Қоңыр ауылдар һәм кешенді бағдарлама

Қоңыр ауылдар һәм кешенді бағдарлама

Қоңыр ауылдар һәм кешенді бағдарлама
ашық дереккөзі
346
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласының дамуына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінуде. Бұған 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы дәлел. Мұндағы мақсат – Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру. Премьер-министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне тоқтала келе: «Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы батыл міндет қойды. Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді», – деді. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламада 10 міндетті орындау көзделген. Олардың шеңберінде бірқатар жаңа жүйелі іс-шаралар да қарастырылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңыз берілген. Яғни, алғаш рет бұл мәселені физикалық қолжетімділік, экономикалық қолжетімділік, азық-түлік қауіпсіздігі бағыттары бойынша кешенді түрде шешу жоспарлануда. Бағдарламада өнім өндірумен қатар, сапалы ауыз сумен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету, халықтың табыс деңгейін арттыру азық-түлік қауіпсіздігі және басқа да мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі 8 нақты іс-шара есебінен шешілмек. Мәселен, жаңа қаржы тетігі – аграрлық қолхатты енгізу ұсынылады. Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін түбегейлі өзгертіп, міндетті сақтандырудан еркін сақтандыруға көшу жүзеге асырылады. Бұл ретте бұрынғыдай сақтандыру төлемдеріне емес, сақтандыру сый­ақысына субсидия берілмек. Бұл – шынайы және тиімді агросақтандыруды енгізуге мүмкіндік беретін бағыт. Сондай-ақ, Ө.Шөкеевтің мәлімдеуінше, етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізіне отбасылық фермалар түріндегі шағын шаруашылықтар алынады және ол ірі қара мал өсіру жөніндегі фермерлік шаруашылықтардан, өнеркәсіптік бордақылау алаңдарынан және заманауи ет өңдеу кешендерінен тұратын зәкірлік кооперация нысанында жасалады. Ірі қара мал шаруашылығымен, қой шаруашылығымен және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн гектардан 100 млн гектарға кеңейту, ірі қара мал санын 15 млн басқа дейін, қой санын 30 млн басқа дейін ұлғайту көзделгені белгілі. Бір айта кетерлігі, жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жеке шарттары көзделетін болады. Атап айтқанда, жер учаскелерін басымдықпен беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен несие беру, жайылымдар инфрақұрылымын құру қарастырылмақ. Мәселен, тек ет экспортын 2 миллиард 600 миллион долларға дейін жеткізуге мүмкіндік мол. Өйткені қазір қазақстандық ет өнімдеріне Сауд Арабиясы, Вьетнам, Ресей, Қытай елдері зор қызығушылық танытып отыр. Ал сүт, құс еті, жеміс, көкөніс өнімдерінің әлеуеті 1 миллиард долларға жетуі ықтимал. Шөкеевтің айтуынша, саладағы жоспарларды жүзеге асыру үшін министрлік бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс. Яғни, корпоративтік басқару кеңесін құрған жөн. Кешенді бағдарламаның тағы бір игілігі – шаруалар арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Ол үшін тұқым шаруашылығына бірқатар жеңілдік беру жоспарға алынды. Мәселен, қағазбастылықты азайтып, инвестициялық субсидиялауды 25 пайызға дейін жеткізу көзделді. Ал сүтті мал шаруашылығы бағдарламасы да сүт өндіру жөніндегі отбасылық фермалардан, өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермалардан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын зәкірлік кооперация қағидаты бойынша жасалмақ. 2027 жылға қарай отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт-тауарлы фермалардың санын 108-ден 170-ке дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 2027 жылға қарай 1 млн тоннаға ұлғайту міндеті қойылды. Ал құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кәсіпорындар салу, қолданыстағыларын қайта жарақтандыру және жаңарту, сондай-ақ, ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделген. Ал өсімдік шаруашылығында сапалы тұқымдардың болуы, техникалық жарақтау, нақты егіншілік, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, әртараптандыру, суармалы жерлерді айналымға енгізуге басымдық беріледі.

Суармалы жерлер тиімді пайдаланыла ма?

Шаруаларды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – суармалы жерлер көлемінің азайып кетуі. Мәселен, мамандар 1990-2016 жылдар аралығында елімізде суармалы жерлердің көлемі 2,3 млн гектардан 2,1 млн гектарға дейін қысқарғанын, оның ішінде бүгінгі күні тек 1,4 млн гектары ғана қолданыста екенін айтады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер, мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті құнары жоғары жем-шөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі. Парламент Сенаты депутаты Қуаныш Айтахановтың айтуынша, соңғы жылдары ірі суқоймалар күрделі жөндеуден өтті, тоспалар мен тораптар салынды. «Тек суармалы егіншілікпен айналысатын Қызылорда облысын таза ағын сумен қамтамасыз ететін және су тасқынынан қорғайтын «Көксарай» су реттегіші салынып, ел игілігіне жұмыс істеуде. Дегенмен еліміздегі суармалы егін шаруашылығының түйткілдері әлі де болса аз емес. Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі 298 мың гектарға азайып, 575 мың гектары ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. Осы жылдары бос жерлердің көлемі 8 есеге ұлғайып, 423 мың гектарға жеткен. 20 мың гектар суармалы жер жекеменшік үй, жол, өндіріс орындарын салуға және басқа мақсаттарға берілген. Ал пайдаланылып жатқан жерлер тұзданып, құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде, ауыспалы егіс жүйесі жоқтың қасы, егістік құрылымдары жетілдіруді қажет етеді», – дейді депутат. Бір кездері жекешелендірудің салдарынан техника тұралап, нысандар жұмысын тоқтатқаны мәлім. Мұндай кедергі жерасты суларының көтерілуіне, жердің сорлануына әкеп соқты. Осы саланың білгір маманы ретінде Қуаныш Айтаханов: «Тоқсаныншы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі барлық егістіктің 6 пайызын құрап, егіншілік өнімдерінің 30 пайызы өндірілсе, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеп кеткен. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында осындай жерлердің 15-35 пайызы пайдаланылмайды, ал қолданыста барының өнімділігі 25-50 пайызға құлдыраған. Басқа облыстарда да жағдай мәз емес» дегенді айтады. Мәселен, ауыл шаруашылығына аса көңіл бөлетін Ақмола облысында 1991-2000 жылдары 44 мың гектар суармалы жер болса, бұл 2016 жылы 38,5 мың, ал 2018 жылы 31 мың гектарға дейін немесе 30 пайызға азайыпты. Мұның қазір 3,4 мың гектары ғана, яғни 10 пайызы ғана пайдаланылуда. Бұл тұрғыда депутат Қуаныш Айтаханов: «Ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептелетін суармалы жерлер кімнің меншігінде болса да, ел игілігіне қызмет етуге тиіс. Сондықтан заң талаптарына сай жер пайдаланушыларға суармалы жердің құнарлылығы мен өнімділігін арттыруға қатаң талап қоюмен бірге, мемлекет тарапынан қолдау керек. Бірінші кезекте жердің, гидромелиоративтік инфрақұрылым жүйелерін түгендеуден өткізіп, есебін алып, меншік иелерін анықтап, олардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіспіз. Қолданыстағы 1,4 млн гектар суармалы жердің өнімділігін көтеру үшін оның мелиоративтік жағдайын жақсартуға қомақты қаржы бөлінуі қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінде суармалы жерлердің жағдайын зерттеп, жоспарлап, керекті нормативтік құжаттарды әзірлеп отыратын суармалы жер шаруашылығымен айналысатын басқарма немесе бөлім болса құба-құп. Еліміздегі ең үлкен су тұтынушы – Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ол су қорының 60 пайызын егін суару мақсатында пайдаланады» дейді. Шынында да, суармалы жерлерді тиімді пайдалануға басымдық берілген жөн. Жерді де күтіп, баптамаса, өнімге сараң болады. Егер жердің сапасы жақсарса, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артып, азық-түлік өндірісі дами түспек.

Серіктес жаңалықтары