1391
Көші-қон және мемлекеттік саясат
Көші-қон және мемлекеттік саясат
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алдымен жолға қойған саясаты – көші-қон. Тіпті, астананы Арқа төсіне көшіру мен шекараны әлемдік талапқа сай етіп бекітуден де бұрын осы шеттегі қазақтарды қара шаңырақ Қазақстанға шақыруды қолға алған. Бүгінгі ұлттық идеяның түп негізі – осы көші-қон саясатымен қаланған еді. Себебі көші-қон – өз тізгінін өзі қолына алған тәуелсіз ел болғанымызды шын мәнінде әйгілеген бастама.
Қазақстан Республикасы үшін көші-қон мәселесінің маңызы айрықша болып отыр. Өйткені, республикамыздың жер көлемі ұшан-теңіз кең, ал тұрғындарының саны онымен салыстырғанда өте аз – 18 миллионнан енді ғана асты. Сондықтан да Қазақстан халқының санын көбейтіп, демографиялық жағдайымызды жақсарту бірінші кезекте қолға алынуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев еліміздің тұрғындарының санын алдағы уақытта 20 миллионға жеткізу керек деп нақты міндет белгілеуінің де басты себебі, міне, осыған байланысты. Елімізде көші-қон саясатын жүзеге асыру үшін бірқатар құжат қабылданғаны белгілі. Атап айтқанда, 1991 жылы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының заңы, 1995 жылы «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Сонымен бірге көші-қон үрдісін реттейтін əртүрлі тұжырымдамалар мен бағдарламалар да жүзеге аса бастады. «Этникалық қазақтардың тарихи отанына қайта оралуы туралы» тұжырымдама, «Жібек жолы: өңірлік ынтымақтастық пен даму мақсатында мүдделерді күшейту» өңірлік бағдарламасы, «2009-2011 жылдарға арналған Нұрлы көш» бағдарламасы елімізге шетелдегі қандастардың оралуына себепші болды. Мұның нәтижесінде қандастарға əлеуметтік көмек, яғни, жəрдемақы, тұрғын үй алуға көмек көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасының тікелей қолға алуымен сырт жерлердегі қандастарымызды атажұртқа көшіріп әкелуге айрықша көңіл бөліп, көптеген игі істерді жүзеге асырды. Соның нәтижесінде, жыл сайынғы көші-қон квотасының саны бір жылдары 20 мың отбасына дейін жетіп, «Нұрлы көш» бағдарламасының қабылдануына түрткі болған еді.
Бір айта кетерлігі, былтыр елімізде Көші-қон қызметі комитеті қайта құрылғаны есте. Елбасы қаулысымен Ішкі істер министрлігі құрамында құрылған комитет оралмандар квотасы мен шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны реттеуге кіріскен. Сондай-ақ, 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеу күн тәртібіне шыққан. Бұған дейін, яғни, 2015 жылға дейін қабылданған тұжырымдама өз міндетін атқарған-ды.
Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, Ішкі істер министрлігіне қарайтын Көші-қон комитетінің құрылуы – өмір талабы. «Өйткені Көші-қон комитеті тек сыртқы ғана емес, ішкі көшу-қону мәселелерімен де айналысуы тиіс. Мәселен, осы күнге дейін нақты қанша адам Астана, Алматы сияқты ірі мегаполистерде мерзімдік жұмыстарда істеп жүргенін анықтап көрсететін статистика жоқ. Ішкі көші-қон туралы айтып отырғаным да сондықтан. Енді бұл комитет осы мәселелерді назарға алуы тиіс. Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, халық арасында дау тудырып отырған уақытша тіркеу мәселесі. Құзырлы органдардың түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізбей, ақпарат таратпауынан мұндай түйткілге тап болып отырмыз. Заң бойынша, бұрын үш ай өткен соң барып уақытша тіркеуге тұру керек болатын. Ал жаңа заңға сәйкес, ол мерзім бір ай деп көрсетілді. Жоғарыда айтып өткен статистика болмағандықтан, ажиотаж туындады. Кейбір ресми емес мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 3,5 млн адам жұмыс бабымен көшіп-қонып жүреді екен. Бұл ақпараттың қаншалықты негізі барын да білмейміз. Сондықтан уақытша тіркеу арқылы осындай деректерге қол жеткізуге болады. Комитет осыны реттеп отыруы керек», – дейді сенатор.
Бұл жерде басты назар сыртқы көші-қон мәселесіне ауып отыр. Шетелден қандастарымыздың келуі 2012 жылдан кейін ептеп азайды. Әсіресе, Қытайдан келетіндер бұрынғыдай көп емес. Осыған қатысты үлкен мәселе бар. Егер қандастар Қытайдан келетін болса, міндетті түрде сотталмағаны туралы анықтама әкелуі керек. Ал ол құжатты Қытайдан алу оңай емес. Олар сотталғандарды онсыз да сыртқа жібермейді. Осы жағынан келгенде, қандастардың елге қайта оралуы қиынға соғуда.
Бүгінгі таңда көші-қон – бүкіл әлем бойынша ең күрделі мәселелердің бірі. Тіпті Еуропаның ең мықты мемлекеттерінің өздері де бұл жөнінен түрлі қиындықтарға душар болуда. Мұндай жағдайдың болашақта Қазақстанда да орын алмауын қазірден бастап ойластыра бергеніміз дұрыс. Көші-қон жөнінде жеке комитеттің құрылуы – осы бағыттағы қолға алынған нақты істердің бірі. Осы тұрғыда Сұлтанәлі Балғабаев: «Ең алдымен айтарымыз, соңғы он бес-жиырма жылда еліміздегі көші-қон мекемесінің аты да, мәртебесі де, құрылымы да сан рет өзгерді; бірнеше министрліктерге де қосылды; өз алдына жеке агенттік те, комитет те болып көрді. Осы жағдайға орай, көші-қон жөніндегі заң мен ереже-тәртіптер де, талаптар да әлденеше рет өзгеріп, қайта жасалды. Мұның бәрі көші-қон жұмысында түрлі қиындықтар тудырды. Этникалық көші-қонның, яғни, оралмандар көшінің соңғы уақытта біраз азаюына бұл жағдай белгілі бір дәрежеде әсер етті. Сондықтан да дүниеге жаңадан, дәлірек айтқанда, қайтадан келген Көші-қон комитеті бұдан кейін ешқандай өзгеріске ұшырамай, осы қалпында барынша ұзақ қызмет атқарса дейміз», – деген-ді.
Көші-қон жұмыстарымен тек Қазақстан ғана емес, дүниежүзінің біраз мемлекеттері айналысады. Олардың арасында бұл жөнінен бізге ең жақыны – Германия, Израиль және Польша. Бұл мемлекеттер көші-қонды ең алдымен, сырт жерлердегі өз қандастарын атажұртқа көбірек әкелу үшін пайдаланады. Олар бір жүйеге түскен нақты әрі қатаң ереже-тәртіптерге сүйеніп жүзеге асырады. Жаңадан құрылған комитет осы мемлекеттердің көші-қон саласындағы іс-тәжірибелерін айрықша назарға алып, тиімді пайдалана білсе, құба-құп. Өйткені соңғы уақытта босқындар көші-қоны, еңбек көші-қоны және ішкі көші-қон алға шығып, этникалық көші-қон олардың көлеңкесінде қалған сыңайлы. Бұл – өзекті мәселе. Жер көлемі ұшан-теңіз кең, ал тұрғын халқының саны онымен салыстырғанда әлдеқайда аз Қазақстан үшін этникалық көші-қонның маңызы айрықша. Нақтырақ айтқанда, бұл – еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар мәселе. Өйткені кең-байтақ жерімізді өз халқымызбен тезірек толтырмасақ, күндердің күні алыс-жақыннан заңды-заңсыз мигранттардың қаптап келе бастауы әбден мүмкін. Бұл әлемнің біраз мемлекеттері бастан кешіріп отырған жағдай. Сондықтан Көші-қон комитеті оралмандар көшіне айрықша назар аударып, барынша жанашырлық жасауы қажет. Бұл жанашырлық әншейін сөз жүзінде емес, нақты іспен, дәлірек айтқанда, айқын, анық жасалған ереже-тәртіптермен жүзеге асуға тиіс. Ол ереже-тәртіптерді көші-қон мекемелерінің қызметкерлері де, алыс-жақыннан атажұртқа қоныс аударған ағайындар да бұлжытпай орындаулары керек.
Бүкіл әлемде көші-қон жұмысымен, негізінен, мемлекеттік мекемелер айналысады. Қазақстанда да сырт жерлердегі ағайындарды көшіріп әкелу, қажет құжаттарын дайындап, реттеп беру, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету сияқты жұмыстармен мемлекеттік мекемелер айналысуға тиіс. Бұл міндеттер тиісті заңдармен, басқа да құжаттармен ресми түрде бекітіліп, көрсетілген. Ол заң-ережелерді бұзуға, соған орай мемлекеттік мекемелердің көші-қон саласындағы жұмыстарына көлденеңнен килігіп, араласуға ешкімнің құқы жоқ. Жалпы, бұл – тек көші-қонға ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінің кез келген саласына ортақ шарт-талап. Өкінішке қарай, кейде осы мәселе ескерілмейді. Тіпті, алыстан келген ағайындарға көші-қонға қатысты заң-ережелерді дұрыс түсіндіріп, нақты, айқын жол көрсететіндер өте сирек. Керісінше, бұл заң-ережелерге мүлдем сәйкес келмейтін әңгімелер айтып, орынсыз талап қоятындар жиі кездеседі. Мысалы, атажұртқа келіп, Қазақстан азаматтығын әлдеқашан алғандарды да арада пәлен жыл өтсе де әлі күнге «оралман» деп есептейтін қате түсінік осыдан туады. Яғни, бұл мекеме Қазақстанда көші-қон жұмыстарымен мемлекеттік мекемелердің айналысатынын және бұл саладағы заңдар мен ереже-тәртіптердің бұлжытпай орындалуы тиіс екендігін негізге ала отырып, жалпы жұртшылыққа, оның ішінде, әсіресе, оралман ағайындарға бұл заңдар мен ереже-тәртіптерді барынша кең түрде жан-жақты түсіндіріп, насихаттап отыруды тұрақты жүзеге асырса дейміз.
2015 жылы 24 қарашада өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Елбасы қол қойған «Халықтың көші-қоны туралы» заңында шеттен келетін қандастарымыздың атажұртына тұрақтап қалуы үшін көп жеңілдіктер жасалған және ішкі көші-қон үшін де тиімділіктер молынан қарастырылған. Сондай-ақ, Үкіметтің қаулысымен солтүстікті қазақыландыру мәселесі қолға алынып, соның ішінде 7 облысты шеттен келген қандастарымыз, 3 облысты халқы тығыз орналасқан жерлердің тұрғындары қоныстанатын арнайы өңір ретінде танығаны мәлім. Тіпті, сырттағы этникалық қазақ жастары мен балаларының елімізден білім алу жағы да заңмен қамтамасыз етілген. Бұл елімізде көші-қон саясатының оңтайлы жүргізіп жатқанын көрсетеді.