565
Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс
Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс
Соңғы кезде Үкімет отырысында бір мәселе жиі сөз болуда. Ол – бюджет қаржысын тиімді пайдалану және игерілмей қалған ақшаның жай-жапсары. Бұл жолы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қабағы өте қатулы. Ол бюджетті игеру жұмысын лайықты атқармағаны үшін жазаланатын басшылардың тізімі бір апта ішінде белгілі болатынын қатаң ескертті.
Жиында Бақыт Сұлтанов еліміздің бас қаржыгері мәртебесіндегі соңғы баяндамасын жасады. Ол өз сөзінде Қаржы министрлігінің алдағы міндеттерін де анықтады. Қаржы министрі ретінде 2018 жылғы 8 айда мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындыларын шығарған Б.Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері ел қазынасының негізгі көрсеткіштері елеулі жақсарды. Мемлекеттік бюджетке 1 қыркүйекке дейінгі кезеңде 5 триллион 252 млрд теңге кірістер түсті. Бұл сома мемлекеттің 2015 жылғы бүкіл жылдық табысынан 74 миллиард теңгеге көп. Бюджеттің барлық деңгейінде кірістер жоспардағыдан артығымен орындалды. Атап айтқанда, республикалық бюджет жоспардан 103,7 пайызға, ал жергілікті бюджеттер жоспарлаған көрсеткіштерден 107 пайызға асты. «Нақтыланған жоспардың жыл аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергілер жоқ. Жалпы алғанда, мемлекеттік бюджеттің шығысы жыл басынан бері 7 трлн 439 млрд теңгені құрады. Оның 55 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Шығыстар бойынша игеру деңгейі айтарлықтай жоғары: республикалық бюджет – 98,6 пайызға, жергілікті бюджет 97,8 пайызға игерілд», – деді Бақыт Сұлтанов.
Республикалық бюджет шығыстары 6 трлн 277 млрд теңгеге жеткен. Бірақ 91 млрд теңге игерілмеді, соның ішінде 10,3 млрд теңге – үнемделген қаржы. Сонда нақты игерілмеу сомасы – 80,7 млрд теңге. Бұл 2017 жылдың 8 айындағы көрсеткішке қарағанда 21 млрд теңгеге аз. Ең көп игерілмеген қаржы – Қорғаныс министрлігіне (15,4 млрд теңге), Мәдениет және спорт министрлігіне (11,1 млрд теңге), Ауыл шаруашылығы министрлігіне (10,9 млрд теңге), Ішкі істер министрлігіне (9,5 млрд теңге), Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне (5,7 млрд теңге) тиесілі. Бұл қаражаттың бір бөлігі алда бюджетті нақтылау кезінде қайта бөлініске түспек.
Бір айта кетерлігі, жыл басталғалы жергілікті бюджеттен 3 триллион 74 млрд теңге жұмсалған. Бірақ 17 өңір қолы әрең жеткен қаржының 69,6 млрд теңгесін іске жаратпаған. Жалпы алғанда, 150 миллиард мемлекеттік бюджет қаражатының игерілмей қалуы жергілікті әкім-қаралардың жауапкершілігі төмендігін көрсетеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, Елбасы жариялаған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы іс-шараларын өңірлерде іске асыру кестеден біршама қалып келеді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикалық бюджеттен 73,5 млрд теңге аймақтарға арна тартты. Алайда соның тек 70,3 млрд теңгесі немесе 95,7 пайызы игерілді. Оның үстіне шенділердің қаржылық тәртібі де сын тудырады, олардың кейбірі бюджет ресурстарын рәсуа етуді жалғастыруда. «Бюджет қаражатының жұмсалуы тұрақты бақылауда. Жыл басынан бергі сегіз айда бюджет қаражатының 923 млрд теңгесі аудиторлық тексеріс шараларымен қамтылды. Барлығы 86,6 миллиард теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталған. Осы соманың 53,3 миллиард теңгесі аудит барысында қалпына келтірілді», – деді Б.Сұлтанов.
Көтерілген түйткілді мәселелерге мән берген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бюджетті игермеген лауазымды тұлғалардың қайсысын қандай жауапкершілікке тарту мәселесін бір апта ішінде қарап, анықтауды тапсырды. Ол бюджеттік қаражат елеулі көлемде игерілмей қалған министрліктерге жеке қайырылды: «Өте үлкен қаражат сомасы іске жаратылмаған, бұл ақшаға көптеген мектеп, аурухана, балабақша салып, жолдарды жөндеуге болатын еді. Бұл қаражат уақытылы игерілуге тиіс!», – деген ол енді осы қаржылар ведомстволардың иелігінен алынып, өзге мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қайта бағытталатынын жеткізді. Премьер-министр экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізе алмаған өңірлерге де жеке назар аударды. – Мемлекет басшысы кемінде 4 пайыздық жылдық өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім – небары 3,8 пайыз. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндамасында атап өткендей, жыл соңына дейін 4 пайыздық өсімге қол жеткізу үшін бізге ай сайынғы өсімді 4 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет болады. Демек, міндет күрделенді. Атқаратын жұмыс көп. Қабылданған шаралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпарат бір апта мерзім ішінде Премьер-министр кеңсесіне енгізілсін, – деді Б.Сағынтаев. – Негізгі мәселе ретінде Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралады. Әсіресе, парламенттік сессияның ашылуында берілген тапсырмаларға, сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» баса мән беріледі. Бізге тапсырмалардың орындалу сапасы, осал тұстарды анықтау және түйткілдерін шешу тетіктері тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау қажет, – деді Үкімет басшысы.
Цифрлы сауаттылықты арттыру жалғаса бермек
Сондай-ақ, Үкімет мүшелері халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру мәселелерін қарады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев педагогикалық құрам мен ата-аналардың ақпараттық жүйені қолданудағы біліктілігін арттыру үшін министрлік жүйелі жұмыс істеп жатқанына екпін түсірді. Жыл сайын мұғалімдер біліктіліктігін жетілдіру курстарына қатысады. Осы оқыту кезінде цифрлы технологиялардың дамуы мен оны қолдану аясының кеңеюіне байланысты оқу құралдарының мазмұнын жақсарту мәселесі де қарастырылады. Сондай-ақ, бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастырып, тәжірибе алмасу, педагогтар бір-бірімен әлеуметтік желі және чаттарда тәжірибесімен бөлісулері үшін қоғамдық желілер де құрылып жатыр. – Оқу үрдісіне автоматтандырылған ақпараттық жүйенің келуі ұстаздармен қатар, ата-аналарды да оқыту қажеттілігін тудырып отыр. Мысалы, биылғы республикалық ата-аналар жиналысында 1,6 млн ата-анаға білім беретін ақпараттық жүйелерді қолдану, ата-аналар чатын ашу, мемлекеттік қызметті автоматтандыру, түрлі мобильді қосымшалармен жұмыс істеу механизмі паш етілді, – деді БҒМ басшысы. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында медицина қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығы мен денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді игеруі үшін мамандар арнайы оқытылады. Қазір 740 денсаулық сақтау ұйымында 182 мыңнан астам адам жұмыс істейді. «2018 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеуді 44 869 дәрігер мен 118 035 орта медицина қызметкері үйренген. Компьютерлік сауаттылығын 46 282 дәрігер және 125 729 орта медицина қызметкері арттырды. Министрлік жыл соңына дейін барлық 182 мың қызметкерін оқытып, 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр», – деді Е.Біртанов. Медициналық ұйымдарда 471 цифрлы сауаттылық бекеті құрылып, онда мамандар мобильді қосымшаларды және электронды денсаулық сақтау қызметтерін қалай пайдалану керектігін көрнекі түрде көрсетеді. Бұл емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайтуға ықпал етуге тиіс. Білім және ғылым министрлігі Ақпарат және коммуникациялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірге салалардағы қажеттілікті назарға алып, мамандарды оқытуға және цифрлы сауаттылығын арттыру бағдарламаларын жаңартуға міндеттелді.