі 8 жағдайдың 6-сында анықталса, бір зерттеу бойынша ми ісігінің бірі – глиома 39 пайыз өскенін ғалымдар дәлелдеп те берді. Шведтік ғалымдар телефон пайдаланушылардың 84 пайызы құлақ тұсында температураның көтерілуін, 60 пайызында ұйқышылдыққа бейімделуін, тағы 50 пайызында бас ауруының күшеюін анықтапты. Бұндай ақпараттар бірнеше жылдардан бері бұқаралық ақпарат құралдарының барлығында мезгіл-мезгілімен, түрлі дерек пен дәйектемелерді келтіре айтылып, жазылып, көрсетіліп келсе де, онан сақтанып жатқандар саны тіптен аз. Қарапайым көздің көру қабілетін сақтайтын ережелерді көбі ынтамен орындамайды. Optometry and Vision Science журналында жарияланған зерттеу қорытындысы бойынша, адамдар веб-парақшаларды смартфон бетінен қарау сәтінде мәтін жазғанға қарағанда көзге 5-6 сантиметр жақын ұстайды екен. Адам мәтін жазғанда емес, оқығанда көбірек көзіне зақым келетіні анықталған. Контактілі линза тағатын 129 адам зерттеуге қатысқан. Олар осыған дейін қалыптасып кеткен «1,2,10» ережесін сақтамайтын көрінеді. Бұл ереже бойынша, адам смартфонды ұстаған кезде оның көзден 30 см, компьютер 60 см, теледидар 3 метр алшақтықта болуы керек делінген. Смартфондағы сурет немесе мәтін біркелкі емес. Мәселен, өте ұсақ қаріпті оқу үшін міндетті түрде оны көзге жақындатуға мәжбүрлік туындайды. Осы құбылысты зерттей келе ғалымдар 1997 жылға қарағанда смартфон қолданатын болғандықтан адамзаттың көру қабілеті 35 пайызға нашарлап кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Бұл зерттеуді көз хирургы әрі «Фокус» деп аталатын лондондық клиниканың құрушысы Дэвид Алламби жүргізген болатын. Дэвид өзінің еңбектерінде бұл құбылысты «экрандық алыстан көрмеушілік» деп те атайды. Смартфонға үңілгенде көзді жиі жыпылықтату да көру қабілетін бәсеңдетеді екен. Сондай-ақ, жарықтың қалыпты болуының да өзіндік орны бар дейді зерттеушілер. 20/20/20 заңдылығын да қатаң сақтау керек. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2009 жылы мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алушыларға ұялы телефон пайдалануға тыйым салғанынан хабардармыз. Ал біздің білім ошақтарының жай-күйі осындай қатаң тыйымға зәру іспетті. Мектеп маусымының қарсаңында ата-аналар балаларын телефоннан алшақтатқысы келгенімен, оның жолын таппай әуреге түседі. Бұл жайында Марал есімді ана біраз жайды ақтарды. Баласы Мерген қаладағы мектептердің бірінде 7-сыныпқа көшіпті. «Кітап оқуға зейіні төмен баламның қолынан телефонды алсам, жаман жолға түсіп кете ме», – деп қорқамын дейді байғұс ана. Оның айтуына қарағанда, баласы телефон арқылы түрлі онлайн ойындарды достарымен ойнап жатады, арасында тексеріп тұрамын деп ақталғандай болды анасы. «Дастарқан басында да телефон, құлағына құлаққап киіп отырады, бізбен сөйлесуге тіптен уақыты жоқ. Оны алып қояр болсақ, тамақты асығыс-үсігіс ішіп, ойынға асығып тұрады, қолында телефон болса да, бастысы тамағы тоқ болса екен деп үндемейміз», – дейді Марал. Телефонға тәуелділікті азайтудың басты жолы баланың бос уақыты болмауы. Яғни, сабақ уақытынан тыс қосымша дәрістер мен тілді дамытатын курстар, қызығушылығына қарай баланы дамытатын орталықтарға, тіпті спорттық секцияларға жазып, сонда алып бару арқылы бала болашағын жарқын етуге болатынын біреу білсе, біреу білмейтіні өкінішті.

Серіктес жаңалықтары