362
Өскеменде Altai Invest-2018 форумы өтуде
Өскеменде Altai Invest-2018 форумы өтуде
Өскеменде 18 елдің 300 делегаты қатысып жатқан инвестициялық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Осымен үшінші жыл қатарынан өтіп отырған форумда әлемге әйгілі компаниялар мен инвестициялық орталықтардың, қаржы институттарының өкілдері қатысуда. Оларды өңірге 18 елдің дипломатиялық корпусы бастап келгенін айта кету керек. Шараның пленарлық мәжілісінде Франция, Оңтүстік Корея және Мажарстанның елшілері сөз алып, Шығыс Қазақстан облысының инвестиция алаңы ретінде өте тартымды аймақ екенін атап өтті. Форум аяқталмай жатып, алғашқы келіссөздер өз жемісін беруде. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов өз сөзінде мәлімдеді. «Бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде өңір эконолмикасына сырттан 295 млрд теңгенің инвестициясын тарттық. Оның ішінде Еуропа даму және қайта құру банкінің үлесі 70 млрд теңгеге жетіп отыр. Аталмыш қаржы институты қосымша 150 млрд теңге құюға дайын. Сәтті жүзеге асқан келіссөздердің ішінде түркиялық инвесторлардың Өскемендегі 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысын қаржыландыру жобасын ерекше атауға болады. Бұған дейінгі форумдардың арқасында қытайлық компания Зайсан ауданында шағын тракторлар құрастыруды қолға алған болатын. Ал осы жолы сегізінші деңгейлі жылыжай құрылысын бастауға келісіп отырмыз. Ол жылыжайда жылына 379 мың тонна көкөніс өсірілетін болады. Кешен жанынан 3 мың тонналық қойма да салынбақ» - деді аймақ басшысы. Даниал Ахметов бұған дейінгі форумдарда келісім жасалғанымен, іске асуы кешеуілдеп жатқан жобаларға да тоқталды. «Күршім ауданын Өскеменмен жалғайтын Бұқтырма су қоймасының көпірін салу бойынша барлық сметалық құжаттар сараптамадан өтті. Енді Үкімет деңгейінде шешімін табуы тиіс мәселелер қалды. Ал қытайлық стандарт бойынша жұмыс істейтін зертхана бірнеше күнде жұмысын бастайды. Бұл жобаның да біз үшін маңызы зор. Өйткені оңтүстіктегі көршіміз біз үшін нарықтың алып мұхиты» - деді Даниал Ахметов. Қол қойылған келісімдердің ішінде «Көркем-Телеком» компаниясының инвестициялық жобасын да ерекше атауға болады. Бастапқы келісім бойынша аталмыш компания Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз, Шемонаиха және Зырян қалаларын «Сергек» бақылау жүйесімен қамтуы тиіс. Бұған дейін «Сергек» камералары Өскеменге қойылып келсе, жақын күндері Семейге де 4 мыңы орнатылмақ. Облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді экологиялық жағынан сапалы, экономикалық жағынан тиімді көліктермен ауыстыру жобасы да инвесторлар назарына ұсынылды. Қала көшелеріне заманауи автобустар шығарылған соң жол ақысын электронды билет арқылы төлеу жүйесі енгізілмекші. Бұл екі жобаға да Еуропа даму және қайта құру банкі қызығушылық туғызып отыр.