Жылу маусымы: Дайындық қалай?

Жылу маусымы: Дайындық қалай?

Жылу маусымы: Дайындық қалай?
ашық дереккөзі
802
«Қыстың қамын жаз ойла» деген бар. Бірақ дәл осы тәмсілді қазақпен байланыстыру қиындау. Себебі қыс кезінде отын-су сатып алатын да, жылу құбыры тесіліп, әбігерге түсетін де біз. Ал соны алдын ала қамдап, кем-кетігін жөндеп, сақадай-сай отыру қанға сіңбей келеді. Бұл мәселе Үкіметтің бірнеше отырысында пысықталып, тиісті жауаптар алынып жатады. Қағаз бетіндегі есепті тыңдасаңыз, бәрі тамаша! Алайда кей өңірдің қыс мезгіліне қаншалықты дайындалғаны алғашқы суықта-ақ белгілі болады. Өткен қыста Қарағанды облысындағы тұрғын үйлердің жылусыз қалғаны есте. Тозығы жеткен жылу құбыры жарылғанда қарағандылық шенеуніктер құбырдың жарылуын аяздан көріп, ақталумен болды. Сол кезде арнайы бағдарлама арқылы көзделген қаржы діттеген жеріне бармағаны да анықталған. Берілген жауаптарға қарағанда, күрделі жөндеу жұмысы жаз мезгіліне шегерілген. Бұл бір ғана мысал. Өкініштісі сол, мұндай апатты жағдай тіркелгенде, өңір басшылары тек сөгіс алумен шектеліп жатады. Неге? Шын мәнінде, жыл сайын жылу маусымына дайындыққа мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Оны Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мырзаның әр отырыс сайын сұрап отыратыны бекер емес. Қыс мезгілінде тұрғындар абыржымаса, мектепте оқушылар қамнен-қаперсіз білім алса, денсаулық сақтау мекемелерінде науқастар жаурамаса, дайындық жұмысының нәтижесі осы. Биыл республика мекемелерінің қысқа дайындығы қай деңгейде? Қыркүйек айында Энергетика министрлігі мамандары «Жылыту маусымына дайындық барысы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізген-ді. Сол кезде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы министрліктің тұрақты бақылауында екенін айтқан. 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін, дайындықты бақылау, жылу маусымын өткізу, электр станцияларын, коммуналдық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз ету үшін штаб құрылды. Штабтың құрамына министрліктер мен әкімдіктердің жауапты тұлғалары енген. Бұйрық шеңберінде Энергетика министрлігіне күзгі-қысқы кезеңге дайындалу мен өту мониторингін және елдің электр станцияларында отынның нормативтік қорын жинақтауды күнделікті негізде қамтамасыз ету бекітілген. Инвестициялар және даму министрлігі апталық негізде көмір өндіретін ұйымдардан көмір өндіру мен тиеуге, көмірді коммуналдық-тұрмыстық секторға және халыққа тиеп-жөнелтуге, ұсынылған өтінімдерге сәйкес көмір тиеу вагондармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану арқылы электр станцияларын, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарға және халыққа көмір тасымалдау мониторингін қамтамасыз етеді. Тамыздың ортасында жүргізіліп жатқан жұмыс аясында түйткілді мәселелерді қарастыру және оларға шара қолдану бойынша облыстармен селекторлық кеңес өткізілді. Алдағы 2018-2019 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде еліміздің тұтынушыларын тұрақты энергиямен жабдықтау үшін, 8 энергоблокты, 56 энергетикалық қазанды 45 турбинаны күрделі және кеңейтілген жөндеу көзделген. Осы айтылған істің қаншалықты атқарылғаны да алдағы маусымда айқындалмақ. Егер республика өңірлерінде қыстың аязды күндері ың-шыңсыз өтетін болса, тапсырманың өз деңгейінде орындалғаны деп білеміз. Былайша айтқанда, қыс әкімдер үшін сынақ кезеңі. Қай әкімнің қалай жұмыс істегені де қыс маусымында анықталады. Қазан айының алғашқы жартысында еліміздің біраз өңірінде қар жауды. Аяз күздің өзінде мінезін көрсетіп үлгерді. Бұл кезде кей өңір жылу беруге асықпай отырған. Алматы қаласы аудандарының біріне жылу уақтылы берілсе, екіншісіне кешігіп жетті. Кенеттен суып кеткен күн осы салаға қатысы бар мамандарды тосырқатты да. Жұрт былтырғы аязды күндерді ұмыта қойған жоқ. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, биыл да қыс қаһарына мінеді дейді ауа райын болжаушылар. «Қазгидромет» орталығының директоры Марина Шмидтің айтуынша, қараша айында аязды және жылы күндер алма-кезек ауысып, ауа райы жауын-шашынды болады. Қатты жел соғып, түнде және күндіз тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда. ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековтің айтуынша, елімізде 2017 жылы 106, 4 млн тонна көмір өндіріліп, рекорд орнатқан. Оның ішінде халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігіне арналған көмір көлемі 3,3 млн тоннаға жеткен. Ал биыл кәсіпорын 12 млн тонна көмір өндіріп, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке 300 мың тонна өсіммен 3,6 млн тонна отын шығарған. «Шұбаркөл көмір» кен орнынан күніне орташа есеппен 170-180 вагон көмір тиеледі. Көмір еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтілуде. Ал жалпы биыл көмір өндірісі 107 млн тонна межесіне көтеріледі деп жоспарланған. Қазір 1 тонна көмірдің бағасы – 17-18 мың теңге. Былтыр бұл баға 20 мың теңгеге аспандап кеткен-ді. Егер қыс қаһарына мінсе, бұл баға әліде өсуі мүмкін. Бір айта кетерлігі, 2019 жылдың қаңтарынан көмірдің сатылымын онлайн бақылауға болады. Яғни, жаңа жылдан бастап көмірді сату «Виртуалды қойма» модулі арқылы жүзеге аспақшы. Қаңтар айында ел аумағындағы ауа райына Сібір антициклоны әсер етеді. Қазақстанның басым бөлігінде қар аз жауады, аяз болады. Тек еліміздің батысы мен оңтүстігінде қыс айтарлықтай жылы, ал батыста, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарының таулы аудандарында жауатын қардың мөлшері нормаға жуық болады деп болжанып отыр. P.S. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Қазақ «Үркерлі айдың бәрі қыс» дейді. Алайда табиғаттың әр маусымының, ауа райының жаманы жоқ. Әр мезгілдің өз қызығы мен шыжығы бар. Тек соның шыжығы аз болсын деп тілейік.

Серіктес жаңалықтары