259
Қоныс тойын тойлайтындар көбейді
Қоныс тойын тойлайтындар көбейді
Биыл жыл басынан бері қоныс тойын тойлаушылар саны артты. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының нәтижесінде өз шаңырағының кілтіне ие болған 77 мың отбасының қуанышында шек жоқ.
Үкімет отырысында талқыға салынған баспана мәселесі бойынша сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 9 ай қорытындысында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 8,8 миллион шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілген. Бұл 2017 жылғы осы кезеңдегіден 11,6 пайызға көп.
– 77 мыңнан астам отбасының 9,5 мыңға жуығы мемлекет қаржысына салынған баспананы алды. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 31,5 пайызға артып, 818,9 миллиард теңгеге жетті. Былтыр 507,8 млрд теңге болған, – деді Жеңіс Қасымбек. Қалталы инвесторлар мен компаниялар үй салып, сатуға ден қойып, өткен жылға қарағанда көбірек қаржы құя бастапты. Нәтижесінде жеке құрылыс компаниялары инвестицияны 53 пайызға арттырған. Қазақстандықтар да жылжымайтын мүлікке бағыттаған қаражатын 43,2 пайызға өсірген. Салада мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне (102,5 миллиард теңгеге) жеке инвестициялардан 8 теңге (819,9 млрд теңге) тартылды. Жалпы алғанда, 2018 жылы Қазақстан бойынша кем дегенде 12,1 миллион шаршы метр жаңа баспана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның тек 1,3 млн шаршы метріне немесе 22 мың пәтерге мемлекет қаржысы шығындалады. Осы пәтерлер әкімдіктерде үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлері, шенеуніктер және басқалар арасында тегін немесе несиеге үлестіріледі. Айталық, жалпы ауданы 184,5 мың шаршы метр болатын 3 мың 470 пәтерді әкімдіктер сатып алу құқығынсыз жалға береді. 560,8 мың шаршы метрлік 9 мың 793 пәтерді жергілікті атқарушы органдар ТҚЖБ арқылы кредитке ұсынады. 1 мың 542 пәтерді (80 мың шаршы метр) Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы сатып алу мүмкіндігімен жалға беріледі. 7 мың 282 пәтер (403,5 мың шар шы метр) «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ы баспанасы жоқ қазақстандықтарға сатады және жалға береді. 588 пәтер (34 мың шаршы метр) болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» кіретін «Байтерек девелопменттің» тұрғын үйлері. Министр жаңа тұрғын үй кешендері бойынша 9 айда қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі жөнінен Астана (1,8 млн), Алматы (1,3 млн) қалалары мен Маңғыстау облысы (910,5 мың шаршы метр) алда келе жатқанын жеткізді. Мәселен, елордада өткен жылы EXPO аумағында тұрғын нысандарының көптеп қолданысқа берілгені айтылды. Ал Қызылорда облысында 2017 жылы әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек девелопмент» тарапынан шамамен 80 тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл мемлекеттік инвестициялар есебінен жалпы алаңы 33,2 мың шаршы метрді құрайтын 42 көпқабатты тұрғын үйдің (532 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Жалпы, 2018 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 148,6 млрд теңге жұмсалуда. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі – 69,4 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысы өрістеген аудандарға инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға шығындалады. Оның ішінде 40,8 млрд теңгеге 500 шақырым инженерлік желі салынып болған. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктердің сатып алу мүмкіндігінсіз жалға беретін баспанасына – 26,9 млрд теңге, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларын несиелендіруге – 24 млрд теңге, Астанада апатты жағдайдағы көне үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаның міндеттемелерін өтеуге 20 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, 7,9 млрд теңге халықтың ипотекасын және жеке құрылыс компанияларының заемдарын субсидиялауға берілген. – Бөлінген қаржыны игеру қарқыны Маңғыстау, Ақмола облыстарында және Шымкент пен Астана қалаларында төмен. Биылғы 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылып отырғанын ескерсек, барлық әкімдік берілген қаржыны уақтылы игергені жөн! – деді Ж.Қасымбек.
Айта кету керек, бұрын әкімдіктер жер кезегінде тұрғандарға өз бетінше баспана тұрғызуы үшін тегін жер беретін. Соңғы жылдары мемлекет бұл тәжірибеден бас тартты. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты аясында жер телімдері бөлінуде, бірақ ол жерлерде әр әкімдік құрылыс компаниясын таңдап, сәулеті бір-біріне ұқсас жеке үйлерді салып шығады. Содан кейін не ТҚЖБ арқылы несиеге береді немесе үй кезегіндегі азаматтарға сатады. «Осы үшінші бағыт бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында биыл шамамен 40 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта шамамен 16,5 мың жер учаскесі берілді. Жеке үйлер салу үшін инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған жер учаскелерінің ең көбі Ақтөбе (15 392), Алматы (5 697), Қызылорда (4 772), Қарағанды (3 617) облыстарына тиесілі» деді Инвестициялар және даму министрі.
Қазақстанда тұрғын үй құрылысы екпінді түрде дамуда. Бұл азаматтардың баспаналық жағдайын жақсартуға, құрылыс қарқынын арттыруға, сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға септеседі. Тұрғын үй құрылысы мен қаржының игерілуі Үкіметтің тұрақты бақылауында болмақ. «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпхановтың мәліметінше, қазір «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» 1,2 миллион адам 568 млрд теңге жинағын жинақтаған. Алайда осы миллионан астам адамның ішінен жыл басынан бері тек 30 мыңы 274 млрд теңге сомасында жеңілдікті кредит ала алған. Ұзақ уақыт жинақтағанымен, азамат көп күткен несиесін алуы үшін біраз талапқа жауап беруі, банк шарттарын орындауы тиіс. Әйтпесе, несие берілмейді.
Оның үстіне тұрғын үй құрылысы жинақтарын одан ары ынталандыру үшін онлайн банкинг жүйесі және BASPANA жылжымайтын мүлік интернет порталы жұмыс істеуде. Мұнда барлық салымшылар, құрылыс салушылар және мемлекеттік органдар біріктірілген. Енді қазақстандықтардың «Нұрлы жер» бағдарламасының қызметтері бойынша онлайн кеңес алып, дайын болған және салынып жатқан нысандар, бір шаршы метрдің құны және банк өнімдері туралы ақпаратты білуге мүмкіндігі бар. Бүгінде портал арқылы тұрғындарға 80 млрд теңгеге 11 мың пәтер сатылған.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» қаражатының игерілмеуіне қатысты сын айтты. Бірқатар өңірде 9 ай қорытындысы бойынша игеру қарқыны төмендеген. Осыған орай облыстар әкімдеріне бөлінген қаражатты тиімді игеру және тұрғын үйді жоспарланған көлемде тапсыру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау міндеттелді. Екіншісі – құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникацияларды жеткізу мәселесі. Бұл көппәтерлі үйлерге де, жеке үй құрылысына да қатысты.
Астанада 2019 жылы 1825 пәтер сатылады
«Нұрлы жер» бағдарламасы 2016 жылдан бастап іске қосылды. Оған мемлекеттік бюджеттен 4 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Елордада «Нұрлы жер» аясында сатылатын және келер жылы құрылысы аяқталатын баспаналардың саны артқан. Орталық филиалдың директоры Жансұлтан Матаев Астанада биыл қолданысқа берілетін үйдің бағасы қолжетімді екенін айтты. «Қазіргі таңда банк 364 пәтерді пайдалануға беруге дайын. Оның ішінде 1 бөлмелі – 75,2 бөлмелі – 168,3 бөлмелі – 121 пәтер қолданысқа беріледі. Пәтердің 1 шаршы метрінің құны – 180 мың теңге. Бұл баға бас қаладағы баспананың орташа нарықтық бағасының екі есе төмен. Тұрғын үйдің бірінші қабатында балаларды дамыту орталығы, сауда және тамақтану орындары орналасқан. Пәтер сатып алу үшін Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің клиенті болып, депозитке үй бағасының 20 пайыз алғашқы жарнасын жинау немесе аудару қажет. Займның жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Баспана алуға өтініш бергендердің 50 пайызы – банк салымшылары, қалған 50 пайызы – қалалық әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Қазіргі есеп бойынша Тұрғынүй құрылысжинақ банкіндегі жинақ шоттарының орташа толтыру сомасы – 106 мың теңге. Тұрғындарға берілген займдардың орташа сомасы – 10 миллион теңге. Биыл жыл басынан бері елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен 26 мың азамат баспаналы болды. Оның 19 450-і пәтерді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңға жуығы «Нұрлы жер» аясында несие рәсімдеген. Қазір халық баспанаға қаражат жинап үйренді. Бізге қаражатын үнемдеп, баспанаға жуық арада қол жеткізуді мақсат еткен азаматтар келеді. Баспанаға қаражат жинауға табыстың аз-көптігі ықпал етпейді. Біздің салымшылардың 40 пайызының жалақысы 150 мың теңгеден төмен» деді Жансұлтан Матаев. 2019 жылы Астанада аталған мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 1825 пәтерді сату жоспарланып отыр.