Ащы шындыққа суарылған

Ащы шындыққа суарылған

Ащы шындыққа суарылған
ашық дереккөзі
619
Молшылықтың айында – 21 қыркүйек күні Алматыда «Талан» көркем фильмінің тұсауы кесіліп, көпшілік көрерменге жол тартты. Онда 1930-1940 жылдары қазақтың басынан өткен зобалаң заманның бейнеті суреттеледі. Көркем туындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмнің сценарийі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған және картинаны түсіру жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында жүргізіліпті. Кинотуынды қазақ жерінің кеңдігі мен байтақтығын, әдемілігі мен әсемдігін Қытайға қашқан жолда анасының кішкентай баласына «Балам, қарап ал, бұл – сенің туған жерің, өлкең, тау мен тасың» деген алғашқы эпизодтарда-ақ көрсетіп өтеді. Аштық жайлаған зұлмат жылдың қайғысынан басталатын фильм қазақ аналарының мықтылығын, бірінші кезекте өзін емес, баласын, ертеңін жалғастырар ұрпағын ойлайтын даналығын да бейнелей алған. Бар алтынын баласына беріп, өзінің жолға жарамайтындығын сезген кейуана, тым болмаса, балаларым аман қалсын деген ниетпен Қытай ауып қашуға кеңес береді. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, қазақты аштықпен қоса қаны бір туғаны да қырған. Қолдан жасалған аштықтан ғана емес, оқтан да өлген. Жоғарыдан келген бұйрықтың оң-солын ажыратпай-ақ, тез арада орындауды өзіне міндет санап, «шаш ал десе, бас алатын», қолындағы билігін бүкіл халықтың болашағынан жоғары қойған ақтардың да «Оңашада оязға Мақтамаймын елімді... Мықтыға не қып беттеймін? Жуанды қойып, жуасты Біраз ғана шеттеймін» (Абай)  деген қитұрқы әрекеттері жендет Шорманның бойынан табылады. Туған халқы ғана емес, барша табиғатты та өзіне бағынышты сезінеді. Ол Қытайға бет алған Таласбекті айналасындағыларымен бірге қырып салады. Сол мезетте әке өлімін көріп, көзіне жас ала жүгірген кішкентай қыздың жүрегіне тиген оқтың туған жер, туған елде қазақты қазақ қырған әрекетін көрген қазіргі ұрпақтың жүрегіне қадалған оқтай болып тиері айқын. Қожайынынан айырылған жылқының ақылды жануар екендігін қайта айналып үйіне келуімен суреттейді. Бірақ кісінеген жылқыға үй есігінің ашылмауы қарт ананың келмеске аттанғандығын анық білдіреді. Өзен жағасында болған атыстан тірі қалып, бірақ екіге айырылған екі бауырдың (Тағай мен Керім) ендігі өмірі не болары. Бірі – жападан жалғыз, екіншісі – рухани жалғыз. Ашаршылық біткенде соғыс басталады. Киноның келесі эпизоды санаулы ғана тұрғыны бар кішкене ауылда өрбиді. Күйеуі соғыста қаза тапқан пошташы келіншек Бибісара, асырап алған жалғыз ұлын соғысқа жібергісі келмейтін Қастек, адамдардан оқшау, тау ішінде жалғыз өмір сүріп жүрген мылқау Керім. Ердің сойы бір адамды өмір бойы сөйлетпей тастайтын әділетсіздіктің күші қандай десеңізші?! Атылған ата-ана, қарындастың жердегі ыстық қаны бүкіл адамзатқа деген қарсылық пен ренішті туғызған. Жақындағысы да, сөйлескісі де келмейді адамдармен. Сөйте тұра, бойындағы мейірімділік пен батылдықты сақтай алған Керім. Тағай ше? Үй астындағы жертөледен шықпайтын, бойы мен денесіне сай келмейтін қылықтар жасайтын, тіпті, әкесі бөрінің жүрегін жалаң қолымен суырып алып, қанын сорғалатып тұрып жегізсе де қорқақ, жасық болып өскен. Тамағын тойғызып, қолынан келгенше соғысқа жібермей отырған әкеге деген құрметі де шамалы ма дейсіз. Бірақ әкесі не дейді, соның сөзінен шықпайды. Бұл да қазақ жігітіне онша жараспайтын қылық. Себебі ата-анадан қаймығу бар және ол құптарлық. Бірақ көзсіз айтқанымен жүру – ер жігітке тән емес әлжуаздық. Жас әрі жесір Бибісараның бойын түбінде нәпсі жеңеді. Керіммен жарасып, оқиғаның шиеленісуіне де Керімнен сыйға алған алқа себеп болады. Сын түзелмей, мін түзелмес деген ниетпен киноны толығымен ашуға кедергі келтірген бір детальдың бар екенін айта кеткеніміз жөн шығар. Ол – ұмыт болмаған алтын. Анадан ұлға, ұлдан немереге, қысқасы, қолдан-қолға беріліп, көрермен ұмытып кеткен алтын күтпеген жерден алдан тағы шығады. Тағай арқалаған алтын бүкіл халық арқалаған мұң-зар, қайғы-қасіретті басып тастағандай секілді. Арпалыстың барлығы алтын үшін ғана болды ма сонда деген сұрақ туады іште. Неге ол шашылып, ұмыт болып қалмады? Міне, осы тұс фильмнің ауыр салмағын жеңілдете түскендей. «Кітап менікі, фильм Болаттікі», – дейді Жүсіпбек Қорғасбек. Бұлай деуінің себебі – режиссер киноны хикаяттың негізінде емес, желісінде түсірген. Яғни, Болат Қалымбетов өзінің шығармашылық қиялына толық ерік берген. 90-жылдары жарыққа шыққан «Жансебілдің» жалғасын түсірем деп, жазушы алдына келген режиссер киноны өз ойында әбден пісіріп, жетілдірген. Қиыншылықтармен көп кездессе де, кино күні кеше көпшілікке ұсынылды. Жазушының айтуынша, хикаятты оқып, ұзақ уақыт әсерінен шыға алмай, алғаш кино түсіруді қолға алған режиссер Аяған Шәжімбай болған. Бірақ, барлық жұмысты ақылдасып, актер жинау жұмысына кіріскенде, аяулы азамат аяқ асты ажал құшқан. Онан кейін де бірнеше режиссер келіп, түсірмекші болады. Бірақ қаражат жағынан қиыншылық туындап, кейінге ысырыла берген. Елімізде мазмұны мен мағынасы жарасқан, көрерменге ұлттық тәрбие беретін «Талан» іспетті фильмнің шығуы қуантады. Шетелдік мән-мағынасы жоқ кейбір киноларды сатып алып, айналымға жібергенше, отандық тарихи фильмдердің жабық көрсетілімін кинотеатрлар тегін өткізсе игі іс болар еді. Себебі ұлттың ұлт болып қалуы үшін осы іспетті рухани дүниелердің алатын орны бөлек. Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру жолында, болашаққа саналы ұрпақ тәрбиелеуде де үлкен маңызға ие саланың бірі – қазақтың әдебиеті, киносы, руханияты.

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы:

 width=

 

«Талан» қалай туды?

 «Талан» – үлкен идеяның киносы. Бұл демалу үшін жеңіл-желпі қарай салатын дүние емес. Бірақ көркем туынды болғаннан кейін оның өзінің көркемдік шарттарына бағындырылған. Фильмді көріп отырғанда, көзден бір-екі тамшы жас тамса, ол сол кейіпкер тағдырының көркемдікпен көрсетілуінің əсері болса керек. Көрермен бір ысып, бір суынбаса кино кино бола ма? «Бұл фильм мені бір жылатты» деп шыққандар біреу-екеу емес. Алайда «Сүйегі мықты болғанмен, аса сүйсіне алмадым» деп шыққандар да жоқ емес. Оны келешекте əр көкірек өзінше саралай жатар. «Жансебілде» де солай болған, бұл да солай бола жатар. Негізі көркем дүниеден адам өз тағдырын көрмесе, ол еттен өткенмен, сүйекке жетпейді. Кітап менікі болғанмен, оның желісімен түсірілген кино менікі емес. Сондықтан өз пікірімді айтуға толық құқығым бар: бұл кино менің сүйегіме жетті. Ал, мұнда жасырылған астарды көрермен бір көргеннен байқай бермеуі мүмкін. Қызылдар көшті шекара үстінде қырып салғанда аман қалған бала алақанын ағын судың бетіне төсеп жататын жері бар. Осы көрініс сол қырғыннан аман қалған тағы бір бала – Тағай өсіп ержеткенде тағы қайталанады. Тағай да ағын судың бетіне алақанын төсеп жатады. Үшіншісінде Керімнің мəйіті ағып бара жатқан судың бетіне Бибісара алақанын төсейді. Алғашқы екеуінен айырмашылығы, ол – ана, яғни құрсағында сол бір қиын-қыстау күндерде көтерген баласы бар. Демек, бұл туындыда өткен тарихты ұлт жадына қайта жазу идеясы жатыр. Аталған көріністер режиссер мен оператордың шеберлігінің арқасында əсерлі шыққан. Ант берудің екінші мағынасы куəлік ету. Ғылымның дəлелдеуінше, алақандағы жазу маңдайға жазылған жазудан бір кем емес. Маңдайдағы жазу бір Алланың тарапынан болатын хикмет болса, алақандағы жазу адами хикмет». Жазушымен әңгімелескенде көкірегінде бір күдіктің орнағанын да байқадық. Ол – басқа халықтар бастарынан өткен тарихқа «геноцид» деп таңба қойып жатқанда, біздің аға ұрпақ, тіпті, зиялы қауымның кейбіреуі зұлмат заманды ұмытқысы келетініне көзі жеткен. «Біз жас ұрпақ деп бөліп айтып, көп кезде соларға ренжіп жатамыз ғой, тегінде, мәңгүрттену деп аса төндіріп айтқым келмесе де, аға ұрпақтан соның бір лебізін байқадым. Сондықтан қазіргі заманның идеологиялық құралы кино болып тұрғанда, біз де халқымыздың басынан өткен тағдырды тамырымен қазып алып көрсеткіміз келді», – дейді жазушы. «Талан» сөзі тағдыр дегенді білдіреді. Сондықтан да бұл фильмде мен сол замандағы адамның образын және ел басына төнген нәубет арқылы халықтың тағдырын көрсеткім келді», – деді режиссер. Кинотуындының актерлары – Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Асан Мәжіт, Оңдасын Бесікбасов, Ұлан Нүсіпәлі.

Көрермендер пікірі:

Ақжан Шәйділдаева, 24 жаста:

 width=

– Мағынасы терең, тарихи фильмдер көргенді ұнатамын. Бірақ өкінішке қарай, «Талан» фильмі маған аса қатты ұнады деп айта алмаймын. Әке мен бала арасындағы махаббат, еліне деген сүйіспеншілікті, бауырлар арасындағы сағынышты көре алмадым. Тағай мен Керімнің қауышқан сәті күткенімдей болмады. Сол сюжетті өте жеңіл қып көрсетіп өтті. Кинода көп жерін қысқартып тастағандай көрінді. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Бірақ табиғатты әдемі көрсеткен.

Жадыра Жұмағұлова, 28 жаста:

 width=

– Мен негізі орыс тілді адаммын. Бірақ «Талан» фильмі маған ұнады. Расында, қазір адамдардың көбі қазақтың басынан өткен тарихты көп айта бермейді, жеңіл қарайды. Менің орыс тілді болып өсуім де өткен тарихтың, саясаттың кесірі шығар деп ойландым. Тағайдың әкесін ойнаған актер ұнады. Сосын соғыс кезінде суық, сұр далада, ал аптап ыстықта аштыққа төтеп берген халқымның қайсарлығына тәнті болдым. Бізге қазір кішігірім бірнәрсе жетіспесе, бұлқан-талқан бола саламыз ғой. Қазіргі бейбіт күннің оңай жолмен келмегенін осындай кинолар арқылы сезінуге болады. P.S. «Талан» сияқты ащы шындықты қаймықпай көрсете алатын фильмдер керек қоғамға. Мазмұны бар отандық киноларға да қолдау көрсету – маңызды міндет. Себебі ұлттық код, ген сақталып қалуы қажет. Ал оны сақтауға ұлттық таным, тарих, мәдениет, ең бастысы, ащы шындыққа суарылған көркем өнер туындылары көмектесетіні сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары