262
АСТЫҚҚА ОРАҚ САЛЫНДЫ
АСТЫҚҚА ОРАҚ САЛЫНДЫ
Ақмола облысының диқандары қырман көтерді. Әсіресе, аймақтың оңтүстік аудандарында жиын-терім қыза түскен. Қазірдің өзінде Жарқайың және Есіл аудандарының диқандары егістік алқаптарының 9 пайызын орып бітті. Облыс бойынша, 140 мың тонна астық жиналып үлгерген. Мамандардың айтуы бойынша астықтың өнімділігі орта есеппен гектарына 10 центнерге жуықтайды. Ресми деректерге сәйкес, егін орағына 8 жарым мыңнан астам комбайн жұмылдырылыпты. Үкіметтен 70 мың тонна жеңілдетілген бағада сұйық отын бөлініпті. Осы жылы Ақмола облысының шаруалары жылдағыдай 4,7 млн гектар жерге дән сепкен. Аймақ диқандары бас-аяғы 5 млн тоннадан астам астық жинаудан үмітті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаев: «Ауа райы жақсы болып тұрса, жақында күніне 160-170 мың гектар жерді оратын боламыз. Әзірге Аршалы, Қорғалжын, Зеренді, Сандықтау және Біржансал аудандары жауын-шашынның салдарынан егін орағына толық кірісе алмай отыр», – дейді. Қостанай облысы керісінше жылдағы жиын-терім маусымынан кешігіп жатыр. Өйткені облыстағы ауа райы орақ науқанына айтарлықтай кедергі келтіруде. Егер күн райы жақсы, ашық болса, өңір диқандарының тәулік ішінде 230 гектар алқапты оруға шамасы жетеді дейді мамандар.