Қалам қауіпті болған кез

Қалам қауіпті болған кез

Қалам қауіпті болған кез
ашық дереккөзі
278
Қарша бораған оққа кеудесін тосып, соғыс майданынан журналистикаға келген Әзілхан Нұршайықов: «Тілшінің тілі жұмсақ, қаламы қатты», – депті. Әсілі, сол қаламнан төгілер сия талайдың оң жамбасына жақпаса керек. Осы айдың басында Женеваның мемлекеттік емес «Press Emblem Campaign» сайты: «2018 жылдың қаңтар айынан бастап, әлемнің 36 елінде 106 БАҚ өкілі өлтірілді», – деп жазды. Женевалық әріптестер Түркиядағы Жамал Хажоггидің өлімін қоса есептеген. Жалпы, әлемдік БАҚ өкілдері мен саясат сахнасындағы саңлақтар Жамал Хажогги өлімінің дерегі мен себебін іздеп тыным таппауда. Неге? «Washington Post» басылымының сарапшысы Жамал Хажогги 2 қазанда Сауд Арабиясының Түркиядағы елшілігіне кіріп, қайта шықпаған. Елшілікке қалыңдығымен некеге тұру үшін бірқатар құжаттарды реттеу үшін барған. Белгілі бір себептермен ғимарат ішінде марқұмның «жесірі» Хадиша Шыңғыс (Хатиджа Дженгиз) кірмеген. Арада 5 сағат өткеннен кейін, консул басқа есіктен шығып, асығыс күйде Хажоггиді енді күтпесе де болатынын, оның кетіп қалғанын айтқан. Хадиша Шыңғыс мәселенің мән-жайын білмек ниетте полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Осылайша 60 жасын жаңа некемен атап өтпек болған журналист атаулы жасына 11 күн қалғанда өлім құшты. Оқиға орын алған күннен бастап түрік пен АҚШ басылымдары Хажоггидің өлімі ұйымдасқан, жоспарлы қылмыс деп жар салды. 19 қазанға дейін Эр-Рияд «Жамал Хажогги елшілікте болған «төбелес» салдарынан қаза тапты» деген ақпар таратып келді. Сауд Арабиясы араға 17 күн салып журналистің қасақана өлтірілгенін мойындады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да 23 қазан күні саудиялық журналистің өлімі қасақана, алдын-ала жоспарланғандығын мәлімдеді. Түрік басшысының сөзінше, Хажоггидің өлімінен бір күн бұрын Түркияға Сауд Арабиясынан үш топ адам келген. Олар елшілікті торып, Белград орманы мен Ялова провинциясына барған. Сондай-ақ, журналист өлтірілетін күні Эр-Риядтан келген арнайы мамандар Саудияның Түркиядағы елшілігіндегі бейнебақылау камераларын істен шығарып тастаған. CNN телеарнасы Саудия тыңшылары Хажоггише киініп, Станбұл көшелерін аралағаны туралы хабар таратты. Тіпті, бұны көшелердегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбалар дәлелдейді. Хажогги Сауд Арабиясы елшілігіне қою қара түстес пиджак, сұр жейде мен сұр шалбар киіп барған. Көшедегі бейнекамераларға түскен жазбада да дәл осындай киінген адам Станбұлдағы Көк мешіттің жанында жүрген. Бұл бейнежазба уақыты Хажогги елшілікке кіргеннен кейін 2 сағат өткенде түсірілген. Ал CNN аталған азаматты Станбұлға келген 15 саудиялықтың қатарында болған Мұстафа әл Мадани деп хабарлады. Сол секілді, Yeni Safak басылымы «қылмыскерлер тірідей хирургиялық арамен Хажоггидің денесін бөлшектеген» деген ақпар таратты. Sky News телеарнасы да Хажогги денесінің кей мүшелері Сауд Арабиясының Түркиядағы елшілігінің саябағынан табылғанын хабарлаған. Бұл ілікті әлемдік басылымдар іліп әкетті. Сөйтіп күн сайын 876 мың 638 данамен таралатын танымал The New York Times басылымы Хажоггиді қинап өлтіру әрекеті оның қолындағы «ақылды» сағатқа жазылып қалған деп жазды. Кейбір басылымдар «журналистің денесін бөлшектеуді саудиялық сот сараптамашысы Салах Мұхаммед әл-Тубаиги жүзеге асырған» деді. Бірақ ешбір ақпаратты растайтын дәлел табылмады.

Жамал Хажоггидің не кінәсі бар?

Хажогги 30 жылдан астам уақыт бойы журналистика саласында жүрді. Өз мансабын әскери тілші ретінде Ауғанстандағы кеңес соғысына қатысты ақпарат таратудан бастаған. Осы жерден Усама бен-Ладенмен танысады. Бір қызығы, ол 90-жылдары сауд королі әулетіне жақын жандардың бірі болды. Үлкен атасы Мұхаммед Хажогги Сауд Арабиясының негізін қалаушы және алғашқы каролі Абдул-Азиз ибн Абдуррахман Аль Саудтың жеке дәрігері ретінде белгілі. Онан кейін екі әулет арасында байланыс үзілмеген. Жамал Хажогги британиялық ханшайым Диананың сүйіктісі болған әрі онымен бірге жол апатында қаза тапқан Доди әл-Файедтің немере бөлесі. Журналистің немере ағасы Андана Хажогги де Сауд Арабиясында беделді кәсіпкерлер қатарында болды. 1980 жылдардың басында байлығы 4 миллиард АҚШ долларына бағаланып, жер бетіндегі ең бай адамдардың қатарына кірген. Ағасының ықпалы бар-жоғы белгісіз Жамалға 2016 жылы Саудия билігі өткір сыны үшін журналистикамен айналысуға тек қана тыйым салды. 2017 жылы Андана Хажогги қайтыс болғаннан кейін, Жамалға қысым көрсетушілер көбейе бастаған. Ол сонан кейін Америкаға көшуге мәжбүр болды дейді кей сарапшылар. «Washington Post» басылымында салмақты сынымен көзге түскен Жамал Сауд Арабиясы билігін, атап айтқанда ханзада Мұхаммед бен-Салманды сынаған. Тек Саудияны ғана емес, сонымен қатар көршілес араб елдеріне қатысты да сыни пікірлерін ашық білдіріп отырған. Мәселен, журналистің соңғы шыққан мақалаларының бірінде араб елдерінде тұратындардың өз өмірлеріне қатысты кез келген жағдайды ашық бағалап, түйін жасай алмайтындарын, мемлекеттік БАҚ халықтың санасын улап біткендігін айтқан. Бірақ журналистің өлгені туралы хабар тарағаннан кейін, оның ұлы мен ағасын Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз әл Сауд пен Корольдіктің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман қабылдады. Жеке кездесу барысында король қаза тапқан журналистің отбасы мүшелеріне қайғыға ортақ екенін жеткізді. Онан басқа ешбір мәліметті ресми Эр-Рияд таратпай отыр.

Сөз бостандығы қауіпті болғаны ма?

«Журналистика – жол-жөнекей жазылатын әдебиет» деген тәмсіл тауып айтылса керек. Хажогги де өз қызмет жолын Ауғанстанда бастағанын айттық. Өмірінің соңғы жылында Америкаға қоныс аударып, Сауд Арабия билігін қатаң сынға алып жүрді. Бірақ 2016 жылы Жамал АҚШ президенті Дональд Трампты да сынға алғаны бар-ды. Сонан кейін Трамптың «тыныш» қалғаны қызықты жайт. Әйтеуір, өлім хабары жетісімен Трамп Ердоғанға телефон шалып, «істің мән-жайын толық ашу қажет» деді. Ақ үй басшысы Сауд Арабиясының Хажогги өліміне қатысты берген мәлімдемесіне «аңыз тарихындағы ең нашары» деп баға берді. «Олардың бастапқыда-ақ жоспарлары қара ниетті болған, әрі жоспарды нашар орындаған, бұл аңыз  аңыздардың ішіндегі ең нашары», – деген сарказмға толы пікір білдірді. Егер Хажогги өліміне Эр-Риядтың тікелей қатысы бары расталса, Саудияны қатаң жазалаймын деген Трамп әзірге үнсіз. Бірақ Сауд Арабиясымен қару-жарақ мәмілесін бұзуға ниетті емес екенін, оларға қару-жарақты жеткізуді қамтамасыз ететін америкалықтарды жұмыссыз қалдырғысы келмейтіндігін айтып қалды. Хашоггидің өлімі дипломатиялық жанжалды туғызды. Журналист жоғалып кеткен соң Еуропа Одағы мен АҚШ Сауд Арабиясына қарсы санкциялар салу мүмкіндіктерін қарастырды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео саудиялықтардың визасын жоюға дейін баратынын айтты. Кейін белгілі болғандай бұл шектеу журналистің өліміне қатысы бар деп ұсталған Сауд Арабиясының азаматтарына қатысты екен. Олардың қатарында Сауд Арабиясының Түркиядағы елшісі қызметін атқарып келген Мұхаммед әл-Утайби болуы да ықтимал дейді түрік басылымдары. Не де болса, әліптің артын бағу керек. P.S: Сөз басында 2018 жылы 106 журналист қаза тапқанын айттық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Ресми деректер 2017 жылы 55 журналистің өлімі тіркелген дейді. 2016 жылы сол кездегі БҰҰ басшысы Пан Ги Мун «соңғы 10 жылда 700-ге тарта журналист белгісіз себептермен қаза тапқан. Олардың небәрі 7 пайызының ғана өлім себебі анықталған», – деген болатын. Сонда жер бетінде сөз бостандығы дейтін нәрсенің жеке адамның өміріне қауіпті болғаны ма?  

Серіктес жаңалықтары