Әлем музыкалық аспаптары Алматыда

Әлем музыкалық аспаптары Алматыда

Әлем музыкалық аспаптары Алматыда
ашық дереккөзі
2230
13-14 қыркүйек күндері Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде қала күніне орай, Алматы қаласы мен Стамбул (Түркия), Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь), Будапешт (Венгрия), Александрия (Египет) қалаларының арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Әлем музыкалық аспаптары» халықаралық фестивалі өтті. «Біздіӊ музей музыкалық аспаптардыӊ жалғыз музейі болғандықтан, мұнда тек қазақтыӊ халық музыкалық аспаптары ғана емес, сонымен бірге әлем халықтарыныӊ музыкалық аспаптары бар. Сол себепті біз Мәдениет басқармасымен бірлесіп, қала күніне орай әлем халықтарыныӊ музыкалық аспаптарыныӊ фестивалін өткізуді ұйғардық. Фестивальдіӊ мақсаты – мәдени байланыстарды нығайту», – деді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейініӊ директоры Ұлжан Байбосынова. Фестивальге Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь), Будапешт (Венгрия) қалаларынан халық музыкасын орындаушы музыканттар келді. Музей директорыныӊ айтуынша, музыканттар өз халықтарыныӊ музыкасын тек музей сахнасында орындаумен ғана шектелмей, шеберлік сабақтарын өткізіп, онда аспаптардыӊ тарихы туралы әӊгімелеп берді. «Беларусьтар өздерініӊ цимбала аспабын әкелді. Көне дәуірде ол Азиядан әкелініп, кейін Шығыс Еуропаға, одан әрі Орталық Еуропаға жеткізілген. Бізде де мұндай аспап бар. Ол «жетіген» деп аталады. Венгрлер әкелген аспап та бізде бар. Ол – месқобыз. Волынка секілді, тіпті атаулары да бірдей. Оларда да месқобыз деп аталады. Халықтардыӊ музыкалық аспаптары өзара ұқсас. Музыка мен мәдениет халықтарды әрдайым біріктіреді», – деді музей директоры. Фестиваль 14 қыркүйек күні «Әлем халықтарыныӊ музыкалық аспаптары музей сахнасында» және «Аӊыз домбыра» шеберлер байқауы жеӊімпаздарыныӊ қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды. Ал кеш соӊынан қатысушы елдердіӊ ұлттық музыкалық аспаптары музей қорына қабылданып, музей жаңа аспаптармен толықты.

Серіктес жаңалықтары