3300
«Цифрлы Қазақстан» – жаңғыруға бастайтын қадам
«Цифрлы Қазақстан» – жаңғыруға бастайтын қадам
Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады.
«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Цифрландыру дегеніміз Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат», – деді Елбасы өзінің Жолдауында.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталады. Бағдарламаның 4 негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Төртінші – IT мамандарды даярлау.
Тұтастай алғанда, бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.
Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылып, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды.
Президенттің Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылды. Ал ол үшін, ең алдымен, тағы сол IT саласына басымдық беріледі. Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат ресімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл істер алдағы кезде одан әрі жетілдіріле түседі.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарлама ІЖӨ-дегі IT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы да цифрланады
Соңғы кезде ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру қарқынды түрде қолға алынуда. Кез келген шаруа қожалығы бір жерден басқарылатын деңгейге жеткен. Бүкіл ақпарат бір арнадан тарайды. Мамандар мұның тиімді екенін алға тартып келеді. Олардың пікірінше, саладағы өнімділікті арттыру, жұмыс күшін тиімді пайдалану, қаржы үнемдеу цифрландырумен тікелей байланысты. Осы орайда, Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев нақты жұмыстарды қолға алатынын жеткізді. Ол цифрлық технологияларды енгізу бойынша Қазақстандағы барлық шаруашылықты үш түрге бөліп қарастыру керек дейді. Яғни, базалық, жетілдірілген және цифрлық ферма. Ал еліміздегі шаруашылықтар осының соңғысына бағытталып, жұмыс істеуі керек. Нақтырақ айтқанда, базалық деңгейдегі шаруашылықтар жетілдірілген деңгейге өтуі қажет. Бұл жетілдірілген шаруашылықтар цифрлық ферманың есігін барып қағуға тиіс. «Бүгінде әлемде нақты егіншілік жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе саладағы шығынды азайтады, өнімділікті еселейді, сондай-ақ, ауыл шаруашылығының нәтижелілігін арттырады. Осы орайда, базалық деңгейге жататын шаруашылықтар агроөнеркәсіп кешенінің арнайы бағдарламасы арқылы егістік алқаптарын цифрландырумен қамтамасыз етілген. Бір жыл ішінде біз осыған қол жеткіздік. Сондай-ақ, топырақтың агрохимиялық күйінің карталары жаңартылды», – деді Өмірзақ Шөкеев. Министр баяндағандай, шаруашылықтарды цифрландырудағы негізгі жұмыс әкімдіктерге артылмақ. Әкімдіктер мемлекеттік субсидиялар мен мемлекеттік қолдаулар арқылы шаруашылықтардың цифрлық дамуына қол ұшын беру еді. «Әрбір ауданда цифрлық ферма құрылуы керек. Біз мұны әкімдіктерден талап ететін боламыз. Себебі біздің фермерлер цифрлық технологияларды алдымен өз шаруашылықтарында қолданып, нәтижесін көруі керек. Бұл ретте, біз үш полигон құрдық. Олар Қаскелең агропаркінің, Шортандыдағы Бараев институтының және Қостанай облысындағы «Заречный» шаруашылығының базасында орналасқан», – деді Өмірзақ Шөкеев. Министр еліміздегі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының саны екі есе қысқаратынын айтты. «Бізде extantion жүйесі жұмыс істейді. Олар ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын қайталайды. Сондықтан инстиуттардың санын екі есе қысқартамыз. Қазір бізде 23 ғылыми-зерттеу институты бар. Енді олардың 12-сі ғана қалмақ. Кейбір институттарды нығайтамыз, ал кейбірін жоямыз. Әрбір институтта Қаскелеңдегідей полигон болады», – деді Өмірзақ Шөкеев. Сондай-ақ, министр біздегі ғалымдардың жұмысына қатысты пікірін айтты. «Қаскелеңдегі базада болып, бізде ауыл шаруашылығы ғылымы бар екеніне, оның нәтиже беріп жатқанына көз жеткіздік. Қаскелеңде 50 ғалым жұмыс істейді. Практикалық тұрғыдан нәтиже көрсеткен, өз идеяларын коммерцияға айналдыра білген ғалымдарды көтермелейтін боламыз. Біздіңше, дұрыс қадам осы», – деді ол. Министрдің айтуынша, ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдар қатардағы қызметкерлермен салыстырғанда жалақыны көп алуы керек. «Бізде еңбекақы төлеу жүйесі түсініксіз. Егер ғалымдар 100 мың теңге айлық алатын болса, онда олардан ерекше идеялар күтудің қажеті жоқ. Мәселен, 1,5 млн теңге алатын ғалымдар бар. Міне, нағыз идеялар да солардан шығады. Біз бұл мәселені заң тұрғысынан реттейтін боламыз. Ғалымдар алдағы уақытта 1,5 млн теңгеге дейін айлық алуы әбден мүмкін», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі. Елімізде цифрландыру ісін жүргізуге жауапты Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің пікірінше, цифрландыру ауыл шаруашылығы саласындағы шығынды 25-30 пайызға қысқартып, өнімділікті 30-50 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде егістік алқаптарының электронды картасы құрылған. Онда 23 млн гектар жер қамтылған. Яғни, еліміздегі жалпы егістік алқабының 95,9 пайызы электронды картаға енгізілген. Десе де, бұған қатысты шешімін таппаған мәселелер әлі де баршылық. Ауыл шаруашылығы саласын цифрландырудың бір жемісі – электронды астық қолхаттарының енгізілуі. Жалпы, астық қолхаттарын электронды форматқа көшірудің нәтижесінде фермерлердің шығыны 700 млн теңгеге дейін төмендеген. Ал биыл операцияларды қауіпсіз ету үшін блокчейн технологиясы қолданылмақ. Еске сала кетейік, бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігі көрсететін 101 мемлекеттік қызметтің 61-і ішінара және біреуі толықтай автоматтандырылған. Осы жылдың соңына дейін 16 қызметті, ал 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылға дейін цифрландырудың экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгені құрамақ. Бұл болжам жүзеге аса ма, жоқ па, уақыт еншісінде.