Қасым-Жомарт Тоқаев: Салық саясаты жаһандық қатерлерді ескеруі тиіс
Қасым-Жомарт Тоқаев: Салық саясаты жаһандық қатерлерді ескеруі тиіс
Сенатта парламентшілер, ұлттық экономика және қаржы министрліктері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары қатысқан «Салық саясатының өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел болды.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кіріспе сөзінде мемлекеттің салық саясаты: «Еліміздің экономикалық даму стратегиясының басты құралдарының бірі болып табылады», – деп атап өтті.
Төраға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиялық даму жоспарында салық саясатын жетілдірудің басты бағыттарын айқындап бергенін айтты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында салық режимдері мен рәсімдерін оңтайландыру, кірістер мен шығыстарды жаппай салықтық декларациялау, тәуекелдерді басқару жүйелерін енгізу, кеден және салық жүйелерін интеграциялау секілді шаралар көзделген.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттің салық жүйесі ұлттық экономиканың талаптарына және қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруі тиіс, олардың қатарында еліміздің кірісін төмендетіп отырған мұнай бағасының арзандауы, экономикалық өсімнің баяулауы, ұлттық валюта бағамының төмендеуі, Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың ықпалы да бар.
Сенат Төрағасы салық жүйесі бюджетті теңгерімдеумен қатар, экономиканың құрылымдық өзгерістері мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуге, жоғары технологиялық өндірісті құруға және шикізаттық емес экспорт пен өңделген өнімнің өсімін ынталандыруға бағытталуы тиіс деп санайды.
«Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттің және салық төлеушілердің мүдделерін үйлестіре отырып, тиімді және болжамды салық жүйесін құру», – деді жоғарғы Палатаның басшысы.
Шараға қатысушылардың сөйлеген сөздерінде Қазақстанның салық жүйесін жаңғыртудың түрлі жолдары туралы сөз болды.
Атап айтқанда, ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру аясында салық салу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобаларының мазмұнына тоқталды. Ұсынылған шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға және салық әкімшілендірулерді жақсартуға бағытталған.
Мемлекеттік бюджеттің атқарылу жағдайы және салық пен кедендік әкімшілендіру жүйесін реформалау шаралары туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабардар етті. Қазіргі кезде Парламентте қаралып жатқан өзгерістерде қосымша құн салығын төлеушілер аясын кеңейтуге, электронды құжаттарды қолдану, рәсімдерді оңайлату, бақылау түрлерін жетілдіру де бар.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов Қазақстандағы бизнестің инвестиялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін, қабылданған ережелерді жан-жақты және егжей-тегжейлі талдау қажеттігіне назар аударды.
Сенат депутаттары баяндамашыларға акциздік постарды жаңғыртуға, қосымша құн салығына және пайдалы қазбаларды өндіруге салық есептеу тәртібін өзгертуге, ЕАЭО туралы шарттың күшіне енуі аясында бизнесті жүргізу келешегі, заң шығару үдерістеріне салық төлеушілердің пікірін ескеруге қатысты сауалдар қойды.
Дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға қатысты талқыланған маңызды тақырыптарға тоқталды және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында салық әкімшіліктендіруді жетілдіру және алдын ала-бақылау шараларын оңтайландыру мәселелерін атап өтті.
Ж. БАҚҚОНДЫҰЛЫ