Алмазбек АТАМБАЕВ, Қырғызстан Президенті: Қырғызстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда

Алмазбек АТАМБАЕВ, Қырғызстан Президенті: Қырғызстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда

Алмазбек АТАМБАЕВ, Қырғызстан Президенті: Қырғызстанның келешегі  сіздердің қолдарыңызда
ашық дереккөзі
259

Қырғызстан тағы да жолайрықта тұр. Қырғыз Республикасының Парламентін  – Жоғарғы Кеңешін  сайлауға санаулы күн ғана қалды. Сайлау партиялық тізім арқылы жүргізіледі, таратып айтқанда, сайлаушылар нақты бір адамға емес, партияға дауыс береді. Қазір үгіт-насихат іс-шараларының қызған шағы. Мұндай науқандарда қалыптасқан әдет – партиялар сайлаушыларға аспандағы айды алып беруге уәде беруде.

Конституция бойынша Қырғызстан – парламенттік республика. Солай бола тұра, Президент мемлекет басшысы болып саналады. Оның күштілігі – Конституцияға сәйкес, әлеуетті органдардың (қорғаныс, қауіпсіздік, ішкі істер, сот, прокуратура) тізгіні Президенттің қолына берілген, әлсіздігі – Жоғарғы Кеңеш шешім шығарып, оған Президент қол қоймай қойса, бұл шешім белгіленген күннен кейін іске аса береді. Егер ымыраға келмесе, не Президент отставкаға кетеді, не Жоғарғы Кеңеш тарқатылады.

Қызметін тоқтатуға таяған қазіргі парламент Президенттік институтпен тіл табысып, елеулі мәселелер бойынша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келген. Ол 5 партиядан – ҚСДП (Қырғызстан социал-демократиялық партиясы), «Ата Мекен», «Ар-Намыс», «Республика» және «Ата Жұрт» депутаттық фракцияларынан жасақталып, алдыңғы үшеуі көпшіліктің коалициясын құрған еді. Қандай бір шешім қабыл алынарда көпшіліктің жеңіп кетері бесенеден белгілі. Сондықтан, жаңа парламентке қандай көзқарастағы адамдар келеді? Көпшіліктің коалициясын қайсы партиялар құрайды? – деген сауалдар өте маңызды болып отыр.

Қырғыз парламенті 120 депутаттан тұрады. Сайлауда қайсы партия көп дауыс алса, соған сәйкес депутаттары болады. Сайлауға 14 партия қатысуда. Сайлаушылардың 7 пайызына ие бола алмаған партиялар парламентке өтпейді. Қарапайым мысалға жүгінсек, 7 пайыз және содан сәл көбірек дауыс жинаған 14 партияның парламентке өтуге мүмкіндігі бар екен. 5 партия, әрі кетсе 7 партия     7 пайыздық тосқауылдан өтуі мүмкін.

Қазіргі парламенттегі негізгі фракциялардың бірі, негізін қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың өзі қалаған Қырғызстан социал-демократиялық партиясы парламенттегі орындарынан айрылып қалмауға бар күшін жұмылдыруда. Бұл партия 7 пайыздық шектен өтетіні даусыз. Қызмет бабына орай Алмазбек Атамбаевтың ел ішінде қазіргі уақытта беделі жоғары. Ең бастысы, бұл кісі президент болғалы өлкеде тұрақтылық, тыныштық орнады. Екіншіден, экономика саласында ілгерілеу байқалды. Ең көрнектісі:  Кемін – Датқа электр желісі тартылып, Қырғызстан энергетикалық қауіпсіздігін нығайта алды. Партияның үгіт-насихат жұмыстарында бұл мәселелер меңзелуде.

«Ата Мекен» партиясының да парламентке қайта келу мүмкіншілігі бар. Бұл партияның басында да қырғыздың белгілі саяси қайраткерлерінің бірі Өмірбек Текебаев тұр.

«Ар-Намыс» партиясы сайлау науқанында басқаларға салыстырмалы белсенділігін танытпай жатқан сияқты. Соған қарағанда, оның жетекшісі Феликс Құлов саясаттан шаршады ма деген ой келмей қоймайды. Дегенмен, «Ар-Намыс» ел арасында қадір-парқы бар партия.

Ұлыбританияның атақты премьер-министрі Уинстон Черчилль өзінен жүз жыл бұрын өткен лорд Палмерстонның «Саясатта дос пен жау жоқ, мүдделер бар, орны ауысып тұратын қарсыластар мен одақтастар бар, мүдделер мызғымай қала береді» деген сөзін сүйсініп айта береді екен. Бұл сөз Қырғызстанда іс жүзінде дәлелденді. Жетекшілері бір-бірімен қырғи қабақ жүрген «Рес-публика» және «Ата Жұрт» партия-лары сайлауға бірігіп, «Республика – Ата Жұрт» партиясы болып аттанды. «Республика» бөлігінің басында белгілі саясатшы, бұрынғы премьер-министр Өмірбек Бабанов, «Ата Жұрттың» басында белгілі саясатшы, «Шыңғысханның ұрпақтарына «Ақ үйді» алу неге тұрады» деп, алаңда ел алдында сөйлеп тұрған жерінен Президенттің әкімшілік ғимаратына тұра ұмтылып, шабуыл жасаған Қамшыбек Ташиев тұр.

Парламенттік емес партиялардың ішінен «Бір Бол», Өнігу-прогресс», «Бүтін Қырғызстан Еңбек», «Замандаш» және «Қырғызстан» партиялары парламентке келіп қалуы ғажап емес. Жетекшілерінің елге танымалдығына қарап баға берсек, алдыңғы үшеуінің мүмкіндігі жоғарырақ. Бұл партиялар өздерінің насихаттық істерінде, негізінен, елдің экономикасын көтеруге басымдық беріп отыр.

Қос басшысы бар «Бүтін Қырғызстан Еңбек» партиясы екі партияның – «Бүтін Қырғызстан» мен «Еңбектің» қосындысы. Біріншісінің басшысы көп жылдар Жоғарғы Кеңештің депутаты, мемлекеттік хатшы болған Адахан Мадумаров. Мадумаровтың идеологиясы – қырғыз елі мақал-мәтелдерін жетекшілікке алып дамуы керек. «Еңбектің» басшысы Орта Азиядағы ең үлкен базар – «Дордайдың» және басқа да кәсіпорындардың қожасы – Асқар Салымбеков. Мадумаровтың айтуынша, «өткен сайлауда әділетсіздіктің кесірінен парламентке өте алмай қалған «Бүтін Қырғызстан» енді өз «Еңбегімен» парламентке өтеріне» нық сенімді.

Биылғы сайлаудың үлкен ерекшелігі – биометрикалық мәліметтері тіркелген азаматтар ғана сайлауға қатыса алады. Бұл – сайлаудың таза өтуіне алғышарт жасап беретін әдістердің бірі деп айтылуда. Қырғызстанның тіркеу қызметінің 16 қыркүйектегі мәліметі бойынша,  2 миллион 813 мың 27 адам тіркеуден өткен.

15 қыркүйекте Душанбеде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мәжілісінен қайтар жолда Тәжікстанмен шекаралас Қырғызстанның Баткен облысына аялдап, елмен жолыққан президент Алмазбек Атамбаев биометрикалық тіркеудің кіргізілгеніне байланысты биылғы сайлаудың ашық-айқын өтіп, сайлаушылар бұрынғыдай көп болмайтынын айтты және азаматтарды дауысын сатпауға шақырды. «Ел қандай болса, билік те сондай болады деген сөз бар» деп: «Демек, сіздер кімдерді сайласаңыздар, еліміздің болашағы соған сай болады. Сіздер сайлаған парламент жаңа Үкіметті жасақтайды. Егер парламентке қайтадан ұрылар келсе, Үкіметке де жеке мүддесін ойлаған ұрылар келеді. Онда Қырғызстанның тағдыры қандай болады? Қырғызстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Алданбаңыздар, өз дауыстарыңызды сатпаңыздар! Бұл жолы өз болашақтарыңызды, балаларыңыздың болашағы туралы ойланыңыздар», – деп сақтандырды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары