ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Жамбылдан 15 спортшы қатысады

ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Жамбылдан 15 спортшы қатысады

ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Жамбылдан 15 спортшы қатысады
ашық дереккөзі
499
Спорт – денсаулық кепілі. Ұлт денсаулығын сақтау үшін елімізде халықтың спортпен шұғылдануына айрықша назар аударылып келеді. Соның нәтижесінде, бүгінде еліміз әлемдік спорт сайыстарынан тыс қалып жатқан жоқ. Еліміздің абыройын асқақтатып, көк Туымызды желбіретіп жүрген қазақ спортшылары – Қазақстанның мақтанышы. Әлемдік байрақты бәсекелердің бірі – қыркүйек айының 2-сі мен 8-і аралығында Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өтетін ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер сайысы. Бұл сайыста биыл Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар қатарында жамбылдық дарабоздар да бар. Жамбылдық спортшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына спорттың үш түрі бойынша қатысуды жоспарлап отыр. «ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына баратын спортшыларды жамбылдық тұрғындар 31 тамыз күні шығарып салмақ. Салтанатты шара «Тараз-Арена» спорт сарайында болады», – деп мәлімдейді Жамбыл облысы әкімдігінің спорт және денешынықтыру басқармасының өкілдері. Жамбылдық спортшылар Ойындардың жеті жарысында сынға түседі. Көкпардан – Болатбек Әлімбетов, Есжан Құрманбай, Құрманбек Тұрғанбек және Мейіржан Матжан; құс салудан – Жалғас Әкімбеков пен Бақдәулет Бабажан; асық атудан – Еркебұлан Әбдіров; құнан бәйгеден –Нұрахмед Жангудеев; жамбы атудан – Жарқынай Рахымбаева және Абзал Тұрлыбеков; армрестлингтен Виталий Трубин, Оксана Письменная, Вали Фараджов, Антонина Лисянская, мас-рестлингтен – Алтын Ақылбек қатысады. ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2-8 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өтеді. 37 ұлттық спорт түрінен өтетін дүбірлі додада әлемнің 80 елінен жиналған үш мыңға жуық спортшы қатысады. Жарыс аясында 600-ге тарта медаль сарапқа салынбақ. Халықаралық деңгейдегі доданың жалпы жүлде қоры 26 миллион сомды құрайды. Бұл шамамен $400 мың. 37 жарыс түрінің бірі боз кілемде үздік палуандар анықталатын қазақша күрестен өтпек. Сондай-ақ, спорттық тартыстармен қатар көшпенділердің тұрмыстық салтынан сыр шертетін мәдени шаралар ұйымдастырылады деп көзделген. Бүкіләлемдік додаға Қазақстаннан  екі жүзге жуық спортшы қатыспақ. Қазақстан құрамасы дүбірлі ғаламдық тартыста ең үлкен делегаттардың бірі болмақ. Қазір еліміздің сайыпқырандары халықаралық жарысқа соңғы дайындықтарын пысықтап, қамданып жатыр. Қазіргі таңда Бішкектен сайыстар ұйымдастырылатын Шолпан-Ата қаласына дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары тәмамдалуда. Енді автомагистраль 4 жолақты болады. ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін басты нысан Шолпан-Ата ипподромы болады. Екі жыл бұрын ол толықтай жаңғыртылды. Ипподромның құрылысы қырғыздың ұлттық нақыштық ерекшеліктеріне сай жүргізілген. Сыртқы қас бетін әрлеу кезінде қосымша арена салынды. Енді кеңейтілген нысанда театрландырылған қойылымдардан бөлек көптеген жарыс түрлерін қатар ұйымдастыруға әбден болады. Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет өткізілген 2014 жылдан бері қатысып келеді. Сол жолы қазақстандықтар 11 алтын, жалпы 28 медаль алып, 18 елдің арасында екінші орынды иеленген болатын. 2016 жылы ұйымдастырылған ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 63 елден мыңнан астам спортшы қатысты, олардың ішінде дәстүрлі түрде көшпенді халық саналмайтын елдер де болды. Қазақстан спорттың 22 түрінен 13 алтын, жалпы 39 медаль алып, жалпы есепте үшінші орынды қанағат еткен. Аталмыш ойындардың жабылу салтанатында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу құқығы өзге елге беріледі. Алайда ұйымдастырушылар әзірге келесі ойындар қай мемлекетте өтетінін жария етпей отыр. Бұған дейін аталмыш шара тек Қырғызстанның аумағында ғана өткізілген. Келесі ойындарды ұйымдастыруға үміткер елдердің қатарында Қазақстан, Әзербайжан және Түркия көш бастап тұр.

Серіктес жаңалықтары