228
Инвестиция болмаса, іс алға баспайды
Инвестиция болмаса, іс алға баспайды
2014 жылы қолданыстағы салалық бағдарламаларды оңтайландыру мақсатында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бірыңғай бағдарламасы қабылданған болатын. Бірыңғай бағдарламаға «Аймақтарды дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Ақбұлақ», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020», сондай-ақ, шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жобасы енгізілген еді.
Бағдарлама еліміздің ұтымды аумақтық ұйымын қалыптастыру жолымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау, халық капиталын экономикалық өсімі жоғары орталықтарға шоғырландыруды көздейді. Бағдарлама аясында халықтың қай аймақта тұратынына қарамастан, инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы төрт міндетті шешуді көздейді: әр макроөңірге арналған инвестициялық басымдықтар, еліміздің аумақтық дамуын жетілдіру, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету.
Бүгінде өңір ішінде әлеуеті мен экономикасы арқылы көш басында тұрған Қостанай облысы инвестиция тарту бойынша да, өнімді өңдеу ісі жөнінен де көпке үлгі. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің 9 айдағы экономикалық-әлеуметтік дамуын қорытындылай келе, барлық сала бойынша өсу бар екенін алға тартты. «Жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылайтын боламыз. Облыста соңғы жылдары өнім өңдеу өнеркәсібіне маңыз бердік. Бұл Елбасы Жолдауларындағы тапсырмаға сәйкес жүріп отырды. Өңдеу секторы бұдан бірнеше жыл бұрын 29 процент болатын, қазір оның облыс экономикасындағы үлесі 53,3 пайызға жетті. Биыл облыста 7772 автокөлік шығарылды, ал 2 жыл бұрын оның саны 2000 болатын. Жыл аяғына дейін тағы да 11 000 автомобиль сапқа қойылатын болады. Келесі 2019 жылы оның санын 25 мыңға жеткізетін боламыз. Құрылыс индустриясы да дамып келеді», – деді Архимед Бегежанұлы.
Бір айта кетерлігі, таяуда Қостанайда екінші рет өткен инвестициялық форумда 251 млрд теңге тұратын 19 меморандумға қол қойылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алдымен Қытайдың автомобиль шығаратын Hangteng Auto Co. Ltd. компаниясымен келісілген құжатқа қол қойды. Жалпы, осы он тоғыз келісімнің арасында «Bio Grain»компаниясы секілді аса ірі инвесторлық жоба да бар. Бұл компания Қостанайда дәнді және майлы дақылдарды жеткізе өңдеп, одан май, жарма, крахмал тағы басқа сұранысқа ие және экспортқа бағытталған өнімдер алатын болады. Хаб Қостанайдағы Индустриялық аймаққа орналасады. Компания келесі жылғы көктемнен жобаны жүзеге асыруды бастайды. Меморандумда мұнан басқа Ресей компанияларымен де екі жақты қол қойылды. Жалпы, өткен жылы Қостанайда өткен алғашқы инвестициялық форумға 300 инвестор қатысып, құны 580 млн доллар болатын 26 меморандумға қол қойылған болатын. Олардың барлығы бүгінде жүзеге асып жатыр. Қысқасы, инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуын өрге тартады. Қаржы көздерінің көрсеткіштеріне қарап отырсақ, бұрнағы жылдарға қарағанда инвестициялық қаржының өсімі анық байқалады. Егер ол 2015 жылы – 82, 2016 жылы – 92,5 пайыз, 2017 жылы – 104,3, ал үстіміздегі жылдың 8 айында 112,9 пайызды құрады. Соның ішінде сырттан тартылған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өсті, яғни 2017 жылы 6,1 млрд теңге болса, 2018 жылдың басынан бері тартылған қаржы 11,7 млрд теңгеге жетті. Соның арқасында 2017 жылдан бастап облыс өңірінде 14 жаңа жоба жүзеге асты. Өнімі нарық сұранымына ие кәсіпорындар жұмыс істей бастады. «Баян сұлу» кондитер фабрикасы – облыстағы байырғы кәсіпорын. Ол инвестиция салып, өзінің цехтарын заманауи құралдармен жабдықтап, өндірістік желісін кеңейтті, өнімнің жаңа түрлерін шығарып отыр. Бұл азық-түлік нарығына серпінді ықпал етіп, экспорттық өнім түрлерін әртараптандыруға мүмкіндік берді. Облыста мал азығына құрамажем дайындайтын екі жем зауыты ашылды. Қостанай қаласындағы тәулігіне 200 тонна құрамажем шығаратын «Трансальпина» жем зауытының құны 1 млрд теңгеге түсті. Ал Әулиекөл ауданындағы «AgroBioAuliekol» зауыты құрамажемді екінші шикізаттан жасайды. Өндіріс орны мамыр айында іске қосылып, 50 адамға жұмыс тауып берді. Кеншілер қаласындағы құны 16,8 млрд теңге тұратын Рудный цемент зауытының орны тіпті бөлек. Бүгінде соңғы іске қосу тетіктері жасалып жатқан зауытта 300-ден астам рудныйлық жұмыс істейтін болады. Бұл – облыстағы соңғы жылдарда жүзеге асатын ең ірі инвестициялық жоба.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, жыл соңына дейін тағы да 4 инвестициялық жоба іске қосылады. «Әдетте, инвестор уақыттың сұранымына ие өндіріске қаржы салады. Торғай өңірі егін шаруашылығына аса қолайлы емес, мал шаруашылығына икемді. Оның үстіне Арқалық қаласы маңындағы Торғай боксит кен басқармасы кеннің сарқылуына байланысты жақын жылдары жұмысын тоқтатады. Ал онда Арқалық қаласынан 800 адам жұмыс істейді, қаланың бюджеті де осы кәсіпорынға арқа сүйейді. Сондықтан моноқаланың экономикасы мен әлеуметтік саласын әлсіретпеу үшін «Торғай ЕТ» заманауи ет комбинаты секілді ірі кәсіпорын қажет-ақ болатын. Міне, енді қараша айында 2 млрд теңге жұмсалған, шұжық, бұқтырылған ет, жартылай фабрикаттар өндіретін «Торғай ЕТ» ет комбинаты іске қосылмақ. Қостанай қаласындағы өткен жылы іргесі қалана бастаған Индустриялық аймақ инвесторларға қолайлы жағдай туғызатын, өміршең жобаларды жүзеге асыратын алаң болып отыр. Онда биыл жыл соңына дейін жүзеге асатын, жоғарыда айтқан 4 инвестициялық жобаның екеуіне орын берілді», – деді ол.
400 гектар жерді алып жатқан аймақтың қазір қажетті инфрақұрылымын жасайтын құрылыс жұмыстары жүруде. Индустриялық аймақ алғашқы сатыда газбен, сумен, электр энергиясымен жабдықталады. Оның сыртында канализация, таза су сорғылары секілді құрылыс жұмыстары да қатар жүреді. Аймаққа тас жол және теміржол кіргізу жоспары да бар. Жыл аяғына дейін мұнда алдымен Минск трактор зауытының лицензиясымен «Беларусь» маркалы трактор құрастыратын өндірістің іргесі қалана бастайды. Инвестор – көрші Ресейдің Свердлов облысындағы «Композит Групп» холдингі. Жобаның құны оның алғашқы сатысында 2,3 млрд теңге болады, жақын жылдары 15 млрд теңгеге дейін жетеді. Өндірісте 200 адам жұмыс орнын табады.
Биыл іске асатын төртінші жоба бойынша қытайлық компания (YTO Group Corporation) YTO маркалы трактор құрастыратын өндірісті іске қосады. Жобаға қытайлықтар 1 млрд АҚШ долларын құяды. Облыс экономикасын дамыту үшін 2015-2018 жылдар арасында ізденістер мен инвестиция тарту арқылы құны 2,1 трлн теңгеге бағаланатын 40 инвестициялық жобалар пулы жасалды. Соның ең ірісі қытайлықтармен бірге жүзеге аспақ. Құны 100 млрд теңге тұратын жобаның инвесторы «BioGrain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта бидайды жетілдіре өңдеп, одан крахмал, құрамажем, май және ұн өндіретін болады. Өндірісте еңбек ететін 500 адамның ішінен 20 маман ғана Қытайдан келеді. Бір айта кетерлігі, өңірде қолға алынған 1,4 млрд теңгені құрайтын 15 жобаның қазір алтауы жүзеге асты.
Айтпақшы, Қостанай өңірінде цифрландыру ісі ұтымды қолға алынуда. Алғашқыда «жеңіске тез жетудің» Жол картасында облыстағы 77 шара белгіленген болатын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қостанай облысы ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында «қанатқақты» өңір болып саналды. Кейінірек барлық мүмкіндіктерді саралай келе, Жол картасына тағы да 53 шара қосылып, жалпы атқарылатын жобалар саны облыста 130-ға жетті. Қазір білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздік, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоспарланған 130 жобаның 57-сі жүзеге асырылды.