Алқаптардан рекордтық өнім алынды

Алқаптардан рекордтық өнім алынды

Алқаптардан рекордтық өнім алынды
ашық дереккөзі
757
Түркістан облысында 332 мың тонна шитті мақта жинау жоспарлануда. Былтыр 134,5 мың гектар мақта дақылы егіліп, 330,5 мың тонна шитті мақта жиналған болатын. Ал биыл 132,7 мың гектар жерге мақта тұқымы себілді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 12 шілдедегі № 297 бұйрығына сәйкес, мақта өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған 1 тонна өніміне 10 мың теңге субсидия төлеу жоспарлануда. Бұл бағытқа 2,7 млрд теңге қаржы қарастырылды. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 78,2 мың тонна жанармай бөлініп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 38 мың тонна жанармай толығымен тауар өндірушілерге берілді. Ал күзгі дала жұмыстарына бөлінген 40,2 мың тонна жанар-жағар майдың қаржысы толық төленіп, бүгінгі таңға 19,5 мың тоннасы тауар өндірушілерге ішкі нарықтағы бағадан 20 теңге арзан жеткізілді. Облыс бойынша жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 23 лицензияланған мақта өңдеу кәсіпорындарының 304 мақта қабылдау бекеттері бар. Негізінен өңделген мақта талшығының 85-90 пайызы Ресей, Белорусь, Латвия, Литва мен Қытай елдеріне экспортталады. Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қатысуымен мақтаның жиын-терім науқанына байланысты өткен арнайы мәжіліске Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Әділхан Утанов, Жетісай аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, қала, кент және ауыл округінің әкімдері, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты. Қазірдің өзінде ауданда мақтаны қолмен теретін 32 бригада құрылған. Алайда бұл жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан Жетісай қаласы мен Асықата кентінің тұрғындары арасынан жұмыссыздарды мақта теріміне тарту мәселесі сөз болды. Аудан басшысы қала мен кент әкімдеріне жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмысқа көптеп жұмылдыруды жүктеді. Бұл өз кезегінде мақта теріміне шеттен келетіндердің санын азайтып, негізгі табысты жергілікті жерде қалдыруға септігін тигізбек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Жетісай ауданында 187 комбайн мақта терімі науқанына сақадай сай тұр. Оның 77-сі «Джон-Дир» комбайны. Сондай-ақ, 900-ге жуық трактор мен қосымша тіркемелер әзірленуде. Бұдан бөлек, ауданға қарасты 11 ауыл округі әкімдеріне шаруаларға қажетті жанар-жағармай талондары үлестіріліп берілген. Биылғы күзгі науқан мен жер жырту жұмыстарына шамамен 9415 тоннадай жанар-жағармай жұмсау жоспарда бар. Жиын барысында мақта өңдеу зауытының басшылары да өз ойларын ортаға салды. Олар шаруаларды қолмен терілген мақтаны таза әрі ұқыпты өткізуге шақырды. Бұл өз кезегінде мақтаның салмағын таза сақтауға, нақты пайдаға кенелуге көмегін тигізеді. Мәжілісте биылғы мақта бағасына алаңдаған шаруа қожалығының басшылары да сөз қозғады. Олар ең алдымен мақта зауыттарындағы таразының «тазалығын» тексеруді сұрады. Өзекті мәселеге орай өңірге таразы тексеретін арнайы мамандар шақыртылуда. Бұдан бөлек, таразыдан мәселе туындаған жағдайда арнайы мобильді топ құрылатыны белгілі болды. Сондай-ақ, шаруаларға мақта өткізер алдында зауыттармен келісімшарт жасасып алуға кеңестер берілді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің хабарлауынша, бүгінгі таңда терімшілерге мақтаның әр келісіне 20-30 теңгеден төленеді екен. Мәселен, Ш.Ділдәбеков ауыл округінде бұл баға 25 теңге. Осы ауыл әкімдігінде 5 бригада құрылған. Әр бригада 40-50 адамнан жасақталған. Науқан барысында бригадалар саны өсе береді. Биыл мақтаны комбайнмен ору бағасы қымбаттады. Комбайншылар гектарына шамамен 50 мың теңге сұрап отыр. Былтыр бұл баға 38 мың теңге төңірегінде еді. Комбайн қызметі құнының өсуіне солярканың және мақта бағасының қымбаттауы себеп деген болжам бар. Бұдан бұрын мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры И.Үмбетаевтың қатысуымен өткен жиында шаруалар мен мақта өңдеушілер «ақ алтынның» бағасын тоннасына 200 мың теңгеден болады деп пәтуаласқан еді. Дегенмен, жуырда «Ақ керуен» салтанатты шарасы ұйымдастырылмақ. Сонда баға нақтыланады. Бәсекелестік артса, мақта бағасы 250 мың теңгеге шығуы мүмкін. Өйткені биыл мақтаның көлемі аз. Оған біріншіден, шаруалардың бақша дақылдарына көшуі себеп болса, екіншіден, биыл мақта егістіктерінің біразын зиянкестер бүлдіріп кеткен. Мақтаны қолмен теру үшін құрылып жатқан бригадалардың денін ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтар құрайды. Олардың арасында зейнеткерлер де бар. Тіпті, отбасымен мақта теріміне қатысатын жандар да көп. Мәселен, бір үйден 5 адам күніне 500 келі мақта терсе, 15 мың теңге пайда табады. Он күнде 150 мың теңге кіріс кіріп тұр. Сондықтан шаруаларға мақтасын осындай бригадаларға тергізген тиімді. Аграршылар егер мақта түсімділігі гектарына 30 центнерден айналса, қолмен емес, комбайнмен тергізген тиімді деп есептейді. Техника күшімен мақта 2-3 күнде жиналса, қолмен аптаға созылады. Осы аралықта шаруа біраз шығын шегеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы егіс көлемі 9 мың гектарға артып, 807 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Күзгі жиын-терім науқаны барысында 521 мың тонна бұршақты дәнді дақылдар өнімі жиналды. Өнімнің орташа түсімділігі 20 центнерден айналды. Майлы дақылдар 93 мың гектарға егіліп, бүгінгі таңда 90 пайызы жиналып алынды. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерді құрап, алынған өнім 70 мың тоннаға жетті. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарының егіс көлемі 114 мың гектар болды. Осылардан биыл 2,7 млн тонна өнім алынып, рекордты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Тамшылатып суару жүйесі 6400 гектарға енгізіліп, оның жалпы көлемі 64 мың гектарды құрады. Жылыжай көлемі 126 гектарға артып, жалпы жылыжайлар аумағы 1285 гектар болды. 2018 жылдың 8 айында ірі қара – 10, жылқы – 7, қой мен ешкі 4 пайызға көбейген. Соның нәтижесінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру 5-10 пайызға артып отыр. Көкөніс пен бақша дақылдарының 500 мың тоннасы Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 9,1 млрд теңгені құрады. 8 айда 249056 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан.

76,8 мың тонна жеміс-жидек жиналды

Түркістан облысының климаттық жағдайы жеміс-жидек пен жүзім шаруашылығын дамытуға ең қолайлы өңір. Облыста жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің барлық егіс көлемі – 30 мың гектарды алып жатыр. Оның ішінде жеміс – 19,5 мың гектар, жүзім – 10,5 мың гектар құрайды. Биыл облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес, қосымша 0,94 мың гектар қарқынды бау, 0,57 мың гектар жүзім, 0,207 мың гектар жаңғақ егілді. Жалпы облыс бойынша қарқынды баудың көлемі – 3,7 мың гектарды құрайды. Айта кетерлігі, ағымдағы жылы 85 мың тонна жеміс-жидек және 70 мың тонна жүзім жинау жоспарланып, бүгінгі таңға 76,8 мың тонна жеміс-жидек пен 22,6 мың тонна жүзім жиналды. Жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Жиналған өнімдер негізінен республиканың аймақтары мен көрші мемлекеттерге жөнелтілді. Жалпы, бау шаруашылығынан түсетін табыс мақта шаруашылығымен салыстырғанда 2,5 есе, ал бақша шаруашылығымен салыстырғанда 2 есе артық болатындықтан бау шаруашылығын өркендету ісі облыста қарқын алып, алдағы уақытта қарқынды баудың егіс көлемін 10 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Жақында Түркістан облысының тауар өндірушілері елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді. Екі күндік шара Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арналды. Онда жалпы құны 201 млн теңгені құрайтын 496 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, 80 тонна ет және ет өнімдері, 141 тонна көкөніс, 28 тонна сүт өнімдері, 90 тонна бақша өнімдері, 53 тонна жеміс-жидек, 26 тонна картоп, 10 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 4 тонна бал, 10 тонна кептірілген жеміс, 14 тонна түрлі консервілер және 45 тонна басқа да өнімдер базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. Арзандатылған бағада азық-түлік сатып алған астаналықтар жәрмеңке ұйымдастырушылары мен Оңтүстік өңірінің шаруаларына алғыстарын білдірді. Шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл – түркістандық шаруалардың Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында өткізіп отырған төртінші жәрмеңкесі. Бұған дейін елордаға 14 753 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрі жөнелтілді. Жәрмеңкені өткізуге түркістандық 35 ірі және қосалқы шаруа қожалығы мен кәсіпорындары атсалысқан. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. «Отандық өнім қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке арқылы ұсынылды. Түркістан облысы Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында осымен 4-ші рет жәрмеңке өткізіп отыр. Осы аралықта Елордаға 14 753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтілді. Осы шараны өткізуге өңіріміздің 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары атсалысуда», – деді Нұрбек Бадырақов. Айта кетейік, биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді таяу және алыс шетелге экспорттаса, 1 млн тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Облыста тамшылатып суару әдісі жаңадан 6 406 гектарға ендіріліп, жалпы аумағы 64,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, 126,2 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1285,4 гектарға артқан.

Серіктес жаңалықтары