3157
Құрманғазы мұрасы – ұрпаққа аманат
Құрманғазы мұрасы – ұрпаққа аманат
Қазақ халқы үшін қасиетті домбыраның орны бөлек, күй құдіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал күй өнері туралы айтқанда оның атасы – Құрманғазы ойға оралатыны заңдылық. Бүгінде қазақ мәдениетінің тарихында өзіндік қолтаңбасы бар дәулескер күйшінің 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.
Күй атасы – Құрманғазының 200 жылдығы оның өмірі мен шығармашылығы жайында терең зерттеген Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы» (1968) еңбегі мен «Ғасырлар пернесі» (1975) атты кітабындағы деректерге негізделгенін және онда Құрманғазының туған жылы 1818 жыл деп көрсетілген айта кеткен жөн. Ұлы күйшінің мерейтойына орай шығармашылығын зерттеу әрі насихаттау мақсатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Құрманғазы мұрасы және оның Қазақстанның заманауи мәдениетіне әсері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынды ашқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», – деп атап өтті.
Ал музыкатанушы, өнертану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Сара Күзембай өзінің ғылыми баяндамасында: «Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазы күйлері арқылы бүкіл әлем қазақ халқын, оның музыкалық мәдениетін білетін болды. Күйшінің «Сарыарқа» күйі 1973 жылы өткен Халықаралық музыка трибунасында классикалық туынды ретінде бағаланып, ЮНЕСКО-ның барлық байланыс жүйесінде әрдайым орындалуына жолдама алды. Ұлы музыканттың шабыт пен шаттықтан туған, өмірсүйгіштіктен туған шығармасы бүкіл әлемді шарлап кетті. Құрманғазының көптеген күйлерін Қазақстан композиторлары еуропалық барлық жанрларда жемісті түрде жаңашыл деңгейге көтерді. Олардың ішінде Евгений Брусиловскийдің VI симфониясы мен Жұбановтың «Құрманғазы» операсын ерекше атауға болады», – дей келе, «Құрманғазысыз Қазақстанның мәдениеті мен музыка өнерінің болашағын көзге елестету мүмкін емес» деп тұжырымдады.
Бұдан кейін сөз алған биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері Ажар Жұбанова биыл Елбасының қолдауымен елімізде «Домбыра күні» арнайы аталып өтуіне қуанғанын жеткізді. «Әлі есімде, Мәскеуден демалысқа келгенде әкем үнемі маған Құрманғазының күйлерінің шығу тарихын әңгімелеп, домбырамен орындап беретін. Әкем бар ғұмырын Құрманғазының шығармашылығына арнады. Қазіргі уақытта ұлы күйшінің туған жылының дерегі төңірегінде әртүрлі болжамдар айтылуда. Бұл елдігімізге үлкен сын, сырт елдерге күлкі болуымыз мүмкін. Құрманғазы бабаның мол қазынасының келер ұрпаққа насихатталуы көңілге қуаныш ұялатады», – деді тебіреніп.
Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабырдың айтуынша, Құрманғазы бабамыздың 200 жыл толуына күмәнмен қарайтындар кездесуде. «Құрманғазы бабамыздың туған жылы жөніндегі таластың қажеті жоқ деп есептеймін. Меніңше, Ахмет Жұбановтың зерттеуінен артық болжам бола алмайды. Ахаңның сөзіне тоқтауымыз керек. ЮНЕСКО 200 жыл деп тойлап жатқанда біз де сол бағытты ұстануымыз керек», – деді.
Қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 16 наурыздағы №73 бұйрығымен бекітілген 2018 жылы өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізілген мерейтой шаралары Батыс Қазақстан облысынан бастау алып, бірқатар мәдени шаралар атқарылып келеді. Құрамында өнерпаздар, өлкетанушылар, тарихшылар, өнер зерттеушілері бар топ Құрманғазы бабамыздың жүрген ізімен экспедиция ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Бөкей ордасы аудандары аумағымен жүріп өтіп, күй атасы жерленген Астрахань облысы, Володар ауданындағы Алтынжар ауылына көлікпен жетті. Батыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Қыдырболат Мұсағалиев: «Сапарымыз Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйшінің басына зиярат етуден басталып, Күй атасының кіндік қаны тамған Жиделі құмы үстімен өтіп, композитордың өмірі мен өнеріне қатысты тарихи орындар қамтылды. Артында өлместей мұра қалдырған бабамыздың мерейтойы жыл сайын емес, күн сайын тойланса да артық етпейді. Ал қараша айында Атырау облысында тойланғалы жатыр», – дегенді айтты.
Жалпы қазақ өнері үш бағытта дамыған: бірінші – сөз өнері, екінші – қол өнері, үшінші – музыка өнері. Ал музыка өнері, оның ішінде аспаптық музыка дегенде Құрманғазының аты бірінші аталатыны мәлім. Осыған орай, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы құрметіне «ЮНЕСКО» штаб-пәтері, «Түріксой» ұйымы, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларының өнер ұжымдары және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысқан «Құрманғазы және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фестиваль өткізді.