794
Орыс халқына сенетін Сенцов
Орыс халқына сенетін Сенцов
Олег Сенцов – украиндық кинорежиссер, жазушы әрі сценарист. Ол 2014 жылы террористік қауымдастық құрды және екі лаңкестік шабуыл дайындады деген айыппен Қырымда ұсталған. 2015 жылдың тамызында сот оны кінәлі деп тауып, 20 жылға бас бостандығынан айырды.
«Мен Сізден ештеңе сұрамаймын. Барлығына бәрі былай да түсінікті. Басқыншылардың соты әділ бола алмайды. Төреші мырза, сізге қатысты жеке өкпем жоқ. Ресейдегі халықтың ақылды бөлігі әлі де бар, олар сіздің мемлекетте және әлемде не болып жатқанын түсінеді. Олар саясаттың үгіт-насихат туралы әңгімелеріне де сенбейді. Көшбасшыларыңыздың қандай қорқынышты қылмыстар жасағанын жақсы біледі, бірақ бұл адамдар қандай да бір себептермен үндей алмайды. Себебі қорқады. Олар ештеңені өзгерте алмаймыз деп ойлайды. Біз өзімізге ұнамайтын қанішер билікті жойдық. Билік бізді естігісі келмеді – біз қоқыс жәшіктерін қағып-тептік; бізді көргісі келмеді – біз резиналарды жақтық. Соңында жеңдік» деген болатын Сенцов соттағы соңғы сөзінде.
14 мамырда Сенцов өз бостандығын емес, түрмеде отырған украиналық саяси тұтқындардың жаппай босатылуын талап етіп, аштық жариялаған. Бұл хабарламадан кейін ол оқшауланған камераға ауыстырылды. Маусымда кинорежиссердің аштықтан тістері түсіп, аурушаң күйге енгені туралы мәліметтер жетті.
Олег Сенцовты бүкіл әлем, оның ішінде Ресейдің танымал режиссерлері мен актерлері қолдады. Ресей Кинематографистер одағы жазушыны босату туралы талап қойды. Дәл осындай талапты Украинаның Кинематографистер ұлттық одағы, ТМД және Балтық елдерінің кинематографистер одағының Конфедерациясы, Еуропалық кинематография академиясы да қойды. 67-ші Канн кинофестивалінде кинофильмдердің стенділеріне Сенцовтың суреттері ілінді.
2015 жылдың желтоқсан айында «Amnesty International» науқаны аясында ресейлік музыкант Борис Гребенщиков РФ Бас прокуратурасына Олег Сенцов, Александр Колченко және Геннадий Афанасьевке үкім шығармау туралы хат жолдады.
2016 жылдың 16 қарашасында «Voice Project» акциясы шеңберінде атақты актер Джонни Депп Олег Сенцов босатылсын деген талаппен сөз сөйледі.
2018 жылы мамырда Pussy Riot тобы Le Monde газетіне ашық хат жариялады. Онда Франция президенті Эммануэль Макронды Владимир Путиннен Олег Сенцовты босатуды талап етуге шақырды. Сонымен қатар, Сенцовты босату туралы Францияның Мәдениет министрі Жан-Люк Годар және Дэвид Кроненберг, сондай-ақ, 100-ден астам мәдениет қайраткерлері ашық хат жазып, қол қойды.
БҰҰ сарапшылары да Сенцовты түрмеден босатуға шақырып: «Ол халықаралық құқыққа сәйкес келмейтін үкім шығарған сот процесі басталысымен аштық жариялады. Біз Ресей билігін шұғыл түрде Сенцовты босатуға шақырамыз», – деп мәлімдеді.
9 қыркүйекте Сенцовтың адвокаты оның жағдайының тым ауырлап кеткенін хабарлады. «Ағзаның өзгеруі басталып кеткен: жүрек-тамыр жүйесі, бүйрек, бауыры күннен-күнге әлсіреп барады. Ерте ме, кеш пе ғұмыры үзіледі», – деді заңгер.
Ал 13 қыркүйек күні Еуропарламенттегі ең үлкен фракция, Еуропалық халықтық партиясы (ЕХП) Ресейде сотталған украиндық режиссерді Андрей Сахаров атындағы «Ой еркіндігі» жүлдесіне ұсынды.
17 қыркүйекте Париждегі Ресей елшілігінде режиссер Олег Сенцовты қолдау шарасы басталды. Франциялықтар да режиссермен бірге аштық жариялады. Шексіз аштық ереуіліне франциялық саясаткерлер, азаматтық белсенділер мен суретшілер қатысуда. Олар 24 сағат сайын бір-бірін кезекпен ауыстырып, тамақ-су ішпестен түндерін шатырда өткізуде. Аштықтың бірінші күндігін Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» жүлдесінің иесі Лоран Кант бастады. Сондай-ақ, Сенцовты қолдауға Францияның Адам құқықтары жөніндегі елшісі Франсис Крокет те келді. Акцияны бастағандар – Францияның бұрынғы әділет министрі Кристиан Тобира, режиссер Кристоф Рузия және «Жаңа диссиденттер» қозғалысының негізін қалаушы Мишель Эльчанинов. Фейсбуктегі парақшасында ол Сенцовты қолдауға және режиссердің қайтыс болуына жол бермеуге шақырды.
Ал Ресей билігінің ұстанымы басқа. «Мен сіздерді Қырымда жарылыс жасамақшы болған, «Терроризм» бойынша сотталған адам туралы айтып жатқандарыңызды ұмытпауға шақырамын. Барлық аспектілердің гуманитарлық жағына келетін болсақ, ресейлік заңнаманың нормаларын ұстану керек», – деді Ресей президентінің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков.
Песковтың айтуы бойынша, Сенцовты кешіруге болмайды, өйткені сотталушының кешірім туралы жеке өтініші жоқ. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сенцовтың анасы Ресей президентінен ұлына кешірім жасауды сұраған болатын.