483
ПАРИЖДЕ ЖЕГЕН ҚАЗЫНЫҢ ДӘМІ
ПАРИЖДЕ ЖЕГЕН ҚАЗЫНЫҢ ДӘМІ
Францияның астанасы Париж қаласында қазақ асханасын негізге алып құрылған мейрамхана барын біреу білсе, біреу білмейді. Аталған мейрамхана осымен қатарынан төртінші рет Мишленнің қызыл гидіне еніп отыр. 118 жылдық тарихы бар қызыл кітапшаға жаһанның негізінен тағамы табиғи-дәмді, ішкі безендіруі сәнді, қызмет көрсетуі үздік, сапалы деген ең таңдаулы мейрамханалары жайлы ақпарат жазылады. Қазақстандық Гауһар Асион жолдасы Лоранмен бірлесіп «Chez Mademoiselle» мейрамханасын 9 жыл бұрын ашқан. Соңғы төрт жылда келушілер мен тұрақты тапсырыс берушілерінің саны артыпты. Оған басты себеп – әлемдік мейрамхана сыншылары оң бағасын берген. Олар қазақтың ұлттық тағамдарына қызыққаны анық. Парижде жеген қазының дәмі бөлек болары сөзсіз. Париж төрінде орналасқан мейрамханада қазақтың еті мен бауырсағынан бөлек, Орталық Азия елдерінің тағамдары да дайындалады. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мейрамхана иесі Гауһар Асион: «Біздің негізгі мақсатымыз – дәмді әрі сапалы тағам әзірлеу.Табиғи тағамдарымызға Мишлен инспекторларының жоғары баға беріп, төртінші мәрте гидке қосқандарына қуаныштымыз. Бірақ, бір рет гидке кірсеңіз, өмір-бақи сол тізімде боласыз деген сөз емес. Сондықтан мұнымен тоқмейілсіп қалмай, одан әрі еңбектенуіміз қажет. Болашақта мейрамхананы кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашып, Мишленнің жұлдызын алуға талпынғымыз келеді», – деп ағынан жарылды. Француздардың өте талғампаз, кірпияз екені әлем жұртшылығына белгілі. Сөйте тұра ел көңілінен шыққан қазақ қызының бұл ісі көпке үлгі боларлықтай.