458
Астана – ұлы дала жауһары
Астана – ұлы дала жауһары
Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында қазақстандық фотосуретшілердің көрмесі өтті. Сеул тұрғындары мен қала қонақтары Астананың көрікті жерлерін фотосуреттер арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. «Астана – Ұлы дала жауһары» атты фотокөрмені Тұңғыш президент – Елбасы қоры ұйымдастырған. Қазақстандық фотографтардың 40-қа жуық туындысы көрмеге арнайы таңдап алыныпты. Онан бөлек отандық әртістердің өнері де аталған шараға ұлттық нақыш бере білген. Көрмеге келген Соль Че Хон есімді көрермен: «Мен Алматы мен Астанада он рет болдым. Достарыммен бірге мұражайлар мен өзге де көрікті жерлерді араладым. Бүгін көрмені аралап, Қазақстанға қайта оралғандай болдым. Аз уақыттың ішінде осындай жас елорданың құрылғанына, елдің даму қарқынына таңғалдым», – деп сұхбат берді. Осы мәдени шара барысында Корея мен Қазақстан тараптары арасындағы мәдени, гуманитарлық меморандумына қол қойды. Екі ел өкілдері осы жылдың соңына дейін ядролық қарусыздандыру мәселесіне қатысты эксперттік дөңгелек үстелдер өткізетін болып келісті. Сонымен қатар Корей мемлекеті де Қазақстанда мәдениет күндерін өткізуге мүмкіндік алып отыр. «Астана – Ұлы Дала жауһары» көрмесі осы уақытқа дейін әлемнің 9 елінде көрсетілді. Жуырда елордамыздың көрікті жерлерін сипаттайтын көрме тұманды Альбион еліне сапар шекпек.