304
Аманаттың ауырлығын пайымдамас пенделер
Аманаттың ауырлығын пайымдамас пенделер
Елбасы Н.Назарбаев қаңтар айындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады... Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет», – деп көрсеткен еді.
Бүгінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа кодекске жаңа заң жүйелерін енгізуді бастап кеткен. Жаңа заң бойынша өз денсаулығына салғырт қараған қазақстандықтар келешекте жауапкершілікке тартылмақ. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап медициналық ЖОО түлектері үш жыл жергілікті жерлерде жолдамамен жұмыс істеуге міндеттелетін болады.
Адамдардың көбі дер кезінде қадірін білмей алданып қала беретін баға жетпес екі бірдей нығмет – денсаулық пен бос уақыт. Уақыт та, денсаулық та адамның өзінікі емес. Екеуі де Алланың аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайтынын жұрттың көбі білетіні сөзсіз. Десе де, ауруын асқындырып, күтінбей жүре беретін біздің бейғам жұрт денсаулыққа келгенде қиянат жасап жүрген жоқ па екен?! Осылайша «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп сан соғып қалмай ма? Уақтылы сермегенде де диагнозды дұрыс қоя алмай, сауды науқас қылатын дәрігерлер де жоқ емес қоғамда.
Дәрігерлер мен полицейлердің жұмысы туралы сөз қозғалғанда «адам үш күнде көрге де үйренеді» дейтін нақыл ойға келеді. Екі қызметте де адам өлімі күнделікті қарапайым жағдай. Аса салқынқанды болуларының себебі де осы шығар. Бізге түйедей болып көрінер қатерлі ісік, олардың көзіне түймедей болып көрінеді. Көздері де, өздері де үйреніп кеткен. Бірақ үйреніп кеткен екен деп, адам денсаулығына бейжай қарау жөн бе екен? Америкада өлім жоқ дейсіз бе әлде германиялық дәрігерлер өлім көрмеді дейміз бе? Олар да күнде көріп жүр. Десе де олардың менталитетінде адам өміріне атүсті қарау жоқ. Тіпті, көңіл күйіңізді көтеру үшін күлімсіреп сөйлеп, жаныңызға жылу ұялатып қояды.
2019 жыл елдегі медицина саласындағы біршама жаңалықтар мен өзгерістерден басталғалы тұр. Оның ең күрделісі халықты жаппай электронды денсаулық сақтау паспортымен қамтамасыз ету және медициналық сақтандыру қорын қалыптастыру. Алдымен ақ халаттыларға жағымды жаңалық, алдағы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға дейін көтерілмек.
Ең алдымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлердің жалақысын көтеру қарастырылады. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылдан бастап жалпы практика дәрігерлерінің, бейінді мамандардың қызмет тарифтерін кезең-кезеңімен арттыру туралы мәлімдеді. «Бұл алғашқы медициналық көмек мамандарының жалақы деңгейін 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Алғашқы медициналық көмек дәрігеріне шаққанда қаралатын пациенттер санын 1700 адамға дейін төмендетіп, медициналық мамандардың жүктемесін азайтуды қамтамасыз етеді», – деді министр.
Елімізде бір дәрігерге 2000-ға жуық адам қаралады екен. Жыл басынан бері 9 млн қазақстандық азамат алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына жүгінген. Алайда соңы өлімге алып келетін кардиология, онкология, эндокринология сынды аурулардың алдын алуға тұрғындар бейжай қарайды. Биыл бүкіл республика бойынша 1 млн тұрғын ғана мамандар көмегіне жүгінген. Осы орайда елімізде шағын медициналық орталықтар санын арттыру жоспары бар.
Талапкерлер қосымша емтихан тапсырады
Мемлекет қолдан келгенше жағдай жасап жатыр. Жаңа технологияға негізделген ауруханалар мен емханалар жыл сайын салынуда. Медицина саласын кадрмен толық қамту үшін жоғары оқу орындарына да грант санын көптеп бөліп келеді. Бұл туралы 2017 жылдың аяғында халыққа есеп беру кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтқан болатын. «Негізі, басқа мемлекеттермен салыстырғанда, бізде маман тапшылығы қатты байқалмайды. Тіпті, резерв те бар. Алайда кадр тарату жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, бір мамандық бойынша тым көп адам дайындалса, енді бір мамандыққа адам жетіспейді. Содан нақты бір мамандықтар бойынша тапшылық туындап отыр. Мәселен, жалпы дәрігерлер, акушер-гинекологтар мен реаниматологтар жетіспей жатыр» – деген еді министр. Министрдің айтуынша, бүгінде тапшылық мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қолға алынған. Соның ішінде мамандарды аймақтарға бөлу, дәрігерлерді ынталандыру сияқты шаралар бар. Министрлік медицина бойынша тегін білім алған жастардың оқу ақысын өтеу тетігін де пайдаланатын болады. Бұл жөнінде: «Келесі жылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім алып жатқан студенттер міндетті түрде оқудың ақшасын өтейтін болады. Талап бойынша олар үш жыл мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуі керек. Біз тағы бір нормативтік құжаттарды рәсімдейміз. Соның негізінде жас мамандарды мемлекеттік мекемелерге жіберіп қана қоймай, нақты қай жерде маман тапшылығы бар, сол жерге бағыттайтын боламыз», – деп атап көрсетті Елжан Біртанов. Демек, грант бойынша білім алып жатқан түлектер оқу бітірісімен 3 жыл мемлекет жіберген аймақта жұмыс істеуге міндеттеледі. Ал грантта оқып алып, бекітілген заңмен келіспейтіндер өздеріне жұмсалған оқу ақысын толығымен мемлекетке қайтаруы тиіс. Жаңа жүйе жергілікті жерлерде медицина қызметкерлерінің тапшылығын азайту мақсатында қолға алынып отыр. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың осы іспеттес және басқа да мәселелері Кодекс жобасында ескерілмек. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап медициналық ЖОО-ға оқуға түсетін талапкерлер қосымша емтихан тапсыратын болады. Ал бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында мәлім еткен. «Алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындарымен стратегиялық әріптестік жалғасуда. 2019 жылдан бастап медициналық ЖОО-да іріктеу үшін қосымша емтихан алу заңмен енгізіледі», – деді министр.Денсаулықты күтпеу – қылмыстық іс
Өз денсаулығына салғырт қараған қазақстандықтар келешекте жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Дәлірек айтқанда, дәрігер кеңесіне құлақ қоймағандар, дәрі-дәрмек пен екпені уақтылы қабылдамағандарға арнайы шара қолданылмақ. Министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексіне осындай нормалар енгізуді көздеп отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой осылай деді. «Жаңа кодекс өзекті жайттардың шешімін табуға септігін тигізеді. Биыл электрондық денсаулық сақтау паспортының бірыңғай банкісі іске қосылмақ. Бұл жүйеде адам туған сәтінен бастап өмір бойы көрсетілген медициналық қызмет түрлері бойынша барлық мәлімет болады. Осылайша азаматтың денсаулығын кез келген жерден бақылауға мүмкіндік тумақ. Кодексте осы паспорттың құқықтық негіздері жан-жақты қарастырылады», – дейді министрдің орынбасары. Министрлік тағы бір құқайдың құлағын қылтитып отыр. Жауапкершілікті адамдардың өзіне жүктемек. Бір жағынан, халықты үрейлендіре беруден не ұтамыз? Ал Денсаулық сақтау министрлігі осындай заңға мұрындық болатындай халық алдында көп іс тындыра қойды ма? «Жындының жолынан, дәрігердің қолынан сақта Құдай» дейтін көнбіс қазақтың дәрігерге бірден қаралмай, ауруын созып жүретіні ешкімге құпия емес. Осыдан бірер ай бұрын міндетті медициналық сақтандыру туралы айта келіп: «Оны жасамасаңыздар, сіздерді емдемей қояды» деген облыс әкіміне: «Бізді онсыз да емдемейді ғой» деп тіл қатқан ағамыздың сөзіне облыс әкімі де ішек-сілесі қатып күлген. Бұл тұста парадокс орын алған сияқты. Мүмкін мемлекет осы заң жобасын қабылдағаннан кейін, жауапкершілікке тартылмауы үшін халық денсаулығын бірінші кезекке қойып, көп аурудың алды алынар ма екен? Әлде көп жағдайда қарапайым халықтың қолы жете бермейтін денсаулық саласы одан әрі алыстап кете ме? Кім білсін?! Швецияда денсаулық сақтау жүйесін толықтай мемлекет қаржыландырады, яғни мұнда медициналық шығынның 97 пайызын мемлекет, ал қалған 3 пайызын ел азаматы өзі төлейді. Стоматологиялық қызмет қана мемлекет қарамағында емес, десек те бұл қызмет түрі 1-19 жас аралығындағы балалар үшін мүлдем тегін көрсетіледі. Ал Австралияда шығынның 75 пайызын мемлекет, қалған 25 пайызын жеке медициналық сақтандыру қоры жауап береді. Испанияда дәрігер жазып берген дәрі-дәрмек шығынының көп мөлшері мемлекеттен қаржыландырылады. Тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 82 жылды құрайтын Италияда мемлекеттік және жеке ауруханаларда барлық оталар тегін жасалады. Шұғыл медициналық көмек, тіпті, елде заңсыз жүрген азаматтар үшін де тегін. Бір ғасырда өмір сүрсек те, бізге бұған жету бір арман. Қазақстанда бір қалада тұрып басқа ауданның емханасына қарала алмайсыз тіркелмеген болсаңыз. Біздегі баса назар аударылатын мәселе – куәлік пен тіркеме. Тіпті, қажетті құжаттардың барлығы бола тұра, ота жақсы жасалып, жақсы тігілуі үшін беретін ақшаңыз болмаса келешек жағдайыңыз бір Алланың қолында. Алдын ала келіспеген дәрігер – бас терісі «келіспеген» дәрігер. Бұл дегеніміз – «дәрігерді ояту», «дәрігерді тірілту», «дәрігер бойындағы адами қасиетті ояту» қызметтерін қосу функциясы. Өкінішті ирония араласқан шындық. Барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Арасында адал еңбегі, жақсы жұмысының нәтижесімен көңілін толтыратын өз саласының мықты мамандары да бар. Алдағы онжылдықта қазақстандықтар үшін аталған мемлекеттер дәрежесіне жету арман күйінде қала беретіні күмәнсіз. Қазақстандықтарға қазір дәрігерлердің дұрыс диагноз қойып, асықпай түсіндіріп бергені де жеткілікті. Қабақтарын шытпай, науқас адамды одан әрі түңілдірмесе екен сосын.Жемқорлықпен күрес күшеймек
Дәрігердің әр науқасқа әртүрлі қарауының түбінде осы жемқорлық жатыр дейді білетіндер. Ақша бергеннің күтімі жақсы, бермегеннің күні қараң. Министрлік осы мақсатта мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Келісім аясында жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруға бағытталған бірлескен іс-қимылдар дайындалады. Естеріңізде болса, өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі жемқорлық кең жайылған салалардың қатарынан көрініп еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ведомство цифрлық жүйеге көше бастады. Бүгінде барлық өңірлер құжатты электронды түрде толтыруға ден қойған. Соның арқасында әрбір науқасқа қойылған диагноз бен тағайындалған ем түрін тікелей көріп, қатаң тексерілетін болады. Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кері байланыс механизмін іске қосты. Ол арқылы науқас дәрігердің қызметін бағалай алады. Бұл мемлекеттік медициналық мекемелердің жұмысын ашық әрі қоғамға жариялы етіп қана қоймай, қаржылық есептерін де көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық мекемелерде қағаз түріндегі құжат айналымына тыйым салады. «Жалпы, еліміздің медициналық ұйымдары электрондық форматқа ауысып жатыр, яғни медициналық құжатнама элек-трондық нұсқада жүргізіледі. Осы орайда қағаз түріндегі амбулаторлық карталардан бас тартамыз. Сонымен бірге, медициналық ұйымдар жүргізетін белгілі бір статистикалық құжаттар да электрондық форматта болады. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан медициналық ұйымдарда қағаз түріндегі құжат айналымы болмайды», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Осы орайда ол қазіргі кезде азаматтарға дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақырту және медициналық ұйымға тіркелу секілді онлайн қызметтердің қолжетімді бола бастағанын еске салды. Жалпы, цифрландыру медициналық ұйымдардың жұмысын жеңілдетеді. Елдің әрбір азаматы денсаулығының электрондық паспортын алатын болады. Ол қай жерде ем қабылдаса да, барлық мәліметтер оның жеке кабинетіне енгізіліп, бұл өз кезегінде басқа дәрігерге барған кезде ем-дом шараларын жеңілдетпек. Еліміздің медицина саласындағы соңғы жаңалықтары осы. Бірақ неге іс-жүзінде өзгеріс шамалы? Қаладағы қарапайым тұрғындар тап болатын ұсақ-түйек түйткілдер де жетеді. Дәрігерге талонмен жазылу керек және талонды 2-3 ай бұрын алып қоймасаңыз ол да бітіп қалады. Сонда талонды ерте алу үшін ауыратын жеріңізді де алдын ала білуіңіз керек пе? Болашақ ауруыңызды бал аштырып білесіз бе, құмалақ шаштырып көресіз бе, оны өз талайыңыздан көресіз енді. Аудан-ауданға бөлініп тіркелумен іс біте қоймайды, емхана ішінде көше-көшеге бөлінетіні тағы бар. Әр көшені әр терапевт қабылдайды. Дұрыс-ақ, бір басына адам саны көп келетін шығар. Қабылдайтын күндері мен уақыттары бар. Біреуі түске дейін, екіншісі түстен кейін. Күніне сегіз сағат емханада отырмайды дәрігерлер. Міне, сәрсенбі күні ауырсаңыз, ал сізге бекітілген терапевтің қабылдайтын күні жұма болса, ауруыңызды екі күнге «стопқа» қоя білуіңіз де керек. Отандық денсаулық саласының жағдайы осындай...