Ұлт ұстазы һәм қазақ – егіз ұғым

Ұлт ұстазы һәм қазақ – егіз ұғым

Ұлт ұстазы һәм қазақ – егіз ұғым
ашық дереккөзі
1059
Алаш қайраткері, ақын, ағартушы, түркітанушы әрі Алаш қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 5 қыркүйек күні 146 жыл толды. Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданының Сарытүбек ауылында өмірге келген. Ахмет Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ұлт ұстазының саяси қызмет жолы 1905 жылы басталды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі де Ахмет Байтұрсынұлы  болатын. Қарқаралы петициясында сол кездегі қазақ жұртшылығының мүддесі қамтылған еді. Петициядан кейін жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің ерекше кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Ахметті қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы 9 наурызда  Орынборға келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913-1918 жылы өзінің ең жақын әрі  сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ, қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында еді. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға жабылды. Ахмет Байтұрсынұлы 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылдың 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес, Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. Ұлт ұстазы атанып, соңына өшпес із қалдырған Ахмет 1937 жылы желтоқсанда жазықсыз атылып кетті. Ақынның алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрген. Халқын «Маса» боп оятқан Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеуі. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ, ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923 ж.) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926 ж.) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет дүние екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті.

Серіктес жаңалықтары