237
Инвестиция – экономиканың тың тынысы
Инвестиция – экономиканың тың тынысы
Орталық Азия елдері бойынша инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Инвестициялық климатты жақсарту мен Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6 пайызға артып, 7,5 трлн теңгені құрағанын жеткізді.
Соның ішінде «Тау-кен өнеркәсібінде (41,4 пайыз), құрылыста (37,1 пайыз) және өңдеу өнеркәсібінде (26,4 пайыз) өсім байқалады. Республикалық деңгейде инвестициялардың басым бөлігі Атырау (35,8 пайыз), Астана (9,2 пайыз), Алматы (6,5 пайыз) сияқты өңірлерге тиесілі. Инвестициялардың өсімі көптеген өңірлерде байқалады. Солардың ішіндегі үш көшбасшы өңірге Шымкент қаласы 2,8 есе, Атырау қаласы 35,6 пайыз және Қарағанды облысы 28,5 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аталған мерзім аралығында Алматы (0,5 пайыз) мен Жамбыл (3,4 пайыз) облыстарында инвестиция өсімі азайған, ал, Түркістан (9,2 пайыз) облысында төмендеу байқалды», – деді Инвестициялар және даму министрі. Айта кетерлігі, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 15,4 пайызға артып, 12,3 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы 1-жартыжылдықта 10,5 млрд АҚШ доллары шамасында болған еді. Министрлік келтірген мәлімет бойынша жалпы сомасы 1,4 млрд доллар болатын 12 жоба іске асырылу сатысында, биыл оның ішіндегі құны 1 млрд доллар болатын 8 жоба қарқынды түрде жүзеге асады. Маңызды жобалардың ішінде инвестиция көлемі – 83 млн долларды құрайтын техникалық газ өндіретін немістің Linde Group компаниясын, инвестиция көлемі – 165 млн долларды құрайтын картоп өңдейтін голландиялық фирманы, инвестиция көлемі – 70 млн долларды құрайтын жоғары сапалы әк өндіретін бельгиялық Carmeuse Group компаниясын, инвестиция көлемі – 220 млн доллар болатын сода күлін өндіретін түріктің Yildirim Holding компаниясын, инвестицияларының көлемі – 194 млн доллар болат құбырларын шығаратын қытайдың CNPC және цемент өндіретін China Gezhouba Cem компанияларын атауға болады.