3013
Демография: Көп ұлт алып та жығады, шалып та жығады
Демография: Көп ұлт алып та жығады, шалып та жығады
Бүгінгі Қазақстан үшін ең маңызды қос мәселе – көші-қон мен демографиялық өсім. Халық санының өсімі еліміздің болашақта өркениетті елдердің қатарынан қалмай нық және мығым тұруы үшін қажет.
Жалпы, еліміздегі демографиялық саясатты белсенді және мақсатты түрде жүргізу керектігі көп жылдан бері айтылып келеді. Бала тууды ынталандыру, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын тапшылығын жою, өлім-жітімді, әсіресе ана мен бала өлімін азайту, отбасы мен неке институтын нығайту, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, көші-қон саясатын тиімді жүргізу – осы саладағы басым бағыттар.
Қазақтар қалай азайды?
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді», – деді. Расында, Кеңес одағы орнаған тұста қазақ халқының демографиялық потенциалы өте жоғары болғаны тарих беттерінен мәлім. Сол кезеңде қазақтар Орталық Азияда басқа этностардың арасында саны жағынан ең көбі еді. Белгілі демограф, марқұм Мақаш Тәтімов зерттеген деректер бойынша, аштық әсерінен қазақтар халық санының жартысына жуығынан айырылған. Аштыққа ұшыраған халықтың басым бөлігі қырылды. Бір бөлігі көрші елдерге қашып, босты. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Тарбағатай, Жетісу өңіріндегі қазақтар Қытай, Моңғолияға асты. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе тұрғындарының бір бөлігі Өзбекстан, Ауғанстан және Иранға ауды. Жамбыл облысының халқы қырғызға жетсе, Маңғыстау халқы Түркіменстан мен Өзбек жерінде тентіреді. Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыста 2 миллионнан аса қазақтың 350-400 мыңы соғыста қайтыс болды. Демографтың ойынша, егер осы оқиғалар болмағанда, қазақтардың саны осы күні 32-35 миллионға жетуі мүмкін еді. Олай бола алмады. Десе де, шүкір дейік, қазір қазақ халқының саны күн санап артып келеді. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Жалын» журналында шыққан «Халық санағы: өсу мен өшу» атты мақаласында мынадай деректер келтірген: «Қазақстан тарихында 1897 жыл мен 2009 жылдар аралығында он бір рет халық санағы өткізілген болатын. Халық санағының бастапқы екеуі (1897, 1911 ж.) патшалы Ресей заманында, яғни бодандық қамыты мойынға ілінген отаршылдық кезеңде Ресей империясының мүддесі тұрғысынан жүргізілген болатын. 1897, 1911 жылғы қазақтар арасында Ресей империясы жүргізген халық санағында әр отбасында орташа есеппен 5 адамнан болады деген мөлшерді негізге алған. Бірақ 1897 жылғы халық санағында қазақтар жайлаған ұлан-байтақ жерлер тұтас қамтылмаған еді. Әрине, шекараның ар жағындағы қытай, моңғол қазақтары да есепке түспей қалған болатын. Осының өзінде Ресей қоластындағы қазақтардың саны – 3 млн 787 адам деп көрсетілсе, 1911 жылғы санақта – 4 млн 692 қазақ болды. Яғни, 15 жыл ішінде қазақтар 905 000 адамға көбейген. 1916 жылы 6 млн болған қазақ өсіп, өркендеудің орнына 1940 жылы 1 млн 900 мыңға дейін құлдырап, 3 еседен аса азайған. Ал бұл кезде көршілес отырған өзбек, қырғыз, түрікпен, тәжік, ұйғырлар 5 еседен, өзбектер 12 есеге дейін көбейіп, үнемі өсіп, өрлеу жолында болған. Бұл халықтардың бәрі де бір саяси жүйеде, бір мемлекет ішінде өмір сүрді. Бірақ қазақтар елден ерекше өсудің орнына өшіп, азайып, саны жағынан төмен қарай құлдырап отырған».Тәуелсіз елдің өсімі қандай?
Ол күндер артта қалып, еліміз тәуелсіздік алғалы Қазақстан бірінші кезекте халық демографиясын арттыруға басымдық берді. Алыс-жақын шетелдердегі бауырлардың туған Отанына келуіне барлық жағдайды жасай бастады. Ана мен бала денсаулығына ден қойып, ел болашағы – сау, білімді, білікті әрі қабілетті ұрпақтың қолында деді. Әлемге шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, алқалы жиналыс өткізген Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойлау, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрілетінін талқылау. Құрылтай барысында әлем қазақтарының ұйытқысы болатын қауымдастық құрылды. Ең бастысы – тұңғыш Құрылтай алыстағы ағайынның елге оралатын ұлы көшіне қозғау салып берді. 2002 жылы қазанның 23-інде Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өткізілді. Онда қалай көшіп келу, білім алу, еңбек ету мәселелері қаралды. Қазақстанға 2 млн қазақ көшіп келуге дайын отырған. Дүниежүзі қазақтарының ІІІ Құрылтайы 2005 жылы 28-30 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткізілді. Бұл құрылтайда Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылдан бастап 2005 жылдың шілде айына дейін елімізге барлығы 110 мың 591 оралман отбасы қоныс аударғандығын айта келіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейгендігін атап өткен еді. Одан бері де көшіп келушілер тоқтаған емес. Халық санағы – мемлекеттегі ел тұрғындарын анықтау үшін қолданылатын процесс. Ол елдегі барлық балалар, жастар, қарттар санын және әр аумақтағы халықтың құрылымын, әлеуметтік-экономикалық сипатын жинақтау үшін қажет. Халық санағының мәліметтері болашақта, әрбір елді мекенде – неше мектеп, неше аурухана, неше перзентхана салу керек деген сұрақтарға жауап береді. Сондықтан халық жүргізілетін санаққа дұрыс көңіл аударғаны абзал. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстанда халық санағы екі рет өткізілген – 1999 және 2009 жылы. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 14 млн 953 мың адам, ал 2009 жылғы санақ бойынша 16 миллион адам болды. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айында келесі, яғни үшінші халық санағы 2019 жылдың қарашасына жоспарланғаны туралы ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов айтқан еді. «Халық санағын 2019 жылдың қараша айында өткізу жоспарланып отыр. Негізгі жаңашылдық – компьютерлендіру болмақ. Яғни, арнайы интернет-портал ашылып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдай алады», – деді вице-министр. Сонымен қатар, санақ кезінде мамандар планшет қолданатынын айтып өтті. «Олар планшетпен жүріп, ақпаратты бірден мәліметтер базасына жолдап отырады. Бұл біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден, қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді. Яғни, ЖСН сай келе ме, жоқ па – бірден тексеріліп отырады. Егер халықтың біршама бөлігі интернет арқылы тіркелсе, санақшыларға түсетін жүк айтарлықтай жеңілдейді», – деп атап өтті ол. Жаңа санақ жүйесі 2018 жылдың сәуірінен бастап Аягөз (Шығыс Қазақстан облысы) және Бурабайда (Ақмола облысы) пилоттық жоба ретінде басталып, планшет, интернет формалардың жұмысы тексерілуде. Сондай-ақ, соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда соңғы он жылда өлім-жітім азайып, халық санының прогрессивті өсу дәрежесі көтеріліп келеді. 2018 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша, Қазақстанда халық саны 18 млн 232 адамды құраса, соңғы 5 айда 103 мың адамға өсіп, 1 маусымда 18 253,3 мың адамға жеткен. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 238,5 мың адамға немесе 1,3 пайызға көп. Атап айтқанда, оның ішінде қала тұрғындарының саны 10 млн 514,3 мың адамды немесе жалпы халықтың 57,6 пайызын құраса, ауылдық жерде тұратын адамдар саны 7 млн 739,8 мың адамға жетті. Жалпы республика бойынша халқы көп өңірлер қатарының алғашқы үштігін Түркістан облысы, Алматы облысы және Алматы қаласы бастап тұр. Ал төртінші-бесінші орындарға Астана мен Шымкент қалалары орналасты. Екеуінің де 1 млн-нан астам халқы бар. Түркістан облысының халық саны 2 млн 929 мың адам. Алматы облысының халқы 2 млн-нан асты, ал алматылықтар саны 2 млн-ға жуықтады. Әр облыстағы жағдай бойынша қазіргі уақытта Қостанай облысында 881,5 мың адам (Ұлттық құрамы: қазақтар – 35,9%, орыстар – 40,7%, украиндар – 11,5%, немістер – 3,8%, басқа ұлттар – 8,1%); Ақмола облысында 860,5 мың адам; Қызылорда облысында 787,7 мың адам; Павлодар облысында 754,6 мың адам; Маңғыстау облысында 662 мың адам тұрып жатыр. Елдің демографиялық саясаты оң бағытта дамығанымен, көші-қон мәселесі аздап алаңдатып отыр. 2018 жылдың қаңтар-сәуірінде 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 25,1 пайызға азайып, Қазақстаннан кеткен адамдар саны 20,8 пайызға артқан. Негізгі миграциялық алмасу ТМД елдерімен болып отыр. ТМД елдеріне келгендер мен кеткендердің саны сәйкесінше 77,3 және 88,8 пайызды құрайды. Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 24,9 пайызға азайды. Өңіраралық көшіп-қонудың оң сальдосы елдің төрт өңіріне – Алматы (12 013 адам) және Астана (3699 адам), Маңғыстау (48 адам) және Ақмола (39 адам) облыстарына тиесілі. Елбасы Н.Назарбаев таяуда Қарағанды қаласына барған жұмыстық іс-сапарында тұрғыны миллионға жететін келесі қала осы Қарағанды болуы керек деп сенім білдірді. Бүгінде бұл өңірде 500 мың адам тұрады. Себебі мұнда бес айдың ішінде жаңа туған сәбилер саны 39 адамға артқан. «2018 жылдың бес айында АХАТ органы 9163 жаңа туған сәбиді тіркеген. Соның ішінде 7399 нәресте – қалалық жерде және 1764 сәби – ауылдық жерде дүниеге келген. Сәбилердің арасында ұлдардың үлесі 52,8 пайызды құраса, қыздар – 47,2 пайыз. Яғни, әр 100 қыз балаға 111,7 ұлдан келіп отыр», – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Сәуле Комутова. Соңғы жылдары Қазақстанда ер жігіттерден қыздар көп деген дәйектерге құлағы үйреніп қалған адамдар үшін жақсы жаңалық бұл. Себебі қазіргі туылым санының есептік көрсеткіші бойынша қыз балаға қарағанда, дүниеге ұл балалардың келуі көбейген. Сондай-ақ, Түркістан облысында жыл сайын демографиялық потенциал артып, ана мен бала өлімі азайып келеді. Бұл облыс, әсіресе, егіз және үшем балаларды дүниеге әкелумен ерекшеленеді. «Осы уақыт ішінде сексеннен аса үшем туылған. Ал бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны – 800-ге жуық. Он жылда туылған жергілікті егіздер саны 7 мыңнан асады. Тек соңғы мерекелік бес күннің өзінде облыс аумағында 700-ге жуық сәби, ал 2017 жылы облыста барлығы 76 353 сәби дүниеге келген. Олардың жартысына жуығы Шымкент қаласында туған. Бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы қатарда Түркістан қаласы, Сарыағаш, Мақтарал және Сайрам аудандары тұр», – деп келтірді статистика мәліметтерін ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Облыстық баспасөз қызметінің жалпы статистикалық мәліметіне сәйкес, соңғы 10 жылдың ішінде облыста жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады екен.Күнгейден сән түзеген көш
Демография өсімінің көш басында тұрған Түркістан облысы тұрғындарының 2016 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысына көшіп, халқы аз аймақтарды толықтырумен қатар, жұмысын жандандырып жатқанын да естен шығармау керек. 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына 2016 жылы жаңа тармақ енгізіліп, үкімет оңтүстік аймақтарды – халқы көшуші, солтүстік аймақтарды – көшті қарсы алушы аймақтар ретінде белгілеген еді. Себебі соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы халқының көрші Ресейге және облыс орталығы Петропавлға көшуі арта бастаған. Ауылдарда адам саны азайғаннан кейін мектеп пен балабақшалар жабылып, кең жерлер игерусіз қала берген. Мысалы, 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 миллионға жуық адам болса, ал Солтүстік Қазақстан облысында 600 мыңдай ғана тұрғын болған. Жалпы, ел билігі тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіруді қолға алғанына 2 жылдай уақыт өтті. Алайда осы жылдарда қанша адамның солтүстікке көшіп барғаны жайында нақты дерек жоқ. 2016 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2020 жылдары еліміздің солтүстігіне 60 мыңға жуық отбасы қоныс аударатыны жайында хабарлаған болатын. Құзырлы ведомстводағы мамандардың болжамына қарағанда, алдағы 5 жылда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы 167 мың адамға көбейеді. Расында да, мемлекет көшкен жұртты қолдауға барынша жағдай жасауда. Біріншіден, көшіп-қонуға 84,2 мың теңге көлемінде жәрдемақша беріледі. Сондай-ақ, әр отбасына тұрғын үйді жалға алуға және сатып алуға ай сайын 1 жыл бойына 36,1 мыңнан 72,2 мың теңгеге дейін қаржы төленеді. Екіншіден, биылдан бастап бір мезгілде жұмысқа кем дегенде 5 адамды қабылдаған жағдайда, жұмыс берушілерге 450 айлық есептік көрсеткіш (1 млн 82 мың теңге) көлемінде қосымша жәрдемақша бөлінеді. Айта кетейік, бүгінге дейін 9,1 мың қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке көшуге ниет білдіріп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Ол биыл солтүстіктегі маман тапшылығын толтыру үшін 2328 отбасын (9,1 мың адам) көшіру жоспарланғанын мәлім етті. Биылғы көштің жалпы бюджеті 2,4 млрд теңгені құрайды, бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 4,4 есеге өскен. Ал тұрғындардың ең көбі (767 отбасы, 3,4 мың адам) Солтүстік Қазақстанға қоныстанады. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан (714 отбасы, 2,5 мың адам); Павлодар (460 отбасы, 1,8 мың адам); Қостанай (297 отбасы, 1,2 мың адам) облыстары тұр. Ресми дерекке сүйенсек, 1 шілдеге дейін 412 отбасы немесе 1607 адам көшкен. Соның ішінде 350-і жұмыс орындарын тауып, 1341 бала балабақша мен мектепке орналасқан. 68 түлек колледж бен университетке түсіпті. Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі реформаланды. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 млн-нан 17 млн адамға дейін өсті. Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды. Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35.Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан