239
Жамбылда қолға алынған шаруа көп
Жамбылда қолға алынған шаруа көп
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялағалы бері еліміздің барлық өңірлерінде аталмыш бағдарламада көрсетілген міндеттер бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде, Жамбыл облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдардамалық мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық», – деген болатын. Елбасы атап өткендей «Рухани жаңғыру» бойынша Жамбылда түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың соңына дейін 80-ге жуық іс-шара мен 122 жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Әсіресе, әлеуметтік салаға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, өңірде жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 43 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру де жоспарда бар. Қазір аймақта балабақша, спорт алаңдары, медпункт сияқты бірқатар нысан ел игілігіне беріліп жатыр.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Әулиеата өңірінің барлық ауыл, аудандарында қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл істе меценаттар белсенді. Олар өткен жылы «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында жалпы құны 900 миллионға жуық теңге болатын 28 әлеуметтік нысан тұрғызды. Балабақша, медпункт, ауылды абаттандыру сияқты істерді қолға алған. Жуырда ғана еліміздің Еңбек ері өз қаржысына Тараздағы мөлтекаудандардың біріне спорт алаңшасын салып берді.
– Бұл тек қана бірінші шара емес. Соңғы салған спорт алаңымыз – кешенді алаң. Бұл жерде барлық спорт түрлерімен айналысуға болады. Менің әріптестерім де, жолдастарым да маған көмектесті. Балаларымызға жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Мұның барлығы не үшін. Мұның барлығы еліміздің көркеюі, халқымыздың өмірін жақсартуға қосқан үлесіміз деп айтуға болады, – дейді ҚР Еңбек ері Мұқаш Ескендіров.
Ал жергілікті шаруа Сайранбай Дөненбаев Тұрар Рысқұлов ауданында 92 орындық балабақша тұрғызып, туған ауылына тарту жасаған. Бұған дейін меценат әлеуметтік маңызы бар 20-дан астам нысан салып берген. Жалпы аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл істелетін жұмыстарға 3,8 миллиард теңге жұмсау жоспарланған. Бұл қаражаттың 90 пайыздан астамы меценаттардың есебінен қарастырылып отыр.
– Өткен жылы жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге 24 жоба іске асырылған болса, биылғы жылы 122 жоба іске асыру жоспарлап отырмыз. Оған 80-ге жуық меценат тартылған, – дейді Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Дархан Ақышов.
Идеологиялық құжат «Атамекен»,( «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны», «Туған жер» сияқты бірнеше жоба аясында іске асырылуда. Мәселен, бір ғана «Жаңғырған ауыл» жобасымен 10 ауданның 10 елді мекенінде әлеуметтік нысандар, жол салу, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта демеушілер мен аудан, ауыл әкімдері арасында үшжақты меморандумға қол қойылған.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өңірде өткен жылдан бері атқарылған шаруалар аз емес. Сонымен қатар, бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасын таба беретіні сөзсіз.