377
БІЛІМ БЕРУ АРҚЫЛЫ КӨП ТҮЙІТКІЛДІҢ АЛДЫН АЛУ
БІЛІМ БЕРУ АРҚЫЛЫ КӨП ТҮЙІТКІЛДІҢ АЛДЫН АЛУ
Жуырда Алматы қаласында білім беру арқылы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын-алу бойынша аймақтық семинар өтті.
ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы Кластерлік Бюросы мен ЮНЕСКО Штаб-пәтерінің БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесе өткен шара біршама мәселені қамтыды. Қоғамдағы көп түйіткілдің мәнін іздеп, оның түйінін шешу үшін атқарылатын жұмыстар айтылды. Сонымен қатар, өз ісінің мамандары бір-бірімен тәжірибе алмаса отырып, «Жаһан азаматтығы рухына білім беру: құқықтық мәдениетті тәрбиелеу» контекстін жан-жақты талқылады. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты ‒ ЮНЕСКО-ның білім беру шараларын күшейту және зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын-алу тәсілдерін тиімді және тиісті түрде қамтамасыз ету.
«Бүгінде көптеген елдер діни, этностық немесе саяси себептерге негізделген зорлық-зомбылық экстремизмнің сын-қатерлеріне тап болып отыр. Бұл ретте Орталық Азия елдері де шетте қалмайды. Сондықтан өңірдегі зорлық-зомбылық экстремизмнің себептерін түсінуді жақсарту маңызды. Осы мәселені талқылау бойынша бірқатар кеңестер өткізілді, онда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу саласында "жұмсақ тәсілдің" және ағартудың маңызды рөл атқаратыны әрдайым мойындалды. Сондықтан да, мүдделі тараптардың басын қосу арқылы осы семинарды өткізудің маңызы зор болды, білім берудің зорлық-зомбылық зкстремизміне қарсы күш тудыратындығын талдауды мақсат еттік», ‒ дейді Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат.
Семинарға қатысушылар Орталық Азия аймағындағы зорлық-зомбылық экстремизмі мәселелерін, сондай-ақ, білім беру арқылы оның алдын алуға болатын жаңа құралдар мен инновациялық тәсілдерді талқылады. «Құқық үстемдігі принципін қолдаудағы жаһан азаматтығы рухында білім беру» тақырыбын негізге ала отырып, зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу бойынша одан әрі іс-қимыл жоспарын жасау үшін ортақ пікірталас болды.
Қазақстандағы білім беру саласы бойынша ЮНЕСКО ұйымының сарапшысы Сәуле Жанатқызы: «Бүгінгі шара Дүниежүзілік радикализм, экстремизм мәселелерін ортаға салғанымен де ерекше маңызға ие. Біз шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, еліміздегі осы мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Білім беру арқылы өскелең ұрпақтың бойына, рухани-ұлттық құндылықтарымызды сіңіруіміз керек», ‒ деді.