388
Латын әліпбиі емес, қазақ әліпбиі керек
Латын әліпбиі емес, қазақ әліпбиі керек
Жуырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» атты семинар-кеңес өткізді. БАҚ өкілдері мен лингвист-ғалымдар, сарапшылар қатысқан семинар кеңесте латын әліпбиіне көшудің маңызды мәселелері қаралды. Сонымен қатар, латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің емле ережелерінің жобасы таныстырылды. Семинар-кеңесте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ғарифолла Есім, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Ерден Қажыбек, тіл жанашыры Асылы Османова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылымдар академиясының корроспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы т.б лингвист-ғалымдар арнайы баяндамалар оқыды. «Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А.Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды», – деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова. Семинар-кеңесте ғалымдар әр таңбаның тарихи сандық мәні әрі мазмұны барына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, жиында жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациядан өткізу бойынша Қазақстанның түрлі қалаларында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері, статистикалық көрсеткіштері айтылды. Қоғамдық пікірлер ортаға салынып, оны шешу амалдары қарастырылды. Семинар-кеңесті қорыта сөйлеген тіл жанашыры Асылы Осман: «Менің көкейімде үнемі жүретін бір нәрсе, әліпбиді латын әліпбиі негізінде жасасақ та, Қазақ әліпбиі деп атасақ екен. Латын әліпбиіне көшу дегенді мен де қабылдамаймын, қарапайым халық та қабылдамайды», – деп өз ойын бүкпесіз білдірді.