877
Түркі әлемінің ғалымдары бас қосты
Түркі әлемінің ғалымдары бас қосты
Алматыда Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиум өтті. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйытқы болған шараға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұртстаннан 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты.
Үш күнге жалғасқан басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласты. Симпозиум түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейді.
Алқалы жиын «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың қазақстандық және әлемдік тәжірибесі», «Рухани жаңғыру: әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өтті.
Жиынның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Болон үдерісі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Алмагүл Құлтуманова, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, PhD докторы Эльмира Қалжанова, Қазақстандағы Түркия Республикасының вице-консулы Алтай Алпер, Түркия Республикасы Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры, профессор Мухсин Кар, Әзірбайжан Республикасы Баку Еуразия университетінің ректоры, профессор Назым Хюсейнли, Түрік халықтарының мәдениет қоры президенті, «Түркі әлемі» газетінің бас редакторы Ахмет Дағдуран, шетелдік және отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова симпозиумның маңызына тоқталып өтті:
«Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы Дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Жаңа мыңжылдық Еуразия кеңістігінде үлкен саяси өзгерістермен бастау алды. Түбі бір түркі мемлекеттері тәуелсіздік алды, бабалар арманы шындыққа айналды. Бұл өзгерістер – жаңа саяси-экономикалық және мәдени кеңістіктің пайда болуына жол ашты. Бүгінде Қазақстан туысқан халықтар ынтымақтастығының нығаюына негізгі ұйытқы болып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды. Бұл үшін халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Симпозиум қатысушылары осы іргелі жобаларға өз үлестерін қосады деп ойлаймын».
Оқу орны басшысының айтуынша, түркі халықтарының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ортақ негізде дамыту мақсатында бас қосып отырған ғалымдар Қазақстанның латын жазуына негізделген жаңа әліпбиге көшу бағдарламаларындағы өзекті мәселелерді шешуде бірлесе ғылыми-шығармашылық бағытта жұмыс істеп, жаңа ғылыми зерттеулер жүргізуге бастама жасайтын болады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Болон үдерісі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Алмагүл Құлтуманова министр Ерлан Сағадиевтің жиын қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқыды.
«Білім беру мен ғылымды бірге алып жүру – бұл үлкен еңбекті, төзім мен табандылықты қажет етеді. Сіздердің түрлі ғылым саласында пікір алмасып, келешекте түбі бір түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға серпін беретіндеріңіз – азаматтық және әлеуметтік жауапкершіліктеріңізді білдіреді. Симпозиум түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығая түсуі, әлемдік деңгейде қолданылатын зерттеулер жүргізуге жаңаша бағыт береді деп ойлаймын. Осы жолда Сіздерге үлкен үміт пен зор сенім артамыз», – делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар, жиын барысында Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар, Баку Еуразия университетінің ректоры Назым Хюсейнли, Түрік халықтарының мәдениет қоры президенті, «Түркі әлемі» газетінің бас редакторы Ахмет Дағдуран, жазушы Қабдеш Жұмаділов, белгілі ғалым Даңдай Ысқақұлы, ақын Мұхтар Шаханов, күйші-композитор Секен Тұрысбек сөз сөйлеп, алқалы кеңестің маңызы турасында ой бөлісті. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.
Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар, шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.