364
Түркістанда оңды істер, батыл қадам
Түркістанда оңды істер, батыл қадам
Егін егіп, мал баққанға береке келер
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша айтулы өңір. Осы тұрғыда өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіту мәселесі күн тәртібіне шықты.
Түркістан облысы әкімдігінде өткен селекторлық жиында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдеріне ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған. Облыстың экономикалық драйвері – ауыл шаруашылығы саласы екенін алға тартқан әкім саланы мықтап қолға алу қажеттілігін міндеттеді. «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы (АӨК) даму бағдарламасының» 2018 жылдың 6 айының қорытындысын жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков саладағы атқарылған істерге тоқталды. «Өткен жарты жылдықтағы саладағы жалпы өнім көлемі 146,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд теңгеге артқан. Республикада өнім көлемі бойынша облыс үлесі 14,6 пайызды құрап, 2 орынға ие. Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн АҚШ долларына жетіп, 18,2 пайызға артты. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде», – деді басқарма басшысы. Ал аймақ басшысы С.Тұрбековтен соңғы әкімшілік аумақтық өзгерістерге байланысты Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қандай бағыттарға басымдық берілетінін тәптіштеп сұрады. «Облыстағы жасыл белдеу аймағын ұлғайтып, мал шаруашылығы саласы мен тамшылатып суғару жүйесін мықтап қолға алу қажет» деген басқарма басшысының жауабына қанағаттанбаған әкім жан-жақтан ғалымдарды шақырып, кешенді тұжырымдама жасамаса, саладағы жұмыстардың ақсайтынына алаңдаушылық білдірді. «Бірінші кезекте облыстың экономикалық драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Сондықтан 1 ай мерзімде әрбір ауданға ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен бірге, сала бойынша Үкімет бекітіп берген индикаторлардың орындалуы қатаң бақылауға алынсын», – деді Ж.Түймебаев. Басқосуда өзге де тапсырмалар жүктеген облыс басшысы су шаруашылығы нысандарын да республикалық меншікке өткізу жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді. Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін және экспорт көлемін алдағы 5 жылда 2,5 есеге ұлғайту керек деген тапсырма берген болатын. Президент жүктеген бұл міндет Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты. Бұл құжатты әзірлеу барысында барлық ауыл шаруашылығындағы салалық қауымдастық өкілдері, фермерлер, өзге де мамандармен пікірлер алмасып, ақыл-кеңестері ескерілді. Жаңа бағдарлама жобалық менеджмент, яғни жобалық басқару арқылы іске асырылады. Бір жоба үлгі ретінде алынып, қалғаны соған қарай бой түзейді. Сонымен бірге, басқару кеңесі құрылады. Оны Премьер-министр орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев басқарады. Кеңес құрамына ҚР Ұлттық экономика, Қаржы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық холдингі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Бағдарлама мерзімі 2021 жылға дейінгі аралықты қамтығанымен әрі қарай салалық бағдарлама болып 10 жылға дейін ұзартылған. Өйткені кез келген жобаны жүзеге асыру үшін кемінде осыншама жыл уақыт жұмсалады. Бағдарлама ауыл шаруашылығындағы барлық саланы қамтиды. Әрбір осындай бағдарламаның жетекшісі бекітіледі. Мұндай басқарушылық тәсіл Қазақстанда бірінші рет жүзеге асқалы отыр. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында бәсекелестік күшейіп келеді. Бұрын бидай мен ұн экспортына сүйеніп келген Қазақстан нарықтағы орнын жоғалтпау үшін бәсекелестермен әжептеуір текетіреске түсе бастады. Сондықтан осы саладағы экспорт қазір оңтүстік бағытындағы Өзбекстан, Ауғанстан, Иран елдеріне ғана ашық күйінде қалуда. Есесіне, ет өнімдерін экспорттаудың жаңа нарықтары пайда болды. Сол үшін де жаңа бағдарламада бірінші басымдық ет индустриясына берілді. Одан кейінгі кезекке сүт, құс, жұмыртқа өндірісі, суармалы жерлерді игеру мәселесі қойылды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 3 кіші бағдарлама қабылданды. Оның біріншісі, жоғарыда айтып өткен салалық бағдарлама, екіншісі, әр облыстың ерекшелігіне қарай әзірленген және индикаторлары аудан-ауданға бекітілген аумақтық бағдарлама және соңғысы, қосымша іске асырылатын салааралық бағдарлама. Ол әлеуметтік салаға жауапты өзге министрліктердің бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа стратегиясы бойынша фермерлерге жайылым, қаржы және қара малды шетелден сатып әкелу мәселесінде айтарлықтай көмек көрсетіледі. Көрсеткіштердің нақты орындалып жатқаны жөнінде облыс әкімінің орынбасарлары, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі әр тоқсан сайын есеп беріп отыруға міндеттеледі. Қазақстан әлемде жайылымдық жер көлемі жағынан бесінші орында. Бірақ, соның 30 пайызы ғана қолданыста. 110 млн гектар жайылым жерасты және жерүсті су көздерімен қамтылған. Бұл мал шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осы салалық бағдарламаны әзірлеу барысында ірі қара мал шаруашылығы дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесі негізге алынды. Алдағы 10 жылда Қазақстанда ірі қара өсіретін фермерлер класы қалыптасатын болады. Соның нәтижесінде экспорт көлемін 2,4 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Еңбек өнімділігі де 1 мыңнан 8 мың АҚШ долларына арта түседі. Бағдарлама бойынша фермерлік шаруашылық құруға 50 млн теңге кетеді екен. Бұл соманың 40 млн теңгесі несие, лизинг есебінен алынады. «Сыбаға» бағдарламасымен 15 жылға 4 пайызбен несие беру қарастырылып отыр. Болжамға сәйкес фермер аналық мал сатып алып, оны тұқымдық түрлендіріп, жылына 50 сиырдан кемі 40 бұзау алса, сөйтіп жартысына жуық ұрғашы төлдерді өзіне алып қалса немесе сатса, ал өгізшелерді мал бордақылау алаңдарына тапсырады. Бұдан жылына жұмсалатын 2,5 млн теңге шығынды алып тастағанда түсетін таза пайда 4,5 млн теңге болады екен. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта өндірістік мал бордақылау алаңдарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін фермерлер санын көбейту қолға алынады. Мәселен, Қазығұрт ауданында осы тәртіппен кәсіптерін дөңгелеткен 82 шаруашылық бар. Енді оларды 230-ға көбейту мақсаты тұр. Бір ғана Алтынтөбе ауыл округінде 10 жылда фермерлік шаруашылықтар 20-ға артады деп болжануда. Яғни, жыл сайын отбасылық фермерлер көбейіп отырады деген сөз. Сондықтан да сарапшылар бағдарламада міндетті көрсеткіштер өте оңай қол жеткізуге болатындай етіп бекітілгенін айтады. Содан кейін шаруаларға жер екі жағдайда беріледі. Бірі – конкурстық негізде болса, екіншісі – Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, инвестициялық жобаларға ауыл шаруашылығы жері арнайы алгоритм негізінде үлестіріледі. Сондықтан мамандардың пікірінше, жергілікті ауыл әкімдері өз ауылдарына инвестиция тартып, осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы тиіс. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша алдағы 10 жылда еліміздегі 18 мың шағын фермерлік шаруашылықтарды 100 мыңға жеткізу, сөйтіп солардың есебінен қосымша 500 мың жаңа жұмыс орнын құру, сонымен бірге, ірі қараны 7 миллионнан 15 миллионға, ұсақ малды 18-ден 30 миллионға өсіру көзделуде. Мұнымен қоса, облыстың әрбір ауданында 3-5 мың мал бордақылауға арналған алаңдар ашылады. Ет зауыттары терең өңдеу технологияларымен қайта жарақталып, ет экспортына кедергі келтіретін жағдайлар толығымен реттеледі. Қысқасы, фермерлерге мал өсіруге барлық жағдай жасалады. Әсіресе, «Қазагро» ұлттық басқарушы холдингінің» еншілес компаниялары арқылы 15 жылға 4 пайызбен және 30 айлық демалыспен несие берілмек. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүрековтің айтуынша, 2017-2021 жылдарды қамтитын ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі көрсеткіштерінің басты индикаторлары бекітіліп, аумақтық бағдарлама концепциясы әзірленген. Әкім орынбасарының берген мәліметіне сүйенсек, биылғы 6 айда агроөнеркәсіп саласында 183 мың адам еңбек етсе, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 518 мың теңгені құраған. Жыл басынан бері облыста 146,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліпті. 150 млн АҚШ долларына тауар экспортталса, былтыр негізгі капиталға 38 млрд теңге инвестиция тартылған. Суармалы жер көлемі 11 мың гектарға артып, бүгінде 448 мың гектарға жетті. Ұзақ мерзімді кіші бағдарлама аясында 224 мың ірі қара бордақылайтын алаң, 33,4 мың сиырға арналған тауарлы сүт фермасын, 22,4 мың тонна көкөніс сиятын қоймалар салу және 349 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсат болып белгіленді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Жолдауында етті мал шаруашылығының рөліне ерекше тоқталған болатын. Осы мақсатта Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Шұқырбұлақ елді мекенінде «Адал» шаруа қожалығы 3000 бас ірі қара малды бордақылауға арналған бірнеше алаңды ашуды жоспарлап отыр. Жалпы, мал жайларын салу екі кезеңде іске аспақ. Атап айтқнда, 1500 басқа арналған алаңдар биыл іске қосылса, 2019 жылы қосымша 1500 басқа арналған алаңдардың құрылысын жүргізу межеленген. Нәтижесінде шаруа қожалық жылына шамамен 1200 тонна ірі қара мал еті өңдірілмек. Жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. Аталған жоба толығымен іске қосылған жағдайда 30 адамға жұмыс орны ашылатын болады. Бұдан өзге, аудандағы мал шаруашылығына қажетті егін түрлерін егетін диқандардың өнімдеріне сұраныс арта түспек. Қазіргі таңда аудан аумағында 268 мал бордақылау алаңшаларында 2200-ден астам жылқы мен 2 мыңдай ірі қара мал бордақылануда.Шаруалар да нарыққа бейім
Түркістан облысының қай ауданын алсаңыз да, ауыл шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Соның бірі – Отырар ауданы. Бүгінде аудандағы Қоғам ауыл округіне қарасты «Ынтымақ» шаруа қожалығы құрылғанына төрт жыл болса да өнімді еңбек етіп келеді. Олар 35 гектар алқапқа голландтық сұрыпты жүгері дақылын егіп, өнім алуда. Жүгерінің аталған сортының паясы аласа болғанымен әр пая 2-3 собықтан байлайды. Алқапты терең қопсыту технологиясымен өңдеу және Ө.Оспанов атындағы топырақтану институты ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу нәтижесінде әр гектардан 150 центнерден өнім алу жоспарланған. Ал мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сызған» шаруа қожалығында бүгінде 55 сиыр, 150 жылқы, 2500 уақ мал бағылуда. Оның 1500-і саулық қой. Биыл әр 100 саулықтан 110 қозы алынды. Жұмысын дөңгелетіп отырған шаруашылықтың жайылымдық жері 1300 гектар, онда 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Айлық жалақылары – 70 мың теңге. Жайлы баспанамен қамтылып, жағдайлары жасалған. Қыстық жем-шөп қоры қазірден жасақталып, мал басын одан әрі өсіруге бар мүмкіндік қарастырылған. Құрылғанына он жеті жыл толып, қазіргі кезде нарыққа бейімделген «Әшірбай» ЖШС 46 гектар алқапқа жүгері, 4 гектарға жоңышқа еккен. 10 гектарға егілген дәмі тіл үйірер қауыны мен 5 гектар алқаптағы шөл басар қарбыздары жүк көліктеріне артылып, Ресейге экспортталуда. Атап өтерлігі, серіктестік Ө.Оспанов атындағы топырақтану институтымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы шаруашылықты ғылыммен ұштастырып, мол өнімге қол жеткізуде. Себебі мамандар тұқым себер алдында топырақтың құнарлылығын тексеріп, мол өнім алудың тетіктерін көрсетіп берген. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары Отырар шұбаты брендке айналған. Еліміздің ірі мегаполистерін айтпағанда Ресейдің ірі қалаларында сұранысқа ие болып отыр. Шаруасын 5 түйемен бастаған «Гүлмайра» шаруа қожалығы бүгінде ірі шаруашылыққа айналған. Негізгі бағыты түйе сүтін өңдеу болып табылатын қожалықта бүгінде 380 түйе бар. Оның 125-і сауылатын інгендер. Сүт өңдейтін цехтың тәуліктік қуаттылығы – 1,5 тонна. Осында 16 адам жұмыспен қамтылған. Жыл сайын мал басының көбеюіне байланысты жаңа қоралар салынып, шаруашылықтың ісі ілгерілеуде. Аталған шаруашылықтардың жай-күйімен жете танысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің әлі де көбейетінін айтып, жұмыстарына табыс тіледі.Отырарда – жаңа индустриялық аймақ
Түркістан облысының Отырар ауданында жаңа индустриялық аймақ құрылды. Жобаға аймақтан 97 гектар жер қарастырылды. Индустриалды аймақтың жалпы құны 1 млрд 359 млн теңгені құрайды. Аталған аймақтың іске қосылуы отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндіктер бермек. Ауданда өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 53 млрд 884 млн теңгені құраған. Ағымдағы жылы аудан экономикасының ішкі өнім көлемін 61 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. «2017 жылы ауданның өнеркәсіп орындарында 16 млрд 152 млн 400 мың теңгенің өнімі өндірілген. Биыл аталған салада 17 млрд 600 млн теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексін 104,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өткен жылдың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 13 млрд 898 млн 900 мың теңгені құрап, облыстағы ауданның үлесі 2,9 пайызға жетті», – деді Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданда ағымдағы жылы 7 жоба жүзеге аспақ. Кәсіпкерлік саласында жалпы статистикалық мәліметке сәйкес, аудандағы тіркелген субьектілер саны – 4556 болса, оның 90 пайызы бүгінде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, аймақта осы уақытқа дейін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша 826 ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 48 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылған. Аудандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі өткен жылы 16 млрд 506 млн теңгені құраса, биыл бұл межені 20 млрд 826 млн теңгеге жеткізу көзделуде. Құрылыс саласында ағымдағы жылы 16 нысан қарастырылған. Оның ішінде 9-ы күрделі жөндеуге, 7 нысан ағымдағы жөндеуге ұсынылды. «Жеке тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жұмыстары бойынша биылғы жоспар облыстық құрылыс басқармасымен 11 мың шаршы метр болып белгіленген. І-тоқсанда бұл көрсеткіш 2484 шаршы метрге орындалып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 124,4 пайызды құрады. 2018-2020 жылдары жалпы ауданы 18,5 мың шаршы метрлік 362 пәтер пайдалануға берілетін болады», – деді Ерлан Айтаханов. Инфрақұрылым саласында аудан көлеміндегі 22 елді мекенге газ жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттар дайындауға бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі таңда Шәуілдір жене Темір ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің 25-і орталықтандырылған құбыр суымен, 6-ы «Қазақстан Темір Жолы» АҚ арқылы ауыз сумен қамтылса, 7 елді мекен құдық және ұңғы суын пайдаланады. Бүгінгі таңда өңірде білім беру ұйымдарының жалпы саны – 40, типтік жайда орналасқаны – 27, ыңғайластырған жайда – 13 мектеп бар. Аудан көлемінде апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Айта кетерлігі, Отырар ауданында халықты жұмыспен қамтамасыз етудің 2018 жылғы кешенді жоспары бойынша 2500-ге жуық адамды жұмыспен қамту межеленген.Пластиктен тоқыма талшықтары жасалады
Түркістан облысында полиэтилентерефталатты (ПЭТ құты) қайта өңдеу және штапельдік талшық шығару зауытының құрылысы аяқталды. Зауыт толықтай іске қосылған кезде 250-ден астам жұмыс орны ашылады. Аталған жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 200-250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жобаны іске асырудың инвесторлары – қазақстандық GreenTechnology Industries компаниясы мен Hong Kong General Industry And Commerce Co Ltd (ҚХР) шетелдік серіктес компаниясы. Қазіргі таңда зауытта ПЭТ қалдықтарды жуу, кептіру және бөлшектеу бойынша өндірістің бірінші кезеңі іске қосылып, 73 адам жұмыс істеп жүр. Бүгінде компания келесі кезең – штапельдік талшық шығаруды ұйымдастыруды қолға алды. Hong Kong General Industry And Commerce Co Ltd (Гонконг) – Tianrun Group халықаралық холдингінің еншілес компаниясы. Бұл секциялық жылыту радиаторларының ең ірі өндірушісі және экспорттаушысы. Холдингтің айналымы жылына 400 млн АҚШ долларын құрайды, Қытай мен Еуропада өндірістік қуаттылықтары бар. Kazakh Invest тарапынан жобаны газбен жабдықтау желілеріне қосу кезінде, сондай-ақ, шетелдік серіктес компанияның басшылығы мен мамандарына жұмыс визасын алу кезінде көмек көрсетілді. Ресми статистика бойынша, жыл сайын Қазақстанда 5-6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жиналады, оның шамамен 150-200 мың тоннасын ПЭТ қалдықтар құрайды. Сонымен қатар, ҚТҚ-ның тек 3-5 пайызы қайта өңделеді немесе кәдеге жаратылады. «Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет ПЭТ қалдықтар дайын өнім – штапельдік талшық шығаруға жұмсалатындығымен бірегей. Синтетикалық талшықтың бұл түрі мыжылмайды, күйіп кетпейді және көп уақыт бойы беріктігін сақтайды, гипоаллергенді қасиетке ие. Одан жасалған заттар қолмен ұстаған кезде жағымды, оңай жуылады. Сондай-ақ, өнім құрылыс қоспаларында қолданылатын болады, осылайша құрылыс жұмыстарының сапасын жақсартуға жол ашады», – деді GreenTechnology Industries атқарушы директоры Клара Әбдірахманова. Бұдан өзге, полиэфирлік талшықтардан 3D принтерде басып шығаруға пайдаланылатын филаментке арналған (1,75 немесе 3 мм пластмасса жіп) материал жасауға болады. Жобаның жалпы құны – 20 млн АҚШ доллары. Жыл сайын зауытта 50 мың тонна дайын өнім шығарылады деп жоспарланған. Жасанды талшық – бұл өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал. ПЭТ-ті қайта өңдеу Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға әсер етеді. Еске салайық, бұл жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Жобаны әлемге танымал шетелдік HONGKONG TIANRUN CO…LTD ірі өндіріс компаниясы облыс әкімдігімен және Green Technology Industries компаниясымен бірлесе отырып салуда. Бүгінде бұл компания 70 мемлекетте өндіріс орындарын ашып үлгерген. Айта кетейік, аталған индустриалды аймақта 1 583 жұмыс орны ашылып, соммасы 65 716,9 млн теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 107 жұмыс орнымен қамтылған, қаржысы 7 788,9 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылған.Қағаз қалдығын өңдейтін зауыт
Түркістан облысындағы «Бумпром» ЖШС қағаз қалдықтарынан картон шығару ісін жандандырып келеді. 2016 жылы іске қосылған жобалардың бірі «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқанын айта кеткен жөн. Жобаның жалпы құны 200 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 4 мың, ал айына 350 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бүгінде мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысының орынбасары Серік Ташназаровтың айтуынша, зауытқа қажетті шикізат Қызылорда, Алматы, Шымкент қалаларынан тасымалданады. Бүгінде зауыт басшылығы өндіріске қажетті қағаз қалдықтарының бір келісін 40 теңгеден сатып алып отыр. «Зауыт тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қағаз қалдықтары, яғни макулатура қажет. Қазіргі таңда шикізаттың бағасы күннен күнге өсіп жатыр. Өйткені біздің нарықтағы қағаз қалдықтарын өзбекстандық кәсіпкерлер сатып алуда. Олар бүгінде макулатураның бір келісінің бағасын 60 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына шикізаттың осы түрін шетелге шығаруға шектеу қойса деген ұсынысымызды жолдадық», – дейді Серік Ташназаров. Зауытта тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған қондырғы Қытайдан арнайы әкелінген. Қағаз қалдықтарын жібітіп, қайта картон ететін құрылғыда жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Қытайлық мамандардың арнайы оқытуынан өткен олар қондырғыны толық меңгерген. Қазіргі таңда зауыт өнімдеріне сұраныс мол. Әсіресе, тапсырыстар Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарынан жиі түседі. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өз өнімдерін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жөнелтуді жоспарлап отыр.Тұңғыш өтетін инвестициялық форум
Түркістан облысында осы жылдың 28-ші қыркүйегінде алғаш рет «Ежелгі Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум өткізу жоспарлануда. Шараға әлемнің Түркия, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдері қатысатын болады. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүрековтің сөзінше, тұңғыш рет өткізілгелі отырған халықаралық деңгейдегі шара аймақ экономикасының перспективасы жоғары бағыттарында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен қызметтестікті одан әрі кеңейту арқылы өңіріміздің инвестициялық әлеуетін көтереуге бағытталған. «Форумның негізгі мақсаты – халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен жыл сайын өтетін нетворкингке арналған халықаралық алаңын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын шетелдік инвесторларды тарту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Сондай-ақ, туризм – өңірдің дамуында және инвестиция тартуда ең басты және маңызды бағыттардың бірі екені белгілі. Яғни, инвестицияның басым бөлігі осы перспективалы салаға бағытталатын болады. Нәтижесінде облысымызға келетін туристер саны еселеп артатын болады деген сөз. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде шараға қатысуға шетелдік инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр», – деді Ербол Қуанышұлы. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары өңірдегі ауылшаруашылығы саласына байланысты жылыжай кешендері, қарқынды бақшалар мен агропарктер, сондай-ақ, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп пен инфрақұрылым бағыттарына инвестиция тарту жұмыстары атқарылатынын жеткізді. Әсіресе, инвесторлар өңіріміздегі кен орындары мен өнеркәсіптерді игеру бойынша жаңартылатын энергия жобаларына қызығушылық танытуда. Іс-шараға келетін қонақтардың барлығымен алдын-ала келіссөздер жүргізілген, әр компания инвестициялық жобаларды іске асыруда сәтті тәжірибеге ие және өз саласының көшбасшысы болып табылады. Форум барысында логистика, туризм және агроөнеркәсіптік кешенге қатысты мәселелер қаралатын болады. Жалпы инвестициялық бағыт бойынша 250-ден астам қонақтар келмек. Іс-шараның шетелдік қатысушыларының басым бөлігін Еуропалық Одақ компаниялары құрайды. Олардың қатарында жеке инвесторлар, халықаралық трансұлттық компаниялардың өкілдері, инвестициялық қорлар, қаржы институттары мен банк басшылары. Айта кетейік, 2017 жылы Түркістан қаласына 1,2 млн турист келсе, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 700 мыңнан астам шетелдік қонақ ат басын тіреген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға артқан.