200 жылдық мұражайды жалмаған өрт

200 жылдық мұражайды жалмаған өрт

200 жылдық мұражайды жалмаған өрт
ашық дереккөзі
252
Рио-де-Жанейрода орналасқан Бразилияның Ұлттық мұражайы түгелдей өртеніп кетті. Ғимарат елдің ең көне ғылыми орталықтарының бірі болған еді. Өрт сөндірушілердің әрекетіне қарамастан, тілсіз жау музейдің 20 млн экспонаттан тұратын топтамасын, сондай-ақ, кітапхананың ауқымды бөлігін жойды. Жанып жатқан ғимаратқа суды жеткізу қиынға соққан. Оның үстіне, осыған дейін экспонаттарды сақтау үшін тез тұтанатын химикаттар пайдаланылып келген. Музейдің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жұмыс орнында болған төрт бақылаушы қызметкер ғимараттан уақытында шығып үлгерген. Бразилияның Ұлттық мұражайы Рио-де-Жанейроның солтүстік бөлігіндегі Кинта-да-Боа-Виста саябағында орналасқан. Оның негізін 1818 жылы Португалия королі Жаун VI қалаған еді. Музей топтамасы 20 миллион экспонаттан тұратын. Олардың арасында жануарлар, жәндіктер, минералдар, тұрмыс құралдары, мысырлық және оңтүстікамерикалық мумиялар, артефактілер және тағы басқалары бар. Ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат ХІХ ғасырдың басында ағаштан салынған. Сол себептен өрт лезде бүкіл мұражайға тарап үлгерді. Шатырының да басым бөлігі бірден құлаған. Абырой болғанда қызметкерлердің бәрі дін аман. «Бұл нағыз сорымыз болды. Миллион жылдық жәдігерлер, бәрі құрып кетті. Кез келген мәселені шешуге болады, бірақ мұны қалпына келтіре алмайсыз. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Көптеген тарихшылар жәдігерлерді зерттеп, осында еңбек ететін. Бір сәтте олар жұмыссыз қалды», – дейді тарихшы Серхио да Силва. Мұражай қызметкерлері ғимараттың тозып бара жатқаны және қаржыландыру қысқарғаны туралы талай зар қақсап, өрт сөндіретін жаңа жүйені орнатуды сұраған. Бұл мұражай әлемдегі ең әйгілі мұражайлардың бірі әрі экспозициясында ғылымға маңызды жәдігерлер өте мол болатын. Мәселен, динозавр сүйектері мен осыдан 12 мың жыл бұрын өмір сүрген әйел қаңқасы. Бұл Америка құрлығында табылған адамның ең көне қаңқасы болып саналатын. Ел президенті Мишел Темер бұл өртті орны толмас қасірет деп атаған. Расында, орны толмас өкініш. Бұл тек бразилиялықтардың ғана емес, барша адамзаттың қайғысы болмақ. Тура 200 жылдық еңбек пен 20 млн экспонат үш-ақ сағаттың ішінде күлге айналды. Ал біздің мұражайлардың жайы қандай екен?!

Серіктес жаңалықтары