1870
Алматыда – «Алаш туы астында»
Алматыда – «Алаш туы астында»
Деректі фильмнің үш бөлімі Алаш қозғалысының қалыптасуы, қызмет еткен кезеңдері, 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресіне арналған.
Оған тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысы туралы ең алғашқы концептуалды, сауатты түсірілген фильм деген баға берді. «Мұндай фильмді өзім осы уақытқа дейін көргенім жоқ. Идеямен қанаттанған, осы жолда жігерлілік көрсеткен, шаршамайтын, талмайтын азаматтардың ғана қолынан келетін іс бұл. Құжатты фильм ретінде үмітті ақтады. Фильмде Алаш қозғалысының шығу негізі, өткен кезеңдері, соңы немен аяқталды деген сауалға жауап табуға болады. Фильм таралымын тапса қоғам үшін, оқу процесі үшін пайдалы болар еді», – деді тарихшы.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Алаш қайраткерлерінің табаны тиген Семей, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа қалаларында жүргізілген.
«Ресейдің төрт қаласында – Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Мәскеуде біраз түсірілімдер жүргізілді. Кино саласында жүрген азаматтар жақсы біледі. Кремльге, бұрынғы Смольныйға, Дума отырған Таврия сарайына рұқсат алу оңай емес. Өндіріс басталған бетте Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов мырзаға хат жаздық. Ресейдің сыртқы істер министрлігінен аккредитация алу керек, ал ол процесс 1 жылға созылады екен. Елшіліктің пресс-атташесы Жанар Қалбашаева аккредитация алуға үлкен көмегін тигізді. Қарындасымызға түсірілім тобы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді деректі фильмнің сценарий авторы әрі жүргізушісі Болат Мүрсәлім.