Әлем жазушылары бас қосқан жиын

Әлем жазушылары бас қосқан жиын

Әлем жазушылары бас қосқан жиын
ашық дереккөзі
435
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деген болатын. Осыған орай, 10-12 қыркүйек аралығында Алматы қаласында әлемнің үздік жазушылары бас қосты. Қаламгерлердің елімізге ат басын тіреуінің басты себебі – І Халықаралық жазушылар форумы. Форум «Құбылмалы әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі» тақырыбы бойынша өтті. Әдеби форумды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақ ПЕН-клубы ұйымдастырды. Форумға Ұлыбритания, Польша, Палестина, Марокко, Израиль, Франция, Түркия, Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды 17 елден танымал жазушылар, ақын, драматург, философ және аудармашылар келді. Олар «Құбылмалы әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі», «Жаһандану және ұлттық әдебиет», «XXI ғасыр талаптары және әдебиет» сынды өзекті мәселелерді талқылады. Халықаралық форумның модераторы – Қазақ ПЕН-клубының жетекшісі Бигелді Ғабдуллин әлем жазушыларын Қазақстанда не себепті жинап отырғанын түсіндірді. «Менің Халықаралық ПЕН-клубты басқарғаныма төрт жылдан асты. Осы қызметке тағайындалған сәттен алдыма орындалуы керек маңызды екі міндет қойдым. Олар – жазушылар мен журналистердің құқығын қорғау және қазақ әдебиетін шетелге насихаттау. Әсіресе, ағылшын тілінде дамыту. Әлем бізді тек қазба байлықтарымыз бен қуатты экономикамыз арқылы таниды. Ал біз әдебиетімізді де бүкіл әлемге танытқымыз келеді. Форумды өткізу идеясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындады», – деді Бигелді Ғабдуллин. Жиынға қазақ ақын-жазушыларынан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Олжас Сүлейменов қатысты. Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов осы жиында дәстүрлі оқырмандар қатарының азайып бара жатқанын тілге тиек етті. «Кітап оқитындар қатары күн санап азайып, «Бір күнмен өмір сүр», «Өмірден бар қалағаныңды ал» деген ұранды интернетте таратушылар қатары шапшаң өсіп келеді. Адамзаттың бар күш-жігері қуатты машиналарды дамытуға бағытталғандай әсер етеді. Сондықтан мұндай заманда әдебиет сабақтарына көп көңіл бөлген дұрыс. Өйткені адамның рухани байлығы мен адамгершілігі, өнегелілігі адам зердесі мен ақыл-парасатының көрсеткіші болып табылады», – деп атап өтті Әбдіжәміл Нұрпейісов. Сонымен қатар, шарада шетелдік жазушылардан 2019 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Атанас Ванька, танымал ақын, жазушылар Тарык Гюнерсель, Михаил Делягин, Владимир Карцев, Алексей Цветков форумда қазіргі заман әдебиеті туралы пікір білдірді. «Жазушы әлем халықтары әдебиетінің жаңалықтарынан хабардар болып отыруы керек. Ол бір орында тұрақтап қалмай, уақыт өткен сайын дамуды көздегені жөн. Жазушы елінің насихатшысы десек қателеспейміз. Сонымен қатар өзге елдің жазушыларымен жақсы қарым-қатынаста болып, әдебиетінің мәселесін шешуі керек», – деді форумның алғашқы күнінде израильдік ақын Алексей Цветков. Ал орыс жазушысы Владимир Карцев қазіргі жазушының заманға сай болуы қажеттігін атап айтты. «Жаһандану деген не? Мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаһандану аясында сақтап қалу, дұрыс бағытта дамытудың жолдары қандай? Қазіргі заманғы жазушы бүгінгі заманға сай келуі тиіс. Тақырыпқа деген талап та басқаша. Қазір криминалистика тақырыбы мен жаңа заман тақырыбындағы жанр сұранысқа ие. Мысалы, жақында Вудвардтың Трамп туралы кітабы жарыққа шығады. Оның таралымы миллион дана. Мұндай кітаптар қазір жоғары сұранысқа ие, оның қасында көптеген романдар көлеңкеде қалып қойып отыр», – деді орыс жазушысы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Алматы күні аясында ұйымдастырылған І Халықаралық жазушылар форумы 3 күнге созылды.

Серіктес жаңалықтары